Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру жүйесі әртараптана бастады. Әсіресе, жоғары білім елдің ғылыми әлеуетінің дамуының һәм адами капитал сапасының халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі тірегіне айналды десек, артық айтқанымыз емес. Қазақстан жағдайында аталған үрдіс айқын байқалады. Мемлекет білім сапасын жан-жақты арттырып, стратегиялық басымдықтардың қатарына енгізіп, төрт жылдық бакалавриатты бітірумен қоймай, ары қарай да білімін жетілдіргісі келетіндерге ерекше көңіл бөліп отыр.
ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ МАҢЫЗЫ МЕН РӨЛІ
Қазіргі заманның басты сипаттарының бірі – білімнің құндылықпен қатар, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуындағы шешуші факторға айналуы. XXI ғасырда ғылым мен технологияның үздіксіз дамуы қоғамды сапалы кадрларсыз елестету мүмкін еместігін көрсетті. Әсіресе, жоғары білімнің ең жоғарғы сатылары саналатын магистратура мен докторантура бүгінде тек кәсіби білім беріп ғана қоймай, ұлттық инновациялық жүйені жетілдіретін, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізетін және жаңа буын зерттеушілерді қалыптастыратын институттарға айналды. Осы тұрғыда UNESCO деректеріне сәйкес, соңғы жиырма жылда әлем бойынша магистратура мен докторлық бағдарламаларға қабылданғандардың саны екі еседен артып, бүгінде 14 миллионнан асқан. Бұл көрсеткіштердің өзі-ақ жаһандық деңгейде ғылыми-зерттеу әлеуетіне деген сұраныстың қаншалықты артқанын айғақтайды.
Ал Қазақстан жағдайына тоқталсақ, ел тәуелсіздігінен кейінгі кезеңде жоғары білім жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Атап айтсақ, 2010 жылдан бастап Қазақстан Болон процесінің толық мүшесі ретінде еуропалық білім кеңістігіне кірді, нәтижесінде үш деңгейлі жүйе (бакалавриат – магистратура – докторантура) жүйесі орнықты. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024-2025 оқу жылында жоғары оқу орындарында шамамен 680 мың студент оқыса, соның 39 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада білім алуда. Бұл елдің жалпы білім алушы жастар санының аз бөлігі болып көрінуі мүмкін. Алайда, осындай азғантай цифрдің өзінің ғылым мен кәсіби салаға ықпалы айрықша. Себебі дәл осы буын ғылыми мақалалар жариялап, патенттерге өтініш беріп, халықаралық конференцияларда ел атынан ғылыми идеяларды қорғайды. Мәселен, 2023 жылы Қазақстандық жас ғалымдар халықаралық ғылыми журналдарда 9 мыңнан астам мақала жариялап, олардың ішінде ең жоғары импакт-факторлы басылымдардағы үлесі 30 пайызға жеткен. Мұның бәрі магистранттар мен докторанттардың ғылыми белсенділігімен тығыз байланысты.
Әлемдік тәжірибеде магистратураны еңбек нарығына тез бейімделетін, аналитикалық ойлауды дамытатын кезең деп қарастырса, докторантура – ғылымға тікелей жол ашатын басты баспалдақ. Қазақстан үшін бұл бағытта әлеует зор: магистратура бітірушілер мемлекеттік басқару, қаржы, бизнес және инженерия салаларына жоғары деңгейдегі маман болып қосылады, ал PhD докторлары ғылыми-зерттеу институттарында, университеттерде, халықаралық ұйымдарда өз орнын табуда. Бұл, бір жағынан, елдің адами капиталын сапалы түрде арттыруға ықпал етсе, екінші жағынан, Қазақстанды Орталық Азиядағы ғылыми хабқа айналдыруға негіз болады.
БАКАЛАВАРДАН КЕЙІНГІ БІЛІМНІҢ БЕРЕРІ
Қазақстанда ғылымға бет бұрған жастар үшін бұрын-соңды болмаған деңгейде мүмкіндік бар. Әңгіме тек оқу орындары ұсынатын біліммен шектелмейді, мемлекеттен бастап, халықаралық ұйымдарға дейін әр студентке ғылым мен тәжірибеде өзін дәлелдеуге жол ашылып отыр.
Базадан бастайық. Ең алдымен, мемлекет жыл сайын магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарын бөліп келеді. Бұл – қаржылай қолдаудың ең қолжетімді әрі тиімді түрі. Грант иегері болған жағдайда оқу ақысы толығымен өтеледі, ал шәкіртақы қосымша демеу береді. Осы арқылы көптеген жас зерттеуші әлеуметтік жағдайына алаңдамай, тек ғылымға ден қою мүмкіндігіне ие.
Одан бөлек, қазақстандықтардың мақтанышына айналған «Болашақ» халықаралық стипендиясы бар. Бұл бағдарлама елдің мыңдаған жас ғалымын әлемнің үздік университеттеріне алып барып, білімін шыңдауға мүмкіндік берді. Шетелде оқығысы келген магистранттар мен PhD талапкерлері үшін бұл бағдарлама – нағыз бастама. Бүгінде «Болашақтың» алғашқы түлектері билікте қызмет етіп, сондай-ақ еліміздің ғылыми сферасына елеулі үлес қосуда.
Ішкі ресурстарға келсек, Назарбаев Университеті, ҚазҰУ, Сәтбаев университеті секілді ірі оқу орындары өздерінің толық және жартылай стипендияларын, зерттеу гранттарын ұсынады. Көп жағдайда студент қабылданған сәтте-ақ стипендияға үміткер бола алады. Бұл – оқу орнының ғылымға деген нақты инвестициясы.
Ал халықаралық алмасулардың ішінде ең танымалдарының бірі – Erasmus+ және Erasmus Mundus бағдарламалары. Қазақстандық магистранттар мен докторанттар 3 айдан бір жылға дейін шетелдік серіктес университеттерде оқып, тәжірибе жинайды. Мұндай тәжірибе академиялық шекарадан шығып, басқа мәдениет пен ғылыми дәстүрді көруге мүмкіндік береді.
Жас ғалымдардың әлеуетін арттыруда Ғылым комитеті мен Ғылым қорының гранттары ерекше орын алады. Зерттеу жобаларына қатысқан магистранттар мен докторанттар өзінің идеяларын жүзеге асырып ғана қоймай, ғылыми ортада өз орнын табуға мүмкіндік алады. Кейде бұл жобалар бизнеске бағытталып, нәтижесі нарыққа да жол табады.
Сонымен қатар, ірі өндірістік компаниялар мен университеттердің бірлескен индустриялық тағылымдамалары жас зерттеушілерді нақты өндірістік ортаға бейімдейді. Жас ғалымның лабораториядағы еңбегі осылайша нақты кәсіпорынға пайда әкеледі, ал студент үшін бұл – болашақ мансапқа дайындықтың таптырмас үлгісі.
Халықаралық деңгейдегі тағы бір жол – қос дипломдық бағдарламалар. Екі университеттің дипломын қатар алу – бәсекеге қабілеттілікті арттырудың сенімді тәсілі. Бұл қазақстандық түлектердің еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие болуына жол ашады.
Соңғы жылдары магистранттар мен докторанттарға төленетін шәкіртақы көлемінің өсуі де айрықша көңіл қуантарлық. Атап айтқанда, 2024 жылы магистратурада білім алушылар 107 мың теңге шәкіртақы алса, докторантурада білімін жетілдірушілер 240 мың теңгеге жуық шәкіртақы алады. Бұл жастардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетіп, ғылымды таңдауға ынталандырады.
Осы тұрғыда ЕҰУ-дың Журналистика және әлеуметтік ғылым БББ-ның магистратурасында білім алып жатқан Карима Жұмағалидің пікірін сұраған едік. Ол магистратурада оқып жүріп, теориямен қатар практикалық тұрғыда біраз нәрсе үйреніп жатқанын айтады.
– Мен үшін магистратура – тек білімді тереңдету ғана емес, сонымен қатар кәсіби және ғылыми тұрғыда жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең. Сол себепті де бакалаврды бітіріп, магистратураның гранттық конкурсына қатысып, бағымды сынап көруге бекіндім. Қажетті баллды жинап, ЕҰУ-дің Журналистика мамандығына грантқа түстім. Магистратурада білім алудың біршама плюсі бар.
Біріншіден, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, өзіңді қызықтыратын тақырыптарды терең зерттеуге мүмкіндік бар. Екіншіден, оқытушылармен және ғылыми жетекшілермен тікелей байланыс орнатып, тәжірибелі мамандардан үйренесің. Үшіншіден, шетелдік әдебиеттер мен деректерге қол жеткізу, академиялық мобильділік бағдарламаларына қатысу – үлкен артықшылық.
Әрине, оқу барысында жауапкершілік те артады. Себебі магистратура студентінен тек теориялық білім емес, сонымен бірге сыни ойлау, ғылыми ізденіс пен практикалық ұсыныс жасау талап етіледі. Бірақ соның арқасында сен өз саланың нағыз маманы ретінде қалыптасасың.
Қазірдің өзінде оқумен қатар мамандық бойынша жұмысты да атқарып жүрмін. Дәлірек айтқанда, ҚР Президентінің телерадио кешенінде жұмыс істеймін. Қысқасы, магистратурада алған білімді ақпараттық мониторингте пайдаланудамын. Телерадиокешендегі жұмысым мансабыммен қатар, алдағы ғылыми зерттеу жұмысыма да көмектеседі.
Қысқасы, магистратура – оқу, сондай-ақ болашаққа салынған инвестиция деп айтар едім, — дейді ол өз кезегінде.
Ақырында, ғылыми ортада қалыптасу үшін аса маңызды құрал – журналдарға жариялану, халықаралық конференцияларға қатысу, академиялық жазу курстары. Университеттер мен қорлар осы бағытта да жүйелі қолдау көрсетіп келеді.
ТҮЙТКІЛДЕР ДЕ ЖОҚ ЕМЕС…
Әрине, жоғары білімнің ең жоғарғы сатысына жетудің жолы әрдайым тегіс емес. Қағазда бәрі мінсіз көрінгенімен, магистрант пен докторанттың шынайы өмірде кездесетін қиындықтары аз емес. Ең алдымен, оқудың ауыртпалығы. Магистратураны таңдаған студенттің алдында ғылыми зерттеу, практикалық сабақ, кейде жұмыс пен отбасын қатар алып жүру міндеті тұрады. Ал докторанттардың жүктемесі бұдан да күрделі: ғылыми мақалалар жариялау, халықаралық конференцияға қатысу, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеру секілді талаптар бар. Мұның бәрі кей жастарды оқуын аяқтамай, жарты жолда қалдыруға мәжбүрлейді.
Екінші мәселе – жұмысқа орналасу қиындығы. Қағида бойынша, магистрант немесе PhD дәрежесін алған жас маман еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек. Алайда іс жүзінде жағдай әрқашан олай бола бермейді. Мәселен, педагогикалық бағыттағы түлектер ауыл-аймақтағы мектептерге барудан қашқақтап, ал қалада орын таппай жатады. Жоғары жалақысы бар университетке жұмысқа тұру үшін тек диплом жеткіліксіз, ғылыми атақ пен тәжірибе талап етіледі.
Жақында әлемжеліде педагог конкурсына қатысып жатқандар арасында осы мәселе көптеп айтылды. Кейбірі қарапайым ауылдың өзінен жұмыс табудың қиындығын айтады. TikTok желісінің қолданушысының айтуынша, бүгінде педагогика саласында жемқорлық өршіп тұр. Тестілеуден максималды балл жинап, бакалавр мен магистратураны қызыл дипломмен, мықты GPA көрсеткішімен аяқтаған ол қанша мектептің табалдырығын тоздырса да, жұмыс таба алмағанын айтады. Айтуынша, мектептердің көпшілігі конкурсты жайдан-жай хабарлап, нақты есеп бермейді. Және де кемінде «сарапшылықты» сұрайтын көрінеді. Сондай-ақ, кейбірінің резюмесін қарамайды да екен. Соның кесірінен қаншама білікті маман жұмыссыз қалуға немесе магистр атағы болса да басқа салада нан табуға мәжбүр.
Медицина саласында да ұқсас түйткілдер бар. Мамандықтың жауапкершілігі жоғары болғанымен, жас дәрігерлердің еңбек ақысы көп жағдайда оқуға кеткен шығынды ақтамайды. Қалалық ірі ауруханаларға орналасу үшін қосымша тәжірибе керек, ал ауылдық аймақтардағы ауруханаларға мамандар жетіспейді. Яғни теңгерімсіздік айқын байқалады.
Оған қоса, ғылым жолын таңдағандардың болашағының тұрақсыздығы да ойландырады. Көптеген докторанттар зерттеуін бітірген соң шетелге кетуді жөн көреді, өйткені онда ғылыми орта мен қаржыландыру деңгейі жоғары. Бұл – ел үшін «ақыл-ой ағымының» сыртқа кетуіне алып келетін үлкен қауіп.
Магистратурада білім алудың қиын тұстарын ҚБТУ-да Менеджмент және басқару бағытында білім алған Сәуле Ізтұрған айтып берді.
– Магистратураның қиын тұстары ретінде ең бірінші уақыт тапшылығын айтуға болады. Жұмыс пен жеке өмірді, оқуды бірге алып жүру үлкен адаптацияны талап етеді. Сабаққа дайындалу, яғни, зерттеулер жүргізу, анализ жасау, мақала жазу және басқа да жұмыстарға тек уақыт емес, үлкен көңіл де бөлу керек. Онымен қоса, бірінші курстың соңынан бастап диссертациялық жұмысты бастап кету қажет. Ал ол үшін ғылымға деген үлкен қызығушылығың мен көп әдебиеттерді оқуға талпынысың болуы керек. Әйтпесе ұзаққа бармайсың.
Екінші қиындық ретінде жаңа ортаны атап өтер едім. Магистратура келесі жоғары оқу болғандықтан, бұл дәрежеге студенттер әртүрлі жаста келеді. Кейбірі енді бакалавр бітіріп түссе, ал енді біреулері он жылдан кейін оқуды жалғастыруды ойлауы мүмкін. Соның әсерінен бірге оқитын курстастарың әртүрлі жаста болады. Топ ретінде жұмыс істегенде қиындық тудыруы мүмкін.
Магистратура нағыз ғылымға қызығатын адамдар үшін деп ойлаймын. Бұл жердегі сенің қаншалықты қызығушылық танытатының бүкіл оқу процессіне қатты әсер етеді.
Осы түйткілдердің барлығы жастардың ғылымға деген құлшынысын төмендетуі мүмкін. Дегенмен, мәселені жоққа шығару емес, мойындап, шешу жолдарын іздеу маңызды. Мәселен, оқу кезінде әлеуметтік қолдауды күшейту, түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған нақты бағдарламалар жасау, медицина мен педагогика мамандары үшін өңірлік ынталандыру пакеттерін енгізу – уақыт күттірмейтін қадамдардың бірі.
ТҮЙІН. Жоғары білімнің адамға көмегі орасан зор. Ғылым қуып, ізденіс жасаймын деушілерге берілетін мүмкіндіктер сан алуан. Алайда, мәселе – бұл жолды таңдаушыларда. Қазіргі сәтте магистратура мен доктокантураға әскерден қашу үшін немесе мемлекеттік гранттың талабын орындамау үшін түсушілердің қарасы қалыңдады. Әрине, олардың арасында кенеттен өзі таңдаған салаға құлшынысы оянғандардың болуы заңдылық. Бірақ, екінші жағын алып қарасақ, амалдың жоқтығынан оқып жүргендер де жоқ емес. Сол себепті аталған мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, тек атақ пен басқа мүддеден жалтару үшін емес, қызмет шенінің жоғарылауы, кейінгі жастарға із қалдырып, ғылымға септігін тигізуді мақсат ету үшін оқу қажет секілді.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!