Ұлттық құрылтайда сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамытудың стратегиялық маңызына тоқталып, теміржол, әуе қатынасы және транзиттік әлеуетті күшейтуге қатысты бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
Президенттің айтуынша, автомобиль жолдарымен қатар теміржол инфрақұрылымын кеңейту мен нығайту елдің көлік байланысын күшейту үшін аса маңызды.
— Автомобиль трассаларымен қатар теміржол инфрақұрылымын кеңейту және нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Былтыр «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолмен қозғалыстың іске қосылуы, сондай-ақ Алматыны айналып өтетін теміржол желісінің құрылысының аяқталуы еліміздің транзиттік мәртебесін едәуір нығайтты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл бірқатар жаңа теміржол желілерінің салынатынын және қолданыстағы бағыттардың жаңғыртылатынын айтты.
— Биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері салынады, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» учаскелері жаңғыртылады, — деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әуе қатынасының дамуы Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа халықаралық рейстер ашу тек экономикалық емес, елдің ашық қоғам ретіндегі мәртебесін айқындайтын фактор.
— Жаңа халықаралық әуе рейстерін ашу қажет. Бұл тек экономика мәселесі емес, бұл — азаматтары әлем бойынша еркін жүріп-тұра алатын ашық қоғам ретіндегі мемлекетіміздің мәртебесіне қатысты мәселе. Біздің аумақ арқылы оннан астам халықаралық бағыт өтеді. Бұл — ынталандыруды қажет ететін оң үрдіс. Дәл қазір Қазақстан өзін халықаралық транзиттік-көлік торабы ретінде жариялауы тиіс, — деді Мемлекет басшысы.
Президент логистика саласында жүйелі жұмыс пен нақты стратегиясыз жаһандық картада лайықты орын алу мүмкін емес екенін қадап айтты.
— Жаһандық логистика картасында лайықты орын алу үшін жүйелі күш-жігер мен нақты әрекет стратегиясы қажет. Үкімет алдына авиация саласында, әсіресе жүк авиациясы бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу міндеті қойылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әлі күнге дейін Еуразиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналмағанын өткір сынға алды.
— Еліміздің осы уақытқа дейін әуе жүк тасымалы бойынша еуразиялық хабқа айналмауы — менің ойымша, кешірілмейтін олқылық, ашығын айтқанда, абсурд, — деді Президент.
Ол мемлекеттік жүк әуе компаниясын құруға қатысты қабылданған басқарушылық шешімге де тоқталды.
— Мемлекеттік жүк әуе компаниясын құру жөнінде Үкімет дұрыс басқарушылық шешім қабылдамады. Бұл міндет не себепті теміржол компаниясы — «Қазақстан темір жолына» жүктелгені түсініксіз. Егер тапсырманы орындауға қауқар жоқ болса, бұл мәселені жеке құрылымдарға беру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әуе жанармайының қымбаттығы негізгі кедергі болып отырғанын айтты.
— Жуырдағы кеңейтілген кеңесте негізгі түйткіл — әуе отынының бағасы екені анықталды. Ол көршілес елдердің әуежайларымен салыстырғанда тым жоғары, бәсекеге қабілетсіз. Мұнай өндіретін елдің мұнай өндірмейтін мемлекеттерден авиакеросин бағасы бойынша ұтылуы — бұл абсурд емес пе?!, — деді Президент.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!