Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде бір жыл ішінде 10 сатыға жоғарылап, 33-орынға тұрақтады. Былтыр ел бұл тізімде 43-орында болған. Бұл туралы БҰҰ құрылымдары жариялайтын World Happiness Report баяндамасына сілтеме жасаған Tengri Life хабарлады.
Осылайша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткішке ие болды. Рейтингте Қазақстаннан кейін Өзбекстан 53-орында, Қырғызстан 66-орында, Молдова 77-орында, Ресей 79-орында, Тәжікстан 88-орында, Армения 89-орында, ал Әзербайжан 102-орында тұр. Украина 111-орынға жайғасқан.
Әлемдегі ең бақытты ел мәртебесі биыл да Финляндияға бұйырған. Одан кейін Исландия, Дания, Коста-Рика және Швеция орналасқан. Ал әлемдегі ең бақытсыз ел ретінде Ауғанстан аталған.
Аталған рейтинг жыл сайын 20 наурыз – Халықаралық бақыт күні қарсаңында жарияланады. Зерттеу Оксфорд университетінің әл-ауқат жөніндегі зерттеу орталығы, Gallup институты және БҰҰ серіктестігі негізінде дайындалады. Онда адамдардың өмір сапасына қанағаттану деңгейі, жан басына шаққандағы ЖІӨ, еркіндік деңгейі, жемқорлықты қабылдау көрсеткіші және өмір сүру ұзақтығы секілді факторлар ескеріледі.
Фото © Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!