Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалының  қайсар  қызы

16.12.2025, 6:00 44

HALYQLINE.KZ

Желтоқсан көтерілісіне – 39 жыл

Нұрмұқан мен Нұрсұлу ауыл шаруашылығында жұмыс істегендіктен, негізгі мектепті аудан орталығынан қашықтағы Шакен ауылында, 9-10-сыныптарды аудан орталығы Жаңа-Қазалы поселкесіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №421 мектепте оқыды.

Нұрсұлу Қазалы станциясындағы теміржолға қарасты №420 (70) мектепте оқыған, бұл мектепті соғыс алдында КСРО Халық артисі Роза Бағланова бітіргені белгілі. Кейін атақты әнші өзі оқыған мектепке кездесуге келгенде оқушылар шағын концерт қойып бергенде, Нұрсұлудың ерекше дауысына риза болып, «Ах, Самара-городокты» қосылып айтып, «өнеріңді тастама» деп батасын берген-ді.

Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде Ленин атындағы теміржолшылар клубында концерттерде ән айтып жүреді. Мектеп бітірген соң Алматыдағы консерваторияға түспекші болады. Алайда, күйеуі Нұрмұқаның Түйешібай, Айдарлы, Нұлыбек, Нұрлыда, Қасқырбек есімді ағалары болған. Айдарлы ағасы аудандық ауруханада шаруашылық меңгерушісі, беделі өте зор болған. Осы Айдарлы ағасы інісі Нұрмұқанға Нұрсұлуды мектеп бітіру бойына құда түсіп алып берген. Осылайша әнші боламын деген арманы орындалмай қалғанымен, Нұрсұлу қызы Төлебике мектеп бітірген соң «қызым, мен кезінде оқи алмадым, сен оқуға түсіп, оқы» деп, 1985 жылы мектепті бітіру бойына Алматы қаласындағы республикалық медициналық училищеге оқуға түсті.

1986 жылы желтоқсан айында 2-курста еңбек тәжірибиесінде жүргенде, желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті. 16 желтоқсанда ауруханада науқастың жарасын таңып жатқанда, дәрігерлерден орталық алаңда жастар толқуы болып жатқандығын естіді. Жұмыстан Коккинаки көшесіндегі №43 үйдегі пәтеріне қайтып бара жатып, автобус терезесінен алаңға қарай бет алып бара жатқан жастарды көрді. Пәтеріне келсе, ЖенПИ-дің екі қызы пәтердегі қыздармен плакатқа «Әр ұлттың өзкөсемі болуы керек», «Лениннің ұлт саясаты бұрмаланбасын», т.б. ұрандарды жазып жатыр екен.

Келесі күні, 17 желтоқсанда тағы да практикасына шығып кетті, қайтып келе жатса, бұрынғы КазПИ-дің бір топ студенті Абай көшесімен жоғары Брежнев атындағы алаңға қарай қолдарында плакат ұрандары бар, әндетіп кетіп бара жатыр екен. Арасында бірнеше студент «Қарындас, бізбен бірге жүріңіз» дегеніне қарамай пәтеріне келді. Пәтерге келсе, қыздар киініп, алаңға шыққалы жатыр екен. Төлебике де киімдерін ауыстырып, аяқкиім табанына мұздақта тайғанамау үшін медициналық лейкопластрь жабыстырып алып, кешкі сағат 17:00-ге таман алаңға қарай асығыс жүріп кетеді. Жол бойындағы ағаштарға жазған үгіт қағаздарын жабыстырып, алаңға да жетеді.

Алаңда өзімен бірге оқитын курстастары Айгүл Дюсова мен Бибінұр Дюсованы, Жанар Қуанышева, т.б. шыққан екен. Қараңғы түскен соң солдаттар бұларды қоршай бастады. Олар алаңдағы жастарды жаппай ұрып соға бастағанда жігіттер жағы қыздарды құтқару үшін қоршауды бұзып, қыздарға қашып шығуға жағдай жасайды. Ққашып бара жатқанда жетіп алып ұрып-соғып, бірінің үстіне бірі құлап жатты. Төлебике сол жақ жамбасымен құлағанда, ет қызуымен байқамаған екен, пәтеріне жетіп жығылғанда байқады, жарақатының ауыр болғаны соншалықты екі күн төсек тартып жатып қалды. Өзі медбике болғасын ем-домын жасап, дәрігерге көрінген жоқ. Көрінген жағдайда милиция тергеуге алатынын білді.

Төлебике 1987 жылы медучилищені бітірген соң еңбек жолын жолдамамен №6 ауруханада медбике болып бастады. Алматы қаласы астана болғанымен, орыс тіліүстемдік құрып тұрғандықтан, Төлебикені «Тамара» деп атап кетті. 1990 жылы Урология институтында медбике болса, 1991 жылдан бастап Алмалы аудандық бастапқы медициналық көмек көрсету орталығының гастроэнтрология бөлімінде қызмет істеді. Қазіргі уақытта №6 емханада қызмет етеді. Ұзақ жылғы қызметінде қалалық және республикалық деңгейдегі алған марапаттары да жетіп артылады.

Төлебике – желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарман болумен қатар тағдыр тауқыметін тайсалмай көтере білген нәзік жанды қайсар жан. Анасы қайтыс болып, ел нарық заманына өтіп, тоқсаныншы жылдары күнкөріс қиындаған соң, бауырларын Алматыға қасына әкеліп, қала тіршілігіне бейімдеді.

Қазір, Құдайға шүкір, әрқайсысының отбасы мен тұратын үйлері бар. Осы бауырлары өзі сияқты пәтер жалдап, баспана тауқыметін тартпасын деп, түнде Алмалы аудандық бастапқы медициналық көмек көрсету орталығында медбике, күндіз аула сыпырушы болып жұмыс істеді. Өзіне берілген жер телімін бауырларының атына жаздырып, барлық бауырын үйлендіремін деп жүріп, жасының 35-ке келген білмей қалды. Ссол 35 жасында тұрмыс құрды. Күйеуі Холаяқ Аменхан 1962 жылғы, зейнеткер. Төлебике 2005 жылы 37 жасында дүниеге келген ұлының есімін Нұрмұхамет деп қойды, одан кейін тағы да сәбиді ойлағанымен, жағдай болмады. Пәтерге қолымыз жетсе көрерміз деген арманға жете алмады. Құжатын құшақтап, қақпаған есігі қалмады, ешқандай нәтиже болмады. Тәуелсіздік бастау алған желтоқсан көтерілісіне қатысушы ғой деп бюрократ билік селт еткен жоқ.

Қазіргі емханалардың ШЖҚ дегені бар ғой, яғни өздерін өзі қамтамасыз етеді деген, сондықтан медицина қызметкерлерін кезекке қоймайды.

Төлебике Нұрмұқанқызының Алматыға келгеніне осы жылы 40 жыл болыпты. Қырық жыл бойы пәтер жалдап тұрып жатса да, еш жасымай, қайсар мінезінің арқасында мойымай жүріп жатыр. Оның үстіне күйеуі Холаяқ та өзіне ұқсаған тағдырлас, Аменханның аталары да кеңес үкіметінен қуғын-сүргінді көп көргендіктен Қытай асқан, ол жақта да қысым көргендіктен, Моңғолияға кеткен. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға көшіп келген. Бар үміті – студент ұлы Нұрмұхаметте. «Анашым, Желтоқсан көтерілңсінің 40 жылына орай пәтер алып беремін» деп еңбек етіп жүр. Алла сол күнге жеткізіп, келін түсіру бақытына жетсін деп іштей мен де қуанып қалдым.

(Суретте Төлебике 1986 мен 2025 жылы).

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  мен  Халықаралық  Журналистер  одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: