Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылықтар Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті

22.03.2026, 21:25 38

HALYQLINE.KZ

Көктемнің шуақты мерекесі – әз Наурызды қазалылықтар ерекше көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Табиғат түлеп, тіршілік жандана түскен шақта аудан орталығындағы алаң мерекелік кейіпке еніп, береке мен бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Аудан орталығында өткен мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп және аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сынды зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары арнайы қатысып, Қазалы жұртшылығын мерекемен құттықтады. Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы қазалылықтарға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың мерекелік құттықтауын жеткізіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен өңірде атқарылып жатқан игі жұмыстар жайында сөз қозғады.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде Наурыз мерекесі «Наурызнама» тұжырымдамасы негізінде әрбір атаулы күн аясында кең көлемде аталып өтілуде. Биылғы жыл еліміз бен өңіріміз үшін айрықша маңызға ие тарихи кезең болды. Халқымыз өңірдің даму жолында жаңа белеске көтерілді. Осы жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өткізіліп, ел болашағына бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Соның ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа Ата Заң жобасы әзірленіп, 15 наурыз күні бүкілхалықтық референдум өткізілді. Аталған референдумда Сыр өңірінің халқы жоғары азаматтық белсенділік танытып, бірлік пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Ел Президенті жаңа Конституцияға және оны жүзеге асыру шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Ендігі кезекте Конституция күні жыл сайын 15 наурызда мемлекеттік мереке ретінде атап өтілетін болады. Осы маңызды тарихи оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Аймағымыздың дамуына қосып жүрген сүбелі үлестеріңіз бен туған жердің өркендеу жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді Мұрат Жолкелдіұлы.

Мерекелік іс-шарада аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы», облыс әкімінің, облыс әкімі бірінші орынбасарының Алғыс хаттары табысталды. Ал аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің «Құрметті жерге орналастырушы» төсбелгісімен, Ә. Тыныбаев атындағы су торабының энергетигі Бақыт Әбдіраметов Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дережелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марпатталды.

Мерекелік іс-шаралар барысында облыстық мәслихат төрағасы мен қонақтар, ел ағалары, бірқатар зиялы қауым өкілдерінің және аудан ардагерлерінің қатысуымен 35 бүлдіршіннің тұсау кесу рәсімі өтті.

Орталық алаңда ұлттық нақышта безендірілген ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүрді ұлықтайтын тағылымды шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қонақтарға наурыз көже ұсынылып, ән мен күйден шашу шашылды. Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: