Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылық диқанның қарбызы

19.07.2021, 10:30 566

HALYQLINE.KZ  Қазалылық тұрғын Нұрлыбек Нұрқожаев тамшылатып суару арқылы 3,5 гектар жерге қарбыз егіп, өнімдерін аудан тұрғындарына қолжетімді бағада сатып отыр.

Қарбыздың алғашқы өнімдері 2 шілде күні піскен. Оның себебін бақша егуші азамат былайша түсіндірді.

– Біріншіден, бұл – қарбыздың 55 күнде пісетін «Бомбикс F1» дейтін сорты. Екіншіден, тамшылатып суарудың көмегі. Судың тапшылығы кезінде бұл әдістің тиімдігі көп. Суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқышты да арнайы түтік бойымен жібереміз, – деді бақша еккен азамат.

Нұрлыбек Нұрқожаевтың тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарының жалпы құны 3,7 млн теңгені құрайды. Оның 2 млн теңгесін «Бизнезтің жол картасы 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Бағдарлама аясында өзінің инновациялық идеясын қорғап, 2 млн теңге грант қаражатын ұтып алған.

Ерте піскен қарбызды аудан тұрғындарымен қатар, көршілес Арал және Қармақшы аудандарынан да келіп сатып алуда.

Қарбыздың «Бомбикс F1» деп аталатын сорты бүгінгі таңда екінші рет өнім беріп жатыр. Одан бөлек, жақында «Продюсер» деп аталатын сорты піседі.

Нұрлыбек Нұрқожаев қарбыздан бөлек, 1 гектар жерге асқабақ пен қияр да еккен.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Шақкөз» учаскесіндегі орналасқан бақшаға арнайы барып, еңбекқор азаматтың жұмысымен танысты.

Бақша басына арнайы келген аудан басшысына Нұрлыбек Нұрқожаев өзінің ұсыныс-пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті. Ауданымыздағы топырақтың сор болуына байланысты бақша егетін шағын шаруаларға жер тегістейтін техниканың ауадай қажет екендігін жеткізді. Себебі бақшадан мол өнім алу үшін міндетті түрде жер тегіс болып, сумен бірнеше қайтара шайып алу маңызды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қолынан іс келетін азаматтарды әрдайым қолдайтынын айтып, бұл мәселені алдымен зерттеп алу қажеттігін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: