Алланың қалауымен ауданымызда қарилар дайындайтын діни медресе жұмысын бастады. Медресе аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің жанында орналасқан. Медресенің салынуына бастамашы болған ауданның бас имамы Берік Қажы Мәдиұлы болатын. Кезінде аудан ақсақалдарын жинап, өз ойын түсіндірген бас имамды ақсақалдар мен ел ағалары қолдап, жақсы бастаманың жанашырлары болуға келіскен-ді.
Аудан көлемінде бір замандарда өмір сүрген ахун, ишандардың имандылық тұрғыда атқарған өнегелі істерін жалғастыратындай қари, хафиздар дайындайтын медресе салудың жолдары мен атқаратын жұмысын Берік қажы жиналғандарға кеңінен түсіндірген еді.
Ақсақалдар, кәсіпкерлер, халық белсенділері топ құрып, ауданнан шалғай елді мекендерде тұратын жеке шаруашылықпен айналысып отырған елді мекендерге медресе құрылысы, мұсылманның бес парызының бірі зекет жайлы уағыздауға жіберілді. Оған мешіт қызметкерлері де қатыстырылды, көпшілік жиналатын орындар мен жұма намаздарында кеңінен уағыздалды. Ол өз нәтижесін берді де. Әкімдіктер мен тиісті орын басшылары бас мешіттің жанында апатты жағдайда тұрған он сегіз пәтерлік үйді бұзып, ол жерді тазарттырды. Медресе салатын орын да рәсімделді, іргетасы да қаланды. Бас имам Берік қажының қолымен оқу орнының сызбасы да сызылды. Жер-жерден көмек қолын созушылар құрылысқа қажетті заттарын жіберді, әкелді.
Қысқасы, бір жыл үш айда аталмыш оқу орны толықтай салынып бітті. Ауласы да медресеге сай етілді. Іші-сырты, едендері, есік-терезелері салынып, жылу, жарық жүргізілді. Бөлмелер толық безендірілді. Жиһаздар, тақталар, парталар, т.б. қажетті құрал-жабдықтар, діни оқулықтар алынды. Осының бәрі ел-халықтың жүректерінде иман ұялаған бауырларымыздың арқасында іске асырылды. Алла оларға разы болғай, кәсіптеріне береке бергей.
Бір айта кетерлігі, бұл – Қазалы ауданында ашылған алғашқы қарилар дайындайтын медресе. Бір замандарда Қазалы төңірегінде де ахун, ишандар көп болған. Олар – бұндай дәрежеге Қазалыдан тыс жерлерде білімдерін жетілдіріп, жеткендер. Аудан көлемінде кезінде имандылық үйлері мешіттер көп болғанымен, қарилар дайындайтын медресе болмаған. Біздің жас бас имамымыз Берік қажы Мәдиұлы бастама көтеріп, оған көпшілікті жұмылдыра білді. Бұл жерде аудан бас имамының біліктілігі, сауаттылығы және ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенін көрсеткенінің куәсі болдық. Алла Тағала ұзағынан сүйсіндіргей демекпіз.
Медресенің ашылуына ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет арнайы келіп көріп, ризашылығын білдіріп, бұл білім ошағында атқарылатын жұмыстарды кеңінен түсіндіріп, батасын беріп кетті.
Заманауи типте салынған медресеге діни дәріс аламын деушілер күн сайын келіп, өтініштерін беріп жатыр.
Бұл жерде көмек қолын созып көмектерін берушілердің көп болғанының куәсіміз. Бірақ қаражат бергендердің аты-жөндерін жазбай отырмын. Себебі кейбір бауырларымыз «Алланың разылығы үшін көмегімізді шамамызға қарай бердік. Шариғатымызда «оң қолыңмен берген садақаны сол қолың көрмесін» деген ғой. Алла Тағала бәрін біледі, тіпті ішкі ойыңды, ниетіңді де білуші. Сондықтан жарияға жар салып, жазбағандарыңыз дұрыс» деп жатқан жайы бар. Қазір ел-халықтың діннен де сауаттылықтары жетіп артылады.
Медресе ішінде директордың бөлмесі, дәріс алатын жеті бөлме, жатақхана, асхана, кітапхана, акт залы, мұғалімдер бөлмесі бар. Дәріс алушылар екі кезеңде діни дәріс алады. Ерлер де, әйел, қыздар да құраннан, фикһ, ақида тағы басқалардан дәріс алады. Ал оқу орнының аты айтып тұрғандай, қарилар дайындауға бөлек дәрісті қари береді. Оны өз дәрежесінде бітіргендер қари, хафиз болып шығады. Оған сабақ беруге Алланың қалауымен «Нұр-Мүбарак» университетінің 2017-2021 жылдары дәріс алған түлегі және Анкара шаһарында (Түркия, Стамбул) толық бір жылдан аса дәріс алған Исмаил Омарұлы келді. Бұл ұстаз – Араб шейхтардан дәріс алған қари-хафиз исламтанушы. Енді біздің медресемізде қарилар дайындайтын болады. Жамбыл облысының, Қордай ауданының тумасы. Алла қаласа, талапкерлердің қабілеттеріне қарай бір немесе үш жыл ішінде қарилар дайындап шығарады. Исмаил Омарұлының үлкен ғұламалардан Құранды толығымен жаттады деген «иджаза» рұқсат шатырхаты бар. Бас имам Берік қажы қариды айлықпен, тұрғын үймен қамтамасыз етуді шешіп қойды.
Алла Тағала ауданымызда Құранды бастан аяқ жатқа білетін қариларымыздың көбеюін нәсіп етсін. Діни медресемізді салуға көмек қолын созған бауырларымызға Алла разы болып, Исламның рухани көгінде жарық шашқан нұрлы шырақ Қасиетті Құранның сауабын жазғай!
Беганыш Жақсыбай,
«Жанқожа батыр» мешітінің баспасөз хатшысы.
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!