Қазалы ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынға өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов қатысып, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.
Мәжіліс барысында халықты 2025 жылдың соңына дейін 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамту жөніндегі міндеттің жүзеге асу деңгейі қаралды. Қызылорда облысында іске асырылып жатқан ауыз су жобалары, соның ішінде топтық су құбырларын салу, ішкі су желілерін жүргізу және су тұшытқыш қондырғыларын орнату мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов бейнебайланыс режимі арқылы қатысып, аудан аумағында жүзеге асырылған және жоспарланған жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, Сарбұлақ, Шитүбек, Шәкен және Шилі елді мекендерінде ішкі су желілерінің құрылысы толық аяқталған. Бұл елді мекендерде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
Сонымен қатар, Бірлік ауылында орнатылған су тұшытқыш қондырғысының жұмысы туралы ақпарат беріліп, аудан бойынша ауыз судың сапасы мен қолжетімділігіне қатысты бірқатар мәселелер назарға алынды.
Мәжіліс барысында Ералы Тоғжанов халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – тұрғындардың денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін шешуші фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта республика көлемінде жүйелі жұмыс жүргізіліп, орынсыз кідірістерге жол берілмеуі тиіс.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, ауыз су жобаларын белгіленген мерзімде және сапалы аяқтау жөнінде міндеттер жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!