Адамға адам керек. Бұл өмірге адам жалғыз келіп, жалғыз кеткенімен, оған қолдау, демеу көрсетіп отыратын бір жақыны болса да керек-ақ. «Менің отбасым бар. Ата-анамның қолдауы жеткілікті» дейтіндер көп. Алайда ата-анаға да айта алмайтын сырымыз болады. Немесе оларды алаңдатпау үшін жасырып қалатын дүниелер бар. Сонда іште алай-дүлей болып, өртеніп жатқан өртті қандай «сумен» өшіреміз? Мәселен, орман өртеніп жатса, бір адам бір шелек сумен өшіре алмайтыны хақ. Сол кезде өрт сөндіруші қызметі келеді. Демек, табиғатты қорғау үшін адамға адам көмектесті. Бұдан бөлек, адамның белгілі бір шыңды бағындыруы үшін де жақындарының қолдауы мен қолғабысы болатыны ақиқат. Әлемге аты әйгілі кез келген саладағы тұлғаның сұхбаттарының бірінде маған әйтеуір біреу сенді деп ағынан жарылып жатқан көрінісін көруге болады. Яки адамның өмірінің жарқын болуына ортасы маңызды. Сіздің қасыңызда жүргендер дос па? Әлқисса…
Тура жолмен қанша жүрсең де, қисайған көлеңкеңнен кемшілік табатындар бар. Ал, жаныңызда жүрген жақын тамырлас дос еш уақытта сізді кемсітуге тырыспайды. Тек имандылыққа шақырып, өмірдің хақ тіршілігі не екенін еске түсіреді. Дегенмен, медальдың екі жағы бар секілді, достың да екі түрі бар. Сіз дегенде еміреніп тұратын және түлкібұлаң өз пайдасын көздейтін. Өмірден бірер мысал келтірсек.
Әлемжеліде экс-тамада, блогер Колобок деп көпшілікке танылған Елдос Кәдірхановтың журналист Аман Тасығанға берген ашық сұхбатына қатысты сөзімізді сабақтасақ. Онда журналист «Баласы жоқ әке таяғына сүйенеді, әкесі жоқ бала неге сүйенеді?» деген сауалды қойды. Блогер әкесінің қайтыс болуы ерте есеюіне әсер еткенін айтты. «Әкеміз 2001 жылы ет кәсібімен айналысқан. Шымкенттегі Леңгір қаласында ет корпусында ірі ет бар деп достары айтады. Сөйтіп жалпы 4 адам сол жаққа кетеді. Жолда әкемді екі досы атып өлтіреді. Темір тұлпардың тізгінін ұстаған жақын досы шошып, тежегішті басады. Оны мойнынан бауыздап өлтірген. Ол-ол ма? Көлікті өртеп, қырдан лақтырып жібереді. Екі отбасы ойран болды» деп іштегі сырымен бөлісті. Бұл оқиғада достықтың құны пұл болса керек-ті. Марқұм блогердің әкесі достарының қолынан қаза табамын деп ойламаған да шығар?
Келесі оқиғаның кейіпкері де әкесімен байланысты. «Біз бай да, кедей де емес, қарапайым қазақы отбасында дүниеге келдік. Әкем еңбектің адамы еді. Өзгелерден кем қылмай бізді өсірді. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болды. Жұртта жоқ ойыншықтар бізде бар болатын. Бірақ әкемнің бір кемшілігі ащы суды жиі ұрттап тұратын. Соның кесірінен анам екеуі көп сөзге келетін. Әкемнің ішкіш болатыны жанымды жегідей жейтін. Анамыздың көзіндегі оты сөніп бара жатқанын көргенде, әке, сізді жек көретінмін. Дегенмен, әкемді қатты жақсы көргеннен кейін кешірдім. Күнде сіз ішуден шаршамасаңыз, біз кешіруден шаршамадық. Білесіз бе? Бір күні таксиге мінген кезімде «әкеңнің аты кім?» дегенде қуаныштан сіздің есіміңізді айтып марқайдым. Өйткені әкең бір жерде басшы болса, қалай мақтанбайсың? Сонда жаңағы таксист кісі «иә, екі-үш рет «бөтелкелес» болған досым ғой» деп қоя берді. Қай тесікке кірейін, әке? Жерге кіріп кетіп, жоқ болғың келетін сезімнің қандай екенін түсіндім. Нағыз достар еш уақытта жамандыққа шақырмайды. Жаныңызда жүргендер дос па?» деп әкесіне деген сауалын көзінен емес, жүрегінен ыстық жас төгіліп қаршадай қыз баяндап берді.
Өмір күн райы секілді өзгеріп тұрады. Қиындық та мезгіл секілді мәңгі емес. Бірақ сол қиындықты шынайы досыңыз болса, тез жеңесіз. Мәселен, өткен өміріндегі қиындықтарды ұмыта алмай және өзгелердің әділетсіздігіне төзіп жүрген аңқау бала болыпты. Дей тұрғанымен, өмірге қарай икемделіп, білім мен ғылымға басты назарын аударған. Алайда адам баласына сенбеген. Сол бір күні тағдыр толқынымен тамырлас бір баламен жолығады. Оның бір ауыз сөзі бәрін өзгертеді. Дінді шектеу деп қарайтын баланың ойы өзгереді. Енді ол үшін ислам діні – Тәңір мен адам арасындағы байланыс. Адамзаттың жүрегіне дүние кірмесе достық та берік болады. Шыны керек, біз иманды адамдарды іздейміз. Сондай адамды тапсақ, үрейленіп қашамыз. Себебі қоғамда ислам дінін құбыжық қылып көрсететіндер жетерлік. Жақында ғана көршілес Өзбекстан елінің имамы «мектепте жігітпен билеген қызды кім алады?» деп қисынсыз пікір білдірді. Бұдан басқа да ислам мемлекеттерінің жүгенсіз істері көпті қорқытады. Бірақ дін емес, дінді өзіне ыңғайлап алған есерсоқтардың кесірінен туып отырған көзқарас.
Қысқасы, адамның жай ғана адам болуына жақындарының әсері мол. Сол себепті қасыңызда жүргендер дос па, дұшпан ба анықтап алыңыз. Егер досыңызға көмек қажет болса, қол ұшын созыңыз. Біреуге алақан жайып жүрсе, сіздің қандай дос екеніңізді көрсетеді. «Аққуды атпа, досыңды сатпа» деп бекер айтылмаған. Ақыл айтуға емес, жанашыр болуға тырысайық. Түбі бәріміз бірдейміз. Ақсүйектің ұлы мен қызы да жалаңаш дүниеге келеді. Өмірдің есігін ашқанда теңбіз. Бақилық болғанда да бірдей боламыз.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!