Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қасиеттер кодексі» керек!

16.11.2023, 12:00 325

Ұлтты қорлау – сол ұлттың Ұлы ұлдарын, ұстанған дәстүрін қорлау. Қызық мысал айтайын, Расул Ғамзатов деген Дағыстанның ақиық ақыны бірде АҚШ-қа жиынға қатысуға барады. Сонда бір қандасы ақынды іздеп кеп (АҚШ-та тұратын) біраз дидарласқан соң өзі салған картинаны Дағыстандағы кейуана шешесіне сыйға беріп жібереді. Р.Ғамзатов еліне келген соң қарияны әдейі іздеп барып суретті беріп, сәлемдемесін жеткізеді. Ой, құдірет-ай, қария суретке («Дағыстан аруы» деген картина) қарап тұрып: «Ол кісі сенімен қай тілде сөйлесті?» деп сұрайды. Р.Ғамзатов екеуі ағылшын тілінде сөйлескенін жеткізгенде картинаны ысыра сап: «Менің ұлым әлдеқашан өлген» депті. Өз ұлын қай ана өлдіге қисын? Бірақ осы оқиға ұлдан ұлттың артық екенін аңғартып тұр емес пе? Ұлттың қасиеті – тілі, діні, ділі емес пе?

Психологияда сананы қалыптастыру деген бар. Қарапайым тілде құлақ үйрету. Мәселен, әу баста «ажырасып келіпті» деген әңгіме құлаққа түрпідей естілуші еді ғой. Қазір жиі айтылғаны соншалық, етіміз өліп кетті. Педофилизмге де солай. Бірінші рет «Мектеп оқушысын зорлады» дегенде аза бойымыз қаза тұрды. Үркідік. Шошыдық. Қазір бұл жаңалыққа да ет үйренді. Бұған заңның ең қатаң түрін енгізсе де артық болмас еді. Дәл сондай жағдай ұлттық құндылықтарды қорлауда да жүріп жатыр.

Баз біреу домбыраны жын қуғандай билеп, жерге соғып быт-шытын шығарады. Ешкім ештеңе демейді.

Домбыраны харам дейді келесісі. Оған да ештеңе болмайды.

Қазақтың сәукелесін киіп жалаңаш бейнесін әлемге жолдайды басқа біреу. Ол да тып-тыныш өмір сүре береді.

Енді кеп тағы біреу Абайды, Әлиханды, Ыбырай мен Ахметті, қазақтың қазақ болуына ғұмырын сарп еткен қасиеттілерді шетелдің не мәні, не мағынасы жоқ әніне билетіп, тик-ток түсіреді.

Тағы біреу қазақты «былдырлаған маймылға», тілін «оның шүлдіріне» теңейді. Онда да жай осы. Кешірім сұрайды, артынша түк болмағандай жүреді.

Келесісі мемлекеттің егемендігін айшықтайтын ақшасын табан астына таптайды. Ондағы мемлекеттілік таңбаларды құнсыз көреді. Тарихқа қарасақ, кез келген мемлекет өз тәуелсіздігін айшықтау үшін ақша шығарған. Теңге соқтырған. Соған қарамастан теңгемізді қорлайды. Заңға тартпайтынымыз көңілге келеді. Етіміз де әбден үйреніп алған.

Мұның бәрі ұлттық құндылыққа істелген қиянат емес пе? Біреудің қоршауына не үйіне баттастыра жазу қалдырып, болмаса сурет салып кетсең, олар сені міндетті түрде сотқа сүйрейді. Болмаса бұ дүниеде жоқ атасын не әкесін келемеждеп дәл осылай видео түсірсең жазаланасың. Өйткені олардың ұрпағы мұндай басбұзарлық істетіп қоймайды. Ал ұлттың жыртығын кім жамайды?

Айтпақшы, төл теңгеміз туралы айтып қалдық. Қазір ақша құны түсті демейтін отандасымыз жоқ. Содан болар, бүгінде бір теңгенің тиындық та құны қалмағандай. Шашылып жатады. Аялдамада, базарда. Ақша айналымы қай жерде бар, бір теңгенің бірін емес, бірнешеуін жерден табуға болады. Бірақ, оның бір бетінде Қазақстанның егемендігін айшықтайтын Елтаңба барын ескергендер бар ма?

Кешеге дейін совет өкіметінде білім алғандар Ахметті, Әлиханды «халық жауы» деп оқып келді. Ел үшін өмірін қиғандар үшін қорлық еді бұл. Қазақ тәуелсіздігін алған соң аруақтылар орнынан бір аунап түскендей еді. Тірісінде разылық көрмегендер өлісінде де тыныш жата алмады-ау. Енді келіп, олардың «құпиясын ашып» талайы­мыз жүр. Сәбит Мұқановты Алаш арыс­тарын ұстап берді деп айыптаймыз. Қонаев­қа трайбализмды «қуаттады» деген кінә артамыз. Ұлтты ұйыстыр­атын, ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды қаралау да сол ұлтқа жасал­ған  қиянат  емес  пе?

Әдетте еліктеуден, біреуден үйренуден, тәжірибе алудан алдымызға жан салмаймыз. Неге осы біз Еуропаға мойын созғанша, маңайымыздағылардан үлгі алмаймыз?! Мәселен, Қырғыз мемлекеті. 2016 жылы қоңсы қонған Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесі ақ қалпағын ұлықтайтын заң бекітті. 2019 жылдың 5 наурызынан бастап «Ақ қалпақ» күнін атап өтеді. 2011 жылдан бейресми тойланып келген мереке заңдық тұғырына орнықты. Енді «Ұлттық баскиім Ақ қалпаққа мәдениет символы мәртебесін беру туралы» Заңға сәйкес бас­киімді қорлағандарға Заңбұзушылық тура­лы кодексінің 65-бабына сәйкес І дәрежелі айып­пұл салынады. Баскиімге құрмет дегені­міз – осы. Ал біздің баскиім саунада жүр, саудада жүр, той табақ ретінде таратылады. Қорлық па? Баба жұрт бағым кетеді деп  баскиім  бермеуші  еді.

Жалпы, ұлтты қорлатпаудың, мемлекеттігімізге  тіл  тигізбеудің амалы керек. Елімізге «Қасиеттер кодексі» қажет! Кімде-­кім қазақ­тың қасиеттісін қор етеді, сол кодек­ске орай жазасын алады. Шыны сол, қоғамдық орында қоқыс тастағанға жаза берер  заң болғанда, қасиетімізді «қоқыс оймен» лас­тағанды да жазалайтын заң керек! Сонда ғана қазақтың қасиеті төмен түспейді. Дәл солай! Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: