Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарт кісіге күлгеннің қаперіне!

24.10.2024, 9:00 88

HALYQLINE.KZ

Бүгін тұрсың мәз-мейрам боп марқайып,

Өзіңше тым тау тұлғадай талтайып.

Қарт кісінің қылығына күлесің,

Өмір бақи қалмайтындай қартайып.

Күл…

Күл тағы да,

Қарт кісіге күле бер!..

Сол үлкенге не «ілмексің»?

Іле бер!..

Бүгін «буың» бұрқыраса,

Ал, ертең –

Сен де сондай боларыңды біле бер!..

Қарт кісіде көбіне болар «кіші» ұйқы,

Тамақтан соң тынығатын түс ұйқы.

Түнде жиі оянатын оларда,

Көбіне тек кездеседі «құс» ұйқы.

Қарттық келер кезегімен кісіге,

Сол кезде сен өкінерсің ісіңе.

Бүгін өзің болып-толып тұрғандай,

Білмейсің-ау үлкендерді түсіне.

Олқыл-толқыл сөйлейсің-ай балжырап,

Көк аспаннан түскендейсің салбырап.

Ертең ғана қайран жастық қош бол деп,

Сол қариядай қаласың ғой қалжырап.

Бұл сөзімді түсін мейлі, түсінбе,

Нең бар қарттың сөздері мен ісінде?!

Отыз жаста осылай мәңгі тұрардай,

Ісіп-кеуіп өзіңше өте ісінбе!

Түсіндің бе?

ҚАЛЖЫҢБАС ҚҰРДАСҚА ҚҰЛАҚҚАҒЫС

Қалжыңбас:

– Ау, Қазеке!

Бар еді бес жұртыңыз,

Майлы еді тым ұртыңыз.

Қайда кеткен Құдай-ау,

Сақалың мен мұртыңыз?

Сұрап тұрмын жан ашып,

Тұрушы еді-ай жарасып.

Қапелімде қалды ма,

Ұрт пен мұртың таласып?!

Қазекең:

– Әй, қалжыңбас, құрдас-ай,

Болсаң кіші бір жас-ай.

Болмас едім сенімен,

Соншама тым сырлас-ай.

Денемді жаймен «аралап»,

Жан дүниемді жаралап…

Бөртпе келіп бекінді,

Сақал-мұртты паналап…

Жүзімнің ойлап аманын,

Жеңудің іздеп амалын…

Тура келді бұзуға,

Бекінген бұл қамалын.

Бармайын онша әрірек,

Ашығын айтсам дәлірек,

Бекінісін бұзған соң,

Жеңдім-ау әрең дәрілеп…

Асарымды асадым,

Жасарымды жасадым.

Сақал-мұртты «сыпырып»,

Келгенім жоқ жасарғым!

Түсіндің бе? О, несі-ай!

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: