Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшы: іргелі істер ілгерілетеді

29.07.2024, 16:40 364

HALYQLINE.KZ

Қойнауы тарихпен қабаттас, бастауы игі іспен сабақтас Қармақшының дамуында қарқын бар. Әлбетте, аудандардың алға озып, бірізділікке түсуіне бірталай еңбек керек. Бірақ, бүгінде киелі мекеннің келбеті жаңарып, жүргізілген жұмыстар жемісін бергенін мойындау керек. Өнеркәсіптегі өнімді әрекет пен сан саладағы серпін мұны айғақтайды. Ал, тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, қалауын іске асыру билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтады. Егер осындай оң өзгерістер артса, ауданның экономикалық әлеуеті де жоғары болмақ.

Аудан бюджетінде береке болғаны игі. Оған соқыр тиын түспесе, көрсеткіш пен оң өзгеріс туралы айтудың өзі артық. Әрине, қаржыны игеру мен жұмсаудың жөнін білген ләзім. Талапайға түссе, тақ-тұқ болып, барлық саланың дамуы дағдарысқа түсетіні анық. Бұл ретте аудан алға шықты. Яғни, бюджеттегі қаражат 17 млрд 177 млн теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артқан. Оның ішіндегі ауданның өз кірісі 15,8 пайызға өсіп, белгіленген жоспар 118,7 пайызға орындалған. Өнеркәсіпте өсім бар. Инвестиция игілігін де көріп отыр.

– Қармақшы ауданында биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында макроэкономикалық көрсеткіштерінің барлығында оң көрсеткіш қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі көлемінің индексі 100,3 пайыз, негізгі қорға салынған инвестиция көлемінің индексі 143,0 пайызға орындалса, құрылыс жұмыстары көлемінің индексі 129,1 пайызды құрап отыр. Қармақшы ауданы ауыл шаруашылығына негізделген аймаққа жатады. Сондықтан, микроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты. Биыл ауданда жалпы көлемі 25 231 гектар жерге егіс егілді. Оның ішінде күріштің көлемі 13 270 гектарды құрайды. Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюына байланысты өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 500 гектарға қысқарды. Облыс әкімінің «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы негізінде 408 гектар бақшалық жер дайындалып, 930 отбасыға бөлінді. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын пайдалану бойынша жаңбырлатып суару тәсілімен 45 гектар жоңышқа, 13 гектар көкөніс-бақша дақылдары егілді, – деді Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы.

Қазір кәсіп ашуға ниетті адам көп. Шығынға батудың қиындығы туындағанымен, ебін тапса, тұрақты табыс көзі. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы – экономикаға ықпал ететін тиімді тетік. Қармақшы ауданында да жыл сайын кәсіпкерлердің саны артып келеді. Барлығы 3 585 кәсіпкер тіркелген. Нәтиже жаман емес. Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде 52 жобаға несие беріліп, 77 азамат қайтарымсыз грант иегері атанған. Жоспар бойынша жыл аяғына дейін тағы да 109 адамға қайтарымсыз грант берілмек. Сондықтан, ауданды кәсібі кенжелеген деп айта алмаймыз.

Бұқара үшін баспаналы болу – үлкен қуаныш. Әсіресе, жүйкені жүндей түткен газ бен электр желілері мәселесі жүйеленсе, тіпті жақсы. Аудан әкімі мұны назарға алып қоймай, әрекетке де көшкен. Бұл жайында өзі жағымды жаңалықпен бөлісті.

– Биыл мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бірқатар жоба іске қосылып, тағы біразының құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері ауданда өнеркәсіп саласы бойынша 3 жоба, қызмет көрсету және сауда саласында 3 жоба жүзеге асты. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету мен әлеуметтік нысандарды салу, ауызсумен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту және газбен қамту мәселелері шешілетін болады. Ең бірінші кезекте, жеке тұрғын үйлері жоқ Жосалы кентінде халықтың әлеуметтік осал топтарына және кезектілікте тұрған азаматтарға 100 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Төретам және Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша аса маңыздылығы бар Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейін, Дүр Оңғар ауылына газ жеткізілген жағдайда сол аймақтағы басқа да 10 елді мекенді газдандыру жұмыстарына мүмкіндік тудырары айқын. Осы жобалар іске асқанда аудан тұрғындарын газбен қамту үлесі артатын болады. Бұдан бөлек, Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы жүргізілуде, – деді ол.

Сонымен қатар, биыл ауданның 3 елді мекеніне қаржы бөлініп, электр беру желілері қайта жаңғыртылмақ. Аудандық Қуандария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун және Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілді. Демеушілік қаражат есебінен Дүр Оңғар және Тұрмағамбет ауылының  электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы уақытта бәрі кезең-кезеңімен орындалмақ.

Негізінен құрылыста шикілік болмағаны абзал. Өйткені, үй табысталғаннан кейін іргетасы үгітіліп, құбыры бұзылды сынды кемшілік айтылып, былық су бетіне қалқып шығады. Сондықтан, мердігер мен нысанды қабылдайтын орган міндетін қаншалықты атқарып жүр деген сұрақты әкімге қойдық.

– Құрылыс немесе жол жөндеу, электр желісі болсын, маңыздысы – сапа. Аудан аумағында салынып жатқан үйлерге байланысты, өткен жылы 50 пәтерді табыстадық. Биыл 100 пәтер беруді жоспарлап отырмыз, құрылыс жіті бақылауда. Үй дайындығы мен сапасын өзім, белсенді азаматтар, ардагер мен әйелдер қауымының мүшелерінен құралған арнайы комиссия апта сайын тексеріп жүрміз. Ал, үй қабылданғаннан кейін жыл көлемінде олқылық шығып жатса, кәсіпкерге қайта қалпына келтіруге 2 жылға дейін мүмкіндік беріледі. Мемлекеттің ақшасы – халықтың ақшасы. Өзім де Қармақшыда туып-өскеннен кейін, кемшіліктер болғанын қаламаймын, – деп жауап берді.

Балық цехын сыртқы электр желісімен қамтамасыз ету де аудандағы өзекті мәселенің бірі болған. Мердігер міндетін орындамай, кәсіпкер кейінге қалдырып, түйіні тамыз айында шешілетіні айтылған. Көкейдегі сауалды әкімге қойып, қаншалықты бақылау жүргізілгенін сұрадық. Цехты электр желісімен қамтамасыз ету жұмысын мердігер мекемесі аяқтапты. Бірақ, құрылыс барысында пайдаланған материалдардың сапасы нашар болғандықтан, аудан оны қабылдамаған. Қазір сотқа беруге тиісті құжаттарды дайындап жатыр екен.

Әрине, үш жылға жуық созылған мәселеге бейжай қарамай, оны шешудің амалын қарастырған абзал. Әйтпесе, басқа салаларға айтылатын сын аз. Қоғам дамуының діңгегі – халық денсаулығы десек, іргелі істен ілгерілеуді байқауға болады. Мәселен, маусым айында үш дәрігерлік амбулаторияға 3 жаңа жедел жәрдем көлігі табысталса, қыркүйек айында тағы 7 жедел жәрдем көлігін беру жоспарда бар. Аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық құрал-жабдықтармен толыққан. Бастысы, жыл басынан бері ана өлімі тіркелмеген. Ал, сәби өлімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,6 пайызға төмендеген.

Білім мен спорт саласында да серпіліс сезіледі. 2023-2024 оқу жылында 15 218 оқушы білім алды. 686 мектеп бітірушінің 649-ы, яғни 94,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа баллдық көрсеткіші 86,0 пайызды құрады. Оның ішінде 54 түлек«Алтын белгі» және 67 түлек«Үздік аттестат» иеленді. Сонымен қатар, оқушылардың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында Жосалы кентінде және ІІІ Интернационал ауылында мектеп ғимараттарының құрылысы басталады. Бұдан бөлек, білім саласына қатысты жағымды жаңалық жоқ емес.

– Биыл спорттық жетістіктерге толы жыл болды. Аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 7 алтын, 12 күміс, 16 қола медальді иеленсе, Азия чемпионатында 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді қанжығаға байлады. Ақтау қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында жерлесіміз Әсемай Рүстемова жеңімпаз атанса, Ұлтай Сейілова қола жүлдені місе тұтты. Гір тасын көтеруден Тайван қаласында өткен Азия Чемпионатында Еркебұлан КәжденбекІ орынмен марапатталды. Алдағы уақытта да жеңіс пен жетістік жолын жалғайтынына сенемін, – деді Қармақшы ауданының әкімі Ж.Еркінбекұлы.

Мәдениет саласына да мән берілуде. Басты жаңалық – аудан орталығында «Руханият» заманауи орталығы бой көтермек. Құрылысы басталды. Мұнда мұражай, мұрағат, жастар ресурстық орталығы, қоғамдық ұйым мен неке қию қызметі жұмысын жандандыратын болады.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: