Бұл жайында айтпауға болар еді…
Тіл сүйексіз болғанымен, жүрек сөзін сөйлеген соң айту керек! Ар-ұждан алдындағы адалдық үшін сөйлеу керек! Айтпады демесін! Үнсіз болды демесін!
Бұл жайында айтпауға болар еді…
Қазір бәрі бар. Жоқ деген атымен жоқ. Ақыл-ойдың жемісі қажеттіге қол жеткізді. Адам жанынан өзгесін табуға болады. Ғылым мен прогресс кетті ғарыштап. Сандық әлем, жасанды сана, өз топшысы бар құлтемір, жеке адам ұшырған ғарыш кемесі, тағысын тағы. Киник (қабаған иттер философиясы) философ Диоген Синопский тапа-тал түсте базарда қолына шам алып жүр дейді. Көпшілік бұл тірлігіне таңырқай қарап, жөн сұраса әлгі әпенді «Адам іздеп жүрмін» депті. Күн төбеден шыжғырғанда адамдар арасынан шам алып «адам іздеу» ақылға сыймайды, санаға сай келмейді. Дейтұрғанмен, қазіргі біздің қоғамда да «адам» һәм адамдық шаммен іздеуге сай келгендей. Неге? Өйткені: Қазақ «Әкең жынды болса, байлап бақ» дейді. Ал ұрпағы жаңсақ түсініп, шау тартқан һәм өзін таптырған әкесін ұрып өлтіреді. Таяқтан өлді дегенге кім сенсін?! «Сөз сүйектен өтеді» деген бар, өзі шыққан тұқымның әйел жыныстысын баласы былапыт сөзбен сыбап жатқанда жүрек те тоқтауға асыққан болар, кім білсін?! (Бұл жайт Түркістанда болды).
«Жұмақ – ананың табанының астында» дейді. Бірақ, баз біреу перзенттік махаббаттың орнына анасына нәпсілік махаббатын көрсеткен. Тура сөзбен айтқанда анасын зорлаған. Тарихымыз тереңде, тамырымыз сақ-ғұннан деп мақтанғанда байырғылығымыз, тағылымымыз қайда қалды?! Анаға құрмет тек тілімізден емес, тірлігімізден болуы керек емес пе? (Бұл жағдаят Таразда бой көрсетті).
Қазақ кеңістігінде әкеден һәм анадан ұлы бар ма? «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» сөзінің мәні қайда? Шөлмек сыра үшін адам өлтіргенді (Талғардағы Шерзаттың өлімі бір сыраға төленбеген ақыдан басталған-ды) көргендер мұны да қалыпты тірліктің бір ғана өлшемі деуі мүмкін. Бірақ, өмір өлшемі өзіңді дүниеге әкелген адамдарды қорлау емес шығар?! Ана жатырында тіршілік жарылысы болып, өмір пайда болуы үшін 50 миллионның жарысы басталып, соның біреуі ғана дүниеге келеді. Мына жарық әлемді көру бақытын сыйлаған адамдарға құрмет көрсетудің орнына таптап жатырмыз, қорлап жатырмыз.
Қазақ – данышпан. Қазақ – дана. Сол қазақ «Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас» дейді. Мұнан асқан сөз керек пе? Ағайының қанша жерден алтау, бәлки алпыс болса да әкенің орнын ешкім баса алмайды. Әкедей ешкім тәлім бермейді. Күллі жер шарындағы нәзікжанды біріккенмен, ешкім анадай мейірім төкпейді. Өйткені, ата-ананың балаға деген махаббаты – қайталанбас құбылыс.
Бірде Құнанбай мен хакім Абай арасында дау туындапты. Бірақ баласы түркістандық тамада, мәдениет үйінің қызметкері, жергілікті әкімдіктен бірнеше алғыс алған, мешітте азан шақырған жігіт сияқты әкесіне қол жұмсамаған. Әке сөзіне қалайда құлақ асады. Ал, Құнанбай дауды доғару үшін «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл таптыр» деген екен. Әке беделін көтеретін, құрметін асқақтататын мысал – бұл.
«Орақ ұстап әкең қалғанша, оймақ ұстап шешең қалсын» деген ұран пайда болды. Шеше жолымен емес, әке жолымен тарайтын елдің таңдағаны осы болды ма? Бұл қазақтың ананы, әйелді құрметтемеуі деп түсінбеу керек. Ана – қашанда ана. Жатбауыр қып баласын тастаған да, дүниеге баласын әкелмей тіршілікке қоспаған да, өзгенің баласын бауырына басқан да – Ана. Жұмақтың кілті де ананың табанының астында. Бірақ әкенің орны – бірінші. Бірінші болып қалуы тиіс. Қанша осылай ұрандатсақ та, қанша ураласақ та, кей замандастың ананы қалай құрметтегенін де көріп жүрміз.
Санамызға сынадай сіңген бір қалып бар, кез келген кемшілікті жаттан іздеу, олай болмағанның өзінде уақыт пен заманға тели салу. Бұл – қасірет. Ата-ананың жанын ауыртар жайттар, оларға қарсы істелген әрекеттерді – уақыт сондай, заман сондай уәждерімен арашалап алу да ауыр қылмыс. Оны күнделікті күйбің тірліктің қалыпты жайтына балау да – адами табиғатымызға жасалған қиянат. Талай дүлей мен сондай пендеуи зұлматтар жиі болатын, бірақ мұндай қылмыстарға қымсыну, ар-ұждан таразысына салынбайтын батыстың өзінде ана мен әкеге қиянат қылу сорақылық санатында. Өйткені, Алладан кейінгі «жаратушыға» тек құрмет көрсету лайық. Ал, осыдан кейін ата-анаға жасалған қастандықты ақтап көрелік.
Қазақтың «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» даналығына келейік. Құрметсіздіктен таулар аласарып, бұлақ көзі тартылып жатса, ұрпақ жайы не болмақ? Ата-ана – баланың қос қанаты. Құрметсіздіктен қанат қайырылса қайтеміз? Не деңіз, мейлі, бұ деңіз, бәрібір жауап береміз.
Дастанбек САДЫҚ,
журналист.
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!