Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев Қызылорда автобус паркіне барып, мекеменің жұмысымен танысты.
Жолаушылар тасымалының сапасы және қоғамдық көліктердің бүгінгі жағдайымен танысқан қала басшысы мекеменің экономикалық әлеуетін назарға алды.
«Қызылорда автобус паркі» ЖШС өңір орталығындағы тасымалдау сапасын жақсарту және қоғамдық көліктердің жұмысын жүйелі басқару мақсатында 2013 жылы құрылған болатын. Бүгінге дейін автопарк 135 жаңа автобуспен толығып, 6 әлеуметтік маңызы бар бағытта сыйымдылығы аз қоғамдық көліктерді ауыстыруға мүмкіндік берді.
Алайда қазіргі таңда автопаркке тиесілі қоғамдық көліктердің бірқатары ұзақ мерзімді, күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет етеді.
Шаһар басшысы «Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасын реттеу мақсатында бұл олқылықтарды тез арада реттеу керек» – деп, мекеме басшыларына тиісті жұмыстарды тез арада орындауды тапсырды.
Айта кетейік, бүгінде қалаішілік 25 бағытқа және 8 қала маңына қатынайтын барлығы 33 бағытқа, 585 автобус екі ауысыммен қызмет көрсетсе, оның 135-і – автопарк теңгеріміндегі автобустар. Жеке тасымалдаушылармен келісім шарт негізінде 450 дана автобус халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!