Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайраткер есімі ұлықталды

15.05.2025, 17:55 248

HALYQLINE.KZ

Бүгін өңірімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалиев Ыдырыс Қалиұлының 100 жылдығына арналған кешенді іс-шаралар өтті, деп хабарлайды облыстық қоғамдық даму басқармасы..

Іс-шара легі Қызылорда қаласында орналасқан қайраткердің құрметіне арналған ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мәдени-танымдық іс-шараға қала әкімінің орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ыдырыс Қалиевтің жұбайы, ұрпақтары, туған-туыстары мен үзеңгілес інілері қатысып, атамыз туралы естеліктерімен бөлісті.

Ұлт қайраткерін ұлықтау іс-шарасы облыс әкімдігінде өмір жолы мен қызметіне арналған «Еселі еңбегімен еленген тау тұлға» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.

Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов жүргізіп, тарихи тұлғаның өмір жолы мен еселі еңбегіне, мерейтойды облыста кең көлемде атап өту мақсатындағы тағылымды іс-шараларға тоқталып өтті.

«Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей тапсырмасымен қайраткер ағамыз Ыдырыс Қалиевтің 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін арнайы облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыс көлемінде түрлі форматтағы тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Бұл іс-шаралар тарихи тұлға Ыдырыс Қалиевтің өмір жолы мен еселі еңбегін жас ұрпаққа дәріптеуде, олардың бойында патриоттық сезімін оятып, ұлттық рухын көтеруге септігін тигізері сөзсіз.

Әр замандағы тарихи құбылыстар мен сол қоғамның дамуы мен өркендеуіне, ел іргесінің берік, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағына сына түспеуіне еңбегін сіңірген тұлғалар туралы әрдайым еске алып, есімін ардақтап отырғанымыз абзал.

Бұл азамат ретінде қай-қайсымыздың да міндетіміз, туған өлке алдындағы перзенттік парызымыз болып табылмақ», — деді Шахмардан Асқарұлы.

Конференция барысында аймағымызға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, академик Б.Досманбетов, қоғам қайраткері, «Жалаңтөс Баһадүр» қорының президенті Н.Мұсабаев, қоғам қайраткері, облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Әбішев және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты А.Оразбақов баяндамалар жасап, естеліктерімен бөлісті. Ұрпақтары атынан қатысушыларға С.Қалиев алғысын білдірді.

Ұлт қайраткерін ұлықтауға арналған конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, аудандық делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар және Ыдырыс Қалиұлының ұрпақтары, туған-туыстары мен үзеңгілес інілері қатысты.

Еске алу іс-шарасы қайраткердің рухына арналған аспен жалғасты.

Сыр елінің ардақты қайраткер ұлының жақсы да жасампаз істері, өмір жолы, азаматтық бейнесі, іскерлік қабілеті артында қалған өнеге-мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухын көтеріп, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы өрелі істерімізді молайтуға қызмет етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: