Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінің тарихи, рухани және әлеуметтік-экономикалық маңызына кеңінен тоқталып, аймақ халқының еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, Сыр бойы – терең тарихы мен бай рухани мұрасы бар, сонымен қатар адал еңбекті ту еткен азаматтар мекені.
— Жалпы, «Сыр елі — жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізінен қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан жүзге жуық еңбек адамы шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді, — деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқын алып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым жүйелі түрде жаңғыртылып жатыр.
— Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Сыр өңірінің тарихи еңбек дәстүрі мен бүгінгі экономикалық серпіні өзара сабақтасып, аймақтың болашақ дамуына берік негіз қалыптастырып отыр. Мемлекет басшысы Қызылорданың ел дамуындағы стратегиялық рөлі алдағы уақытта да арта беретінін атап өтті.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!