Бүгінде әлемжеліні қолданбайтын жан кемде-кем. Әсіресе, ондағы жастардың белсенділігі өте жоғары. Ал енді осы желі қолданушыларының жиі айтып, «жаргон» ретінде пайдаланатын сөзін білесіз бе? Иә, қазіргі жастар жаргонына айналған сөздердің бірі – «пранк». Бүгінгі әңгімеміз де осы туралы болмақ.
Пранк – бүгінгі күннің тренді. Алғашында бұл сөз ағылшын тілінен енгенімен, бүгінде қазақ жастары арасында да кеңінен таралған. «Пранк» деп әлеуметтік желіде біреуді алдап, күлкілі немесе күтпеген жағдай тудырып, оны видеоға түсіріп, жұртқа көрсету үрдісін айтамыз. Яғни, ағылшын тілінен аударғанда «қалжыңдау, келеке ету» деген мағынаны білдіреді. Қысқаша айтқанда, алдау операциясы.
Дегенмен, мұндай қалжыңдау үрдісі қазақ қоғамында бұрыннан бар. Ауыл ішінде әзілдеп сөз қағыстыру, күтпеген әрекеттер арқылы біреуді күлдіру халқымыздың күнделікті өмірінде жиі кездесетін құбылыс болған. Бірақ, бүгінгі «пранк» – мүлде басқаша сипатқа ие. Бұл үрдіс елімізде телефон байланысы дамып, әсіресе, әлеуметтік желілер кең таралғаннан кейін ерекше қарқынмен дамыды. Ал бастапқы кезеңде бұл әрекетті ешкім «пранк» деп атамаған еді.
Қазір әлеуметтік желі – жастардың басты алаңы. Екінің бірі блог жүргізіп, күнделікті өмірінен видео немесе фото салып отырады. Осылайша, танымал болуды көздейді. Ал «блогер» деген атаққа ие болу үшін түрлі тәсіл қолданылады. Солардың ішінде, ең жиі кездесетіні – пранк жасау. Яғни, «пранк» блогерлердің оқырман жинаудағы сәнді «фишкасына» айналған. Себебі дәл осы пранк-видеолар көп қаралым жинап, қолданушылардың қызығушылығын оятады. Алайда, бұл жерде бір маңызды мәселе туындайды. Яғни, пранктың шекарасы қай жерде аяқталады? Яғни, әзіл қай кезде шын мәнінде күлкілі, ал қай сәтте ол біреудің ар-намысына тиюі мүмкін? Осы сұрақ – бүгінгі қоғам үшін өте өзекті.
Бала күнімізде лагерьде түнде ұйықтап жатқан досымыздың бетіне тіс пастасын жағып қою сол кездің сәніне айналған қалжың ойын емес пе еді? Мұндай әзілдер достықтың белгісі саналатын, әрі ешкім ренжімейтін. Тап сол жағдайды бүгінгі балаға айтсаңыз, олар мұны «пранк» деп қабылдайды. Иә, мүмкін солай шығар. Әйтсе де, ол кезде «пранк» деген термин жоқ еді. Бұл – қарапайым қалжың, көңіл көтеру құралы болатын. Десе де, қазір көшедегі өзге адамдарға «эксперимент», «пранк» жасау сәнде. Алайда, мұндай әзілдердің шектен шығып бара жатқаны байқалады. Мысалы, «жақыны қаза болды» деп немесе «көлік апатына ұшырадым» деген сынды жалған ақпарат тарату арқылы пранк жасау – ақылға қонымсыз әрі адам өміріне, психикасына зиян келтіретін іс-әрекет. Сондай-ақ, соңғы уақытта кең таралған «жолдасыма пранк» деген сылтаумен әйелі түрлі қорқынышты кейіпке еніп, бет-әлпетін ужастик фильмдердегі кейіпкерлерше бояп, күйеуін шошыту да тағы бір орынсыз трендке айналды. Бірақ, бұл пранк-видеоларды көріп отырып қарқылдап бір күліп алғанымызбен, артында ауыр зіл жатқанын байқауға болады.
Расында да, күлкі тудыру үшін жасалған мұндай қалжыңдардың соңы кейде қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, әлемнің кей елдерінде осындай пранк салдарынан жүрегі сыр берген немесе үрейге бой алдырған адамдардың көз жұмған оқиғалары да тіркелген. Сондықтан мұны тек әзіл ретінде қарастыру дұрыс емес. Осы тұрғыда психолог мамандардың да пікіріне құлақ асқан жөн.
– Қазіргі кезде жастар арасында кеңінен таралып жатқан «пранк» мәдениеті қоғам үшін алаңдатарлық құбылысқа айналып отыр. Әсіресе, әлеуметтік желіде танымал болуға ұмтылған кейбір адамдар шектен шыққан әрекеттерге барып жатады. Бұл бір қарағанда қызықты әрі зиянсыз болып көрінгенімен, шын мәнінде, адамның психологиялық саулығына едәуір қауіп төндіруі мүмкін. Психология тұрғысынан алғанда, кез келген адам өзінің қауіпсіздігін сезінгісі келеді. Ал кенеттен жасалған қорқынышты немесе агрессивті мазмұндағы пранктер адамның жүйкесіне салмақ түсіреді, — дейді психолог-терапевт маманы Перизат Акимова.
Мұндай жағдайлар, әсіресе, жүрегі әлсіз, үрейге бейім немесе бұрын психологиялық жарақат алған адамдарға ауыр соққы болуы мүмкін екен. Психолог маманының айтуынша, кей кездері бұл тіпті посттравматикалық стресс пен паникалық шабуылға әкелуі ықтимал.
– Сондықтан ата-аналарға, ұстаздарға және қоғамға ортақ міндет – жастарға саналы интернет мәдениетін қалыптастыру, эмоциялық интеллектіні дамыту, шынайы қарым-қатынастың маңызын түсіндіру. Әзіл – тек күлкі емес, ол мәдениет пен жауапкершіліктің де көрсеткіші екенін ұмытпауымыз керек, — деді П.Акимова.
Бүгінде кей елдерде пранк жасап, қоғамдық тәртіпті бұзғандар, жалған ақпарат таратқандар заң жүзінде жауапқа тартылып жатыр. Елімізде де осы бағытта тиісті заңнамалық өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл – ерсі әрекеттердің алдын алу үшін қажетті қадам. Әрине, әзіл – адамның көңілін көтеретін, өмірге шуақ сыйлайтын құбылыс. Бірақ әр нәрсенің шегі мен орны болатынын ұмытпау керек. Әзіл адамның абыройына, денсаулығына немесе тыныштығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар, адамды қорламаса, ренжітпесе, қорқыныш, күйзеліс туғызбаса, ұятты, намысты қозғамаса, жалған ақпарат таратпаса онда оны жеңіл әзіл ретінде қабылдауға болады.
Сондықтан да қазіргі жастар арасында жауапкершілік, этика, адамгершілік секілді құндылықтарды нығайту аса маңызды. Әлеуметтік желіде танымал болу үшін емес, айналасына шынайы қуаныш сыйлау үшін әрекет ету – саналы азаматтың таңдауы.
Сонымен, қорыта келе, қазақы қалжың – бауырмалдық пен сүйіспеншіліктен туатын мәдени ұғым. Біз әзілді тек достықты бекемдеу үшін қолданатын болсақ ғана шынайы әзіл мен жасандылықтың аражігін айқын ажырата аламыз. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!