Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отанды сүюге ерін емес, жүрек керек

14.11.2024, 11:20 72

Бірінші көрініс. Екі жігіт әңгіме үстінде. Біріншісі екіншісіне: «Досым, мен кететін болып шештім. Түркиядағы танысым шақырып отыр. Болашағымды сол жақпен байланыстырсам деймін. Мұнда (Қазақстанда) аулайтын ештеңе қалмады!».

Екінші көрініс. Жанжалдасқан екеу. Дүкенші һәм сатып алушы. Сатып алушы: «Қазақ тілінде қызмет көрсетсеңіз», – деген талабын қойып тұр. Ал дүкенші: «Не могу говорить на обезьянском», – дейді.

Үшінші көрініс. Қазақ бала әкесі әперген күшікпен ойнап жүр. Бала: «Кә-кә,  Мұхтар!  дейді  итін  шақырып.

Осынау үш көріністен нені аңғардыңыз? Төбеңізден мұздай су құйып жібергендей әсер етті ме? Әлде талай дүниеге өлген ет бұл жолы да кеуде тұсындағы сезім ошағы жүректі дір еткізбеді ме? Бәлки, қалыпты жайттар болар?!

Жалпы, Отанды сүю деген бар. Батыр Бауыржан: «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дегенді айтқан. Ерінмен еміренуге келмейтін сезімді қалай суреттеуге болады? Жалпы, патриотизмнің парқына барып жүрміз бе?

Әуелі үшінші көрініске қам­шы тартайық. Қазақ баласы итіне «Мұхтар» есімін беріпті. Бәлки, ұлттық құндылықтың иісі мұрнына бармайтын шаңырақта өскен ұрпақ, мүмкін орысша тәрбиенің бұлағынан сусындаған бала?! Әйтпесе, исі қазақ итті «Мұхтар» деп шақырмас еді-ау! Бәленің бәрі ресейлік «Ко мне, Мухтар», «Возвращение Мухтара» деген фильмдерден басталып отыр. Мұндағы басты кейіпкер итке осындай есім телінген. Ондағы жеті қазынаның бірі алғыр, қылмысқа жаны қас, қағылез. Ал біздің әлгі бала сол фильм­ге еліктеген болуы керек, итін солай шақырып жүр. Қай Мұхтар? Қазақтың дара да дана Мұхтары көп. Бірақ, ит Мұхтар болмауы керек еді! Қазір үйіңізге күшік алып, есімін «Иван» не «Виктор» деп қойыңызшы. Күллі Ресей атойласын. Болмаса айырқалпақты ағайынның бір баласы күшігін «Манас» не «Шыңғыс» деп шақырсыншы, иттің де, баланың да ертеңі қалай боларын болжау қиын. Өйт­кені, Отан адамынан, тұл­ғасынан  басталады.

Өткенде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских журналистердің сұрағына қазақ тілінде жауап бере бастады. Кенет өзге тілші орысша жауап беруін өтінеді. Оған сенатор: «Мен сізге қазақша айтайын, аудармашыларыңыз бар ғой? Қазақстанда жүріп жатырмыз, керек болса, аударып аларсыз» деді де жөніне кетті. Үлгі ме? Үлгі! Тағы бір жайт, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қазіргі жаттықтырушысы С.Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті «французша сөйлеп тұрсың ба?» деп келемеждеген еді. Қазақстаннан нәпақа тауып жүрген жаттықтырушы Шиповскихтен үлгі алса нетті?! Бәлки, Қазақстанда тумағанын айғақтап тұр ма? Дейтұрғанмен, Қазақстанда туып, тамыр жа­йып, өсіп-өнген Кирилл Божко деген отандасымыз қазақ тілін «маймылдың шүлдірі­не» теңегенін ұмыта алмай жүрміз әлі. Екінші көріністегі жағдаят сол оқиғаның жалғасы іспетті. Бейнеге түсіріп, таспа­ға жазбағасын кіммен дауласпақсың? Дейтұрғанмен, Қазақ­станды Отаным, Отан-Анам деп білетін жұрт қазақ тіліне де құрметпен қарауы міндет емес пе?! Оның үстіне жуырда ғана «Қазақ мектептеріндегі білім төмен» деген жаңалықты кей сайт жамырай жазды. Мұндағы мақсат түсініксіз. Олар қазақ тілінде білім беретін мектептердің білім беруіне тіл тигізген жоқ, Отанымыз Қазақстанның мемлекеттік тіліне «күмәнмен» қарады деуге толық негіз бар. Шын мәнінде патриотизм, Отанды сүю тілінен басталады емес  пе?!

Әуелгі көрініске келейік. Табыс табу үшін шетелге кетуге бел буған жігіттің әңгімесі деп топшылау орынды. Бірақ, Қазақстанның болашағына кү­мән келтіру отаншылдықтың табиғатынан емес. Кез келген тілшіні алыңыз, «Еліміз құлайды» не «Қазақстанның болашағы қиын» деген қисынсыз әңгімені айтпайды һәм жазбайды. Өйткені, журналист жалқының емес, жалпының атынан сөйлейді. Бірдің емес, мыңның, әрісі миллионның мұңын айтып, сөзін қуаттайды. Сондықтан мұндай сөз тілшілердің миында атой салуы мүмкін емес. Отырысқа не халық жиылған жерге бара қалсаңыз, мақұл, алысқа бармай, еліміздің саяси өмірін жіліктей салатын көлік жүргізушінің, таксистің жанына отыра қалсаңыз, болашақты бұлыңғыр ете салады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді ұмытады-ау кейде. Отанын шын сүйетін адам келешекке күмән келтірмес  болар. Өйткені патриотизм – өзі туған, өзі өсіп-өнген топырақ­қа  адалдық.

Сөз арасын қисынды оймен сараласақ, бізді, біздің сананы адастырып жүрген бір сөз бар «Ұлы Отан соғысы» деген. КСРО мен фашистік Германия арасындағы соғыс қой. Күллі әлем Екінші дүниежүзілік соғыс деп білетін тарихи оқиғаны біз кейде осылай атап жүрміз. Сол соғысты біз неге басқаша атауымыз керек? Отанның үлкен не кішісі болушы ма еді? Ұрпаққа Ресей территориясын Ұлы Отан деп, Қазақстанды кіші Отан деп үйретпекпіз бе? Мұзбалақ Мұқағали екі Отанның болмасын екшеп берді емес пе?! «Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай» деген еді бір ақын. Сондықтан жастарды, Қазақстанның елшіл, отаншыл ұрпағын шатас­тырмас үшін тари­хи оқиғаны өз атымен  атаған  жөн  болар.

«Ұйқы басқан қабағын,

Бастыра киген тымағын,

Жалқаулықты жар көрген,

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен,

Бірге жусап, бірге өрген,

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін,

Сол елімді сүйемін!», – дейді Мағжан Жұмабай.

Қазақстанды, жалғыз Отанымызды оның барлық құндылығы мен кемшілігіне қарамай сүю керек-ақ. Себебі, Отанды сүюге ерін емес, жүрек керек.

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: