Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы.
Әркімнің де өсіп-өнетін жері – оның Отаны. Адам туған жерін, Отанын қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» халық нақылы. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың қастерлі борышы.
Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда «Отанды сүю иманнан» деген ұғым бар. «Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» дегендей, расымен де туған жерге, Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпы адамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.
Жер бетінде Отанынан, егемендігінен айрылған, басқаға тәуелді ұлт-ұлыстар қаншама?! Асан Қайғы Отанынан айрылып аңырап қалған адамның жаны әрдайым жаралы болатындығын былайша жеткізген:
Ата жұрты бұқара
Өз қолыңда болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп!
«Ерім дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Сол үшін Отаншылдық рухы бар, ұлтжанды, иманжүзді ұрпақ тәрбиелеу бүкіл елдің міндеті. Бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу басты мәселе болып тұр.
Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Отанды сүю, туған елге құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Отаншылдықтың бір көрінісі туған елге ие болып қалатын отаншыл, рухы биік иманды ұрпақ тәрбиелеу.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн.
Біз ортақ үйіміз, Отанымыз – Қазақстан үшін, еліміздің бірлігі үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Мемлекет бізге не береді деп емес, біз осы елдің дамуы үшін не істей аламыз деп жұмыс жүргізуіміз қажет.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз», – деген. Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолындай қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Отанымыз – біздің алтын шаңырағымыз. Әрдайым шаңырағымыз биік бола берсін! Алла отанымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, өмір бойы мәңгілік бақытқа жеткізе бергей! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Жақсыбек ӘБЕНОВ,
облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық
мешітінің наиб имамы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!