Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орыс шовинистерін ұлардай шулатып отырған кім?

09.01.2021, 11:00 1139

HALYQLINE.KZ

Соңғы уақытта мені қатты толғандырып жүрген дүниенің бірі – ел болып қала аламыз ба, жоқ әлде, жер бетінен қаңбақтай көшіп жоғаламыз ба деген ой. Өйткені өз елінде, өз топырағында қазақтан абыройсыз, қазақтан құнсыз, қазақтан арзан адам болмай тұр. Үй жалдап қаңғырып жүрген кім – қазақ. Несиесін төлей алмай шырылдап жүрген кім – қазақ! Өзге ұлтпен жанжалдасып қалса кім сотталады – қазақ! Жаңаөзенде оққа ұшқан кім – қазақ. Тілім деп шырылдап жүрген кім – қазақ. Жерім сатылмасын деп жүрген кім – қазақ. Қазақ… Қазақ… Неге бұлай деп билікке қарасаң, онда отырғанның да бәрі дерлік қазақ. Онда неге болып жүрміз өзгелерге мазақ!

Біздің жоғарыдағылар осы кітап оқымайды-ау деймін. Әй, оқымайды. Оқыса Платонның: «Мен заңның ешқандай күшi болмайтын және бiреудiң билiгiндегi мемлекеттiң күнi санаулы екенiн айта аламын. Билеушiлер заңның құлы болатын мемлекеттің адамдарына Құдай игілік сыйлайды» дегенін қаперге алар еді ғой…

Бұрындары «бір президент басқарған мемлекет жемқорлыққа бой алдырады, ол кетпей өзгеріс болмайды» дегенге сеніп келдік. Екінші президент келіп, бұрынғы президент оған болса да «серік» өзгерген ештеңе көре алмай тұрмыз. Бәрі де баяғыдай. Баяғыдай көршіміз Ресей көңіліне жақпай қалсақ тұқыртып алады. Жерімізге көз алартып, ызалы сөздерімен «шықпыртып» алады. Тілдің жағдайы анау, солтүстікті даулап жатқаны мынау. Қазақ қайда барып күн көреді?

Құйрығы жоқ, жалы жоқ-

Құлан қайтіп күн көрер?!

Аяғы жоқ, қолы жоқ-

Жылан қайтіп күн көрер!?

Шыбын шықса жаз болып –

Таздар қайтіп күн көрер?!

Жалаң аяқ балапан,

Қаздар қайтіп күн көрер!?, – деген Асан қайғы бабам қазір көзі тірі болса, осы жырының соңына:

Ресейге жалтақтап,

Қазақ қайтіп күн көрер – дейтініне шүбәсіз сенемін.

Қарға бойлы Қазтуған атанған әйгілі жорық жырауы, батыр – Қазтуған Сүйінішұлы XV ғасыр шамасында жазған жырында:

Еділді қоныс етпеңіз,

Жағалай қалмақ алады.

Жайықты қоныс етпеңіз,

Сыдыра біткен көкжиек,

Кәпірлер қала салады.

Аштарханды қоныс етпеңіз,

Шәһәрін оның алады – деп толғаған екен. Қазтуған бабам жырлаған Аштархан қаласы бүгінгі Ресей жеріндегі Астрахан екенін кім білмейді.

Олай болса орыс шовинистерінің айтып жүрген сандырағына жол болсын!

Ресей шовинизмінің бір мүйізін ұстап жүретін Жириновскийдің қазақтарды әлсін-әлсін мазақ етіп, сөзбен түйреп тұратын әдеті бар баяғыдан: «Қазақстан деген ел адамзат тарихында болмаған. Мына өзбектерде ең болмаса Үргеніш, Бұхара секілді қалалар болды. Хандық болды. Ал оңтүстік Сібірде ештеңе болған жоқ. Бұл – Сталиннің ойдан шығарған қиялы. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Қазақстанның солтүстік облыстарының барлығы дерлік орыстың жері». Ол бұл сөзді айтқалы да 10 жылдың жүзі болып қалды.

Марқұм Ақселеу Сейдімбек замандасым аңырап отырып жазған қазақтың Ресей аумағындағы қалаларын санамалап беруге, «жынды мен жынды» болғысы келмеді мен әлде биліктің ыңғайына қарады ма, әйтеуір біздің тарихшылар үнсіз қалды.

2005 жылы Жириновскийдің территориялық қақтығысқа шақыратын арандату пікірі қазақ қоғамында біршама қарсылыққа тап болды. Оны «нон грата» тұлғасы деп танып, Қазақстанға аяқ бастырмау керек деген бастамалар да көтерілді ұлтшыл азаматтар тарапынан. Алайда әркез әлдінің торына түсіп қалмау үшін, әліптің артын бағатын билік бұл провакацияны елемегенсіді.

Бірақ шиқанның сыздаса жарылатыны белгілі. Сол күнге де тақап қалған секілдіміз. Бұдан 10-15 жыл бұрын дума депутаты Жириновский мен Лимонов қазақтың тілі мен домбырасын қорласа, міне, енді, Никонов пен Федоров қазақтың жеріне ауыз салды. Өз ішімізден шыққан Тойчыбеков секілді «шіріген жұмыртқалар» да солардың жағында. Ол аз десеңіз сағатын Ресейдің уақытымен жүргізетін, соларға арқа сүйейтін, «қанша асырасаң да орманға қарап ұлитын» мысықтілеу орекеңдер жүр. Биліктің тұтқасын ұстап отырған аты қазақ, заты басқа шенеуніктерді қай топқа жатқызамыз?

Біздің бишара билікті аяйсың кейде. Өте дәрменсіз, рухсыз! Еңсесін көтеруге, көрші Ресейдің көзіне тіктеп қарауға қорқады. Баяғыда бабаларымыз азулы айғырға таланған сәурікті үйірге салмайды екен. Оның себебі бір рет таяқ жеген сәуріктің айбары қашып, айбыны жоғалып тісі батқан айғырды көрсе үйірін тастап қашуға дайын тұратынында болып тұр-ау. Біздің биліктің де қарекеті соған қатты ұқсайды қарап тұрсаң.

ПУТИН ШОВИНИСТЕРДІҢ ҚОЛЫМЕН ОТ КӨСЕП ОТЫР

Баяғыда бір әжеміз «Менің де Құдай аяр қылығым жоқ» деп қиналағанда өзін жұбатып жылаған екен. Тап қазір біздің кеп соған келіңкірейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әріректе, 2011 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Еңбекшіқазақ және Талғар ауданы малшыларының слетінде «Еш уақытта қазақ… қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, Біріккен Ұлттар Ұйымына жеткіздік… Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ», – деп өзіне дейінгі Алаш қайраткерлерінің еңбегін жоққа шығарғандай болды.

Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыдағы пікіріне ұқсас ойды 1990 жылы Ресей жазушысы Александр Солженицын, 2005 жылы Ресей мемлекетттік думасының депутаты Владимир Жириновский айтқан еді.

Ол ол ма, Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік «Селигер-2014» жастар форумы кезінде студенттердің Қазақстан жайлы сауалына жауап бергені еске түсіп тұр.

Кездесуде «Украинадағы ұлтшылдықты» қауіп қылған студент «Қазақстанның оңтүстігінде де ұлтшылдық көңіл күй артқанын», «мұны тежеп тұрған фактор – президент Назарбаев» екенін айта келе: «Назарбаев мырза президенттіктен кетсе, украин сценарийін күтеміз бе?» деп сұрады.

Оған Путин: – Әрине, бұл халқы Ресейден он есе аз ел, бірақ бәрібір үлкен ел. Қазақстандағы азаматтардың көбі Ресеймен қарым-қатынасты дамытуды жақтайтынына сенімдімін. Оны көріп, біліп отырмыз, – деді.

Путекең онымен тоқтамады, Назарбаевтың ерекше ісі – «ешқашан мемлекеті болмаған қазақтарға мемлекет жасап бергенін» айтып қалды.

– Ол ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған, – деді Ресей президенті.

Бар бәле Елбасының сөзінен шықты ма деп қоямын кейде. Өзіміз мемлекетті аяққа жығып берсек, кім көрінген оны басынан теуіп кетуге жақсы емес пе!

«Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді…» дегенді қазақ осындайда айтқан-ау тегінде…

Тәуелсіздік алғалы естіп келе жатқанымыз осы тектес арандатулар ғана. 30 жыл өтті. Ол кезде туған бала 30-ға келді. Естіп келе жатқандары «Қазақ деген ел болмаған, оларда шекара болмаған» деген ақылға сыйымсыз сөздер болып тұр. Ау, ағайын, қайда барамыз? Намысымызды осынша таптатардай басымызға не күн туды?

Тәуелсіздік күнін тойлауға санаулы уақыт қалғанда, нақтыласақ, 10 желтоқсан күні Ресей мемлекеттік «Первый канал» телеарнасында дума депутаты Вячислав Никонов «Қазақстан территориясы – Ресейдің берген сыйлығы» деп мәлімдеді.

Никоновтан кейін Ресей мемлекеттік думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров «біз қазаққа жер сыйладық» деген әңгімені өршіте түсті.

«Единая Россия» партиясының қос депутатының сөзін ЛДПР төрағасы Владимир Жириновский іліп алып кетті.

«Үйренген жау атыспаққа жақсы» деп, «Ит үреді, керуен көшеді» деп бәрін тағы да жылы жауап тастауға болар еді, бірақ ресейлік депутат Евгений Федоровтың Қазақстанға бағыттаған екінші «шабуылы» өрескел естілді. Адам түгіл ата-баба аруағының да «сай-сүйегі» шырқыраған шығар. Бірақ біздің Үкімет «көркем мінезділігін» тағы көрсетті. Ресейдің дума депутаттары «думандатып» сөйлеп жатқанда, Қазақ Парламентінің бір депутаты оларды дебатқа шақырып, «ақырып» жауап беруге жарамады. Ресейдің дума депутатары «Қазақтың жері – кеңес үкіметінің сыйы» деп көпіріп жатқанда Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты не қарап отырды? Қайда кәрі тарлан мәжілісмен Қуаныш Сұлтанов? Қайда бұрынғы абыройлы министр, еңбекқор облыс әкімі, қазіргі сенатор Мұхтар Құл-Мұхамед? Осындайда елі үшін тіліп-тіліп айтып тастаса жүздері де жарқын, істері де берекелене түсер еді-ау дейсің.

Аллаға шүкір, Сенатқа келген күннен бастап, АЗАМАТТЫҚ пікірін ашық айтатын сенатор Ақылбек Күрішбаев мырзаның (23.12.2020ж) алғашқылардың бірі болып айтқан ойларының жазба бейнесін ұсынуды жөн көрдім назарларыңызға: Кез келген мәселеге ұлттық таным тұрғысынан қарайтын Ақылбек Күрішбаев мырзаға халықтың ризашылығы шексіз.  https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1557331877988293&id=100011344883506

«Жайшылықта ауыз жаппас, айт дегенде өлең таппас» деген осы болғаны ма?.

Мәжіліс пен Мәслихаттан дәмелі бес партияның тым болмаса бір өкілі «Ей, сендер не тантып тұрсыңдар?» деп қарсылық білдіруге шамалары келмегесін не айтуға болады? «Болашақ депутаттардың» осы қылықтарынан-ақ олардың «болашағына» қазірден болжам жасай беруге болады ағайын.

Сонымен қазақтың жерін өзімізге «көпсінген» пәлеқор шенеунік енді еліміздің тәуелсіздігіне «күмәнмен қарайтынын» жасырмай отыр. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазаққа бұдан ауыр сынақ ешқашан болған емес.

1. «Қазақстан астанамыз Орынбор болған дейді. Шындығында Орынбор да, Қызылорда да, Алматы да, Қазақстан да Ресейдің бір субъектісі болды».

2. «Қазақ халқы (нация) болған емес. Халық деген ең жоғары статуста құрылады, әлемдік соғыс негізінде».

3. «Қазақстан деген болған жоқ. 1922 жылғы негізге қарасақ, оның тіпті 1 мм де жері жоқ».

4. «Қазақстан заңсыз және уақытша мойындалған деп пайымдаймын. КСРО тарады деген нақты бірде-бір құжат жоқ» және тағысын тағылар.

Қайталап айтамын біздің зиялы қауым, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан, депутаттар мен министрлер жағынан нақты жауап бола қоймады. Үй сыртынан күңк-күңк еткен дауыстар естіліп қалғанымен, биліктің енжарлығынан, ол «дауыстар» алысқа кетпей жатыр. Осы жерде айта кетейін, мемлекет солтүстікті қазақыландыруды, көшті жылдамдатуды дереу қолға алуы қажет. Бұл үшін ұлттық қордағы ақшаны аямай жұмсау керек. Бос жатқан жер ақыры «жау шақырды». Енді ол жерлерге мал мен жан толмаса, көршіміз Ресей мен Қытайдың «тәбеті оянып» араны ашылып тұр. Бұл кезек күттірмейтін мәселе! Одан бөлек, ең маңызды дүние – ішкі идеологиялық жұмыстарды күшейту, әсіресе, тарихи фильмдер түсіру, жастар арасындағы ұлттық насихатты арттыру да билікке сын!

Тағы да философ Платонға жүгінбекпін: «Ештеңені білмейтін, ештеңені білуге талпынбайтын адамның жағдайы қиын. Өйткені оның бойында екі кесел бар: бірі –  топастық, екіншісі – жалқаулық» депті.

Егер билік тез арада бұл шаруаны қолға алмаса, ұлт үшін отқа түсуге даяр халық талап етуге міндеттіміз!

Бабаларымыз «Іштен шыққан жау жаман» дегенді ескертіп кеткен бізге. Бірақ оған құлақ асып жатқан кім бар? Атақты түрік жазушысы Хусейн Нихал Атсыз: «Отаның мен халқыңа опасыз болу үшін міндетті түрде еліңді тонап, әскери құпияны жауға сату қажет емес. Дұшпанға тамсанып, өз мәдениеті мен тарихын мансұқтау, жаудың мүддесін өмір салтына енгізу де – сатқындық» деген екен. Көңілге қонатын-ақ дүние.

 

ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫНА ТӘУЕЛДІ «ХАБАР» НЕ ТАНТЫП ЖҮР?

Жау жағадан алғанда бөрі болып етектен тартатындар біздің ішімізде өріп жүр. Мұның бәрі жалтақтықтың зардабы. Түркия президенті Кемал Ататүрік секілді тәуелсіздікті ала сала «Бұл мемлекет Түрік мемлекеті. Демек бұл жердің тілі де түрікше болады. Үстемдік Түрік халқында. Соған көнетіндер қалсын, көнбейтіндер көшін сайласын» депті жарықтық. Соның арқасында қаншама ұлт пен ұлыс тұрса да тіл туралы проблема болған емес оларда.

Құдайы көршіміз, қандас бауырымыз өзбек президенті Ислам Кәримов та тәуелсіздік ала сала «Мемлекет өзбек ұлтына тиесілі. Кім өзбекті қолдамайды, өзбекше сөйлеуді қаламайды, есік ашық, барыңыздар. Оған мүмкіндік беремін. Бірақ кейін бәрі кеш болады. Осыны қазірден ойлаңыздар» деп ешкімге жалтақтамай ойын ашық айта білді. Соның арқасында Өзбекстанда біздегідей проблема болған емес. Болмайды да.

Біздегі ұлттық идеологияның қандай деңгейде екенін кешегі «Хабар» телеарнасындағы «Большая неделя» бағдарламасы әйгілеп берді. Жүргізушісі Димитрий Олейниковтың бір саусағы ішіне «бүгулі» болып шықты.

«Мемлекеттік телеарналар «Хабар» мен «Қазақстан» кімге қызмет етеді?» деген сауал халықтың көкейінде кілкіп тұр қазір. Жылына миллиардтаған теңге бөлінеді бұларға бюджеттен. Бірақ, никоновтар мен Кремль қазақтың тәуелсіздігіне, мемлекеттілігіне қарсы шығып, жерімізге көз алартқанда бұл арналардың басшылары тұрмақ, жүздеген журналистерінің бірі елдігімізді қорғап, аузын аша алмады! Міне, саған демократия. Міне, саған шындық!

Ресейлік сарапшы, қазақтың жоғын түгендеп жүрген азамат Максим Шевченко Кремльдің Қазақстанға қатысты арам пиғылын әшкерелемек болып еді, «Хабардың» Олейников деген журналисі оның сөзін қайта-қайта бөліп, аузын аштырмады. Сонда «Хабар» никоновтардың біздің елімізге шүйлігуін қолдап отырғаны ма? Әлде хабар басшылығы журналисттік еркіндік деп құтылғысы келе ме? Ұлттық мүдде көкпарға түскен жерде, әділетсіздік төске шапқан тұста елім деп еңіреген журналист, мәселені қазақтың ыңғайына жығатын тұсқа икемдеуі керек еді ғой. Егер ақиқатты айқара айтқысы келсе «Хабар» көтеретін проблема бізде жетіп артылады, қарақтарым.

Демек, Олейниковтың артында, оны қолдайтын ынжық, мүсәпір, рухсыз Қазақстан билігінің позициясы тұр деген сөз. Тәуелсіздігімізді қорғай алмайтын, жерімізді тартып алғысы келіп отырған шибөрілерге қарсы сөз айта алмайтын мұндай билік бізге керек пе? Жоқ, әрине! Қазіргі билік басында отырғандардың көпшілігі — құлдық санаға мойынсұнып, бұрынғы қожайынға табынып отырғандар. Мемлекеттік арналарға тапсырма беріп отырғандар да сол, оны бұлжытпай орындап жүрген де сол құлдық санадағы журналистер.

Ал мына Олейников сияқтыларды, «Хабардың» басшысы Бекқожинді дереу орнынан алып, мемлекеттік арнада істейтін құқы бар ма??!. Эфирдегі сөздерінен-ақ бұлардың ұлттық мүддені емес, жат елдің позициясын қолдап отырғаны анық байқалады!

Астыртын зерттеу жүргізіп көрсек, Никонов деген империяшылды ақтаушы қазақ теңгесіне күн көріп жүрген Дмитрий Олейников деген хабар журналисті бұрын анау Рика ТВ арнасынан келген екен. Естеріңізде болса, Рика ТВ журналисті кезінде орысшаға жауап бермеген адамға нацист деген болатын…

Демек, мемлекет қаржыландырып отырған «Хабардың» орыстілді журналистері «орыс әлемінің айнымас сарбаздары» деуге әбден лайық!

Григорий Беденко деген журналист бар тура осындай пікірдегі. «Хабардың» апталық қорытынды жаңалықтарын жүргізетін бұрын ОРТ-Еуразия телеарнасында ресейшіл, путиншіл, империяшыл көзқарастарымен ерекшеленген Александр Трухачев деген журналист-сымақ та жүр. Осыдан-ақ «Хабар» басшысы Бекқожиннің пиғылы көрініп қалды. Енді ақ пен қараны ашып беруді ҚР Прокуратурасынан және биліктен халық талап етеді!

Шевченко кім? Ол Ресейде тұрса да, бір топ шовинистпен жалғыз өзі алысып жүрген абадан! Аулының қайқы құйрық иттерінің талауына түсіп таланса да өз ұстанымынан таймаған арлан қасқыр. Қазақстанды жақтап, тамақ жыртып жүрсе, біз қазақтар оның бетіне түкіргендей болдық. Ұят-ай.

Қайсы бір жылы Ресей басшысы В.Путин Қазақстан деген мемлекет болмаған деген кезде «о не далбаса?!» деп қарсы шыққан да осы Шевченко еді. Негізі М.Шевченко қолын бір сілтеп өз жөнімен отыра берсе де болар еді. Бірақ бейғамдық танытпай, бүкіл Ресейдің ішінен жалғыз өзі шырылдап жүр. Оны осы үшін-ақ сыйлауға болады.

Түсінемін, еліміздің ресми каналынан Шевченконы неге сөйлетесіңдер деп көршілер ренжиді, достығымызға сызат түседі, деп қауіптенген шығар. Ондайлары бар екен, Шевченконы мүлдем сөйлеттірмеу керек еді ғой…

Әлеуметтік желідегі оқырман «Қазақтың елінде Хабар арнасының төрінде Димитрий Ресейге бүйрегі бұрып сөйлесе, Кремльдегі шовнистер не демейді, ә? Сұрапыл сұмдық қой мынау? Үкімет не қарап отыр? Осы орайда ақпарат және даму министрі Аида Балаевадан Димитрий Олейниковқа арнайы шара қолданып қызметтен қууын ресми түрде талап етеміз! «Хабар» басшысы Бекқожиннің моралдық тұрғыдан қазақ халқына қызмет көрсетуге құқы жоқ» деп шулап жатқанын да айта кету міндетім.

Қазақ билігінің не ойлағаны бары бізге беймәлім. «Ұр, тоқпақ» Ресейдің соққысына қашанға шыдайды, ол да белгісіз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Төзімділік деген – жақсы қасиет. Бірақ төзе беруге өмір қысқа» деп неге айтты екен дейтін бір қазақ көре алмай жүрмін жоғарыдан. Ел сенім артқан жақсы мен жайсаңнан, ақсақал мен қарасақалдан.

Бас көтерер азаматтар жоқ демеймін, бір Тоқтар Әубәкіровтың өзі неге тұрады? Елдің жағдайын айтып та жүр, айтамын деп биліктен беті де қайтып жүр. Асанәлі Әшімов ағам да соңғы сұхбатында халықтың қабырғасына бататын сайлаудың бүгінгі сұрқы туралы жақсы айтты. Ал халықтың күні «кіжінумен» өтіп жатыр.

Маңайға бір сәт көз салсақ, арғы-бергі тарихты қопарсақ, КСРО-дан бөлініп шығып, Ресейдің «нысанасына» айналған елдерге көз жүгірсек оңғаны жоқ. Мені мазалайтыны, «Өгізге туған күн бұзауға да туа ма» деген үрей! Өйткені Ресейдің агрессиялық шабуылдарына қарап отырып көріпкел болудың дым қажеті бола қоймас.

Кезінде Шешенстанды отқа орап шерін тарқатты Ресей, Грузияны дірілдетіп аяққа жықты Ресей, Украйнаны «жаңқалап» жерін тартып алды Ресей! Ендігі кезек кімдікі?

Айтпақшы, тарпаңдығын көрсетіп, «ноқтаға» басын сұққысы келмеген Украинаға сонау жылдары Жириновскийдің айтқан мына сөзіне назар аударып көріңізші?

(Қырым Ресейге тиесілі деген сөз Украйна халқының шымбайына батып ереуілдетіп жатқан уақыт еді ғой. Кешегі шовинистердің Қазақстанның солтүстік өңірлері Ресейдікі деп сандалып жатқан кезі-тін. Неткен ұқсастық, ә!).

Әйгілі шовинист: «Балақайлар, ойындарың қанған болар. Бірдеңеге ұрынып қалмай тұрғанда тезірек үйге қайтыңдар. Әлі де кеш емес, еркеліктеріңді кешіреміз» деуінің астарында ащы мысқыл жатты емес пе сол кезде? Көп өтпей «жаманның айтқаны емес сандырағы» келді. Соғыс өрті бұрқ ете түсті. Украйна Қырымнан айырылып «қаңқ» етті. Путиннің дауысы «саңқ» етті.

Славян тектес, ет жақын діндес қандасын аямаған Ресейден бәрі күтуге болатынын қаперге алатын уақыт әлдеқашан келгенін аңғармау, өзге елдерден сабақ алмау қазақ үшін бақ па, сор ма?!

Интернет заманы ғой. Телеграмдағы Ресей арнайы қызметінің каналы: Ресей қаласа он күнде Қазақстанды басып алады депті. Көрдіңіздер ме қорқытып қойғылары келеді. Бұға берсең сұға бермек, зәнталақтар.

УНІАН украиналық жаңалықтар агенттігінің тілшісі Роман ЦИМБАЛЮК қазақ жерін даулаған ресейлік депутаттардың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріпті.

«Қазақтарға айтарым. Украина мен Ресей арасында достық, серіктестік жөнінде үлкен келісім болған. Алайда Украина үшін сын сағатта Ресей ол құжатпен бір жерлерін сүртіп тастап, президентінің қолы түкке тұрғысыз екенін көрсетті. Сөйтіп Украинаға әскерін кіргізді. Қазақтар осыдан қорытынды шығарса дейсің», – деді украиналық журналист УНІАН ютуб каналында. Бұл құлақ асар кеңес деп білемін. Мен айтсам қауіп еткеннен айтамын ғой!

СОЛТҮСТІКТЕГІ ҚОС ҚАЛА – ТОҚТАМЫС пен АБЫЛАЙ АТАЛСЫН!

ТҮЙІН: Ресей парламентарийі Қазақстанның территориялық тұтастығына көз алартып, жерімізге, Тәуелсіздігімізге сұқтанды. Мыңдаған, миллиондаған қазақтың қанымен келген жеріміз бен мемлекеттігімізді жоққа шығарды. «Қазақтың жері Ресей мен КСРО-ның сыйлығы», «Қазақстан территорияны қайтаруы тиіс» деген мағынада түрлі пікірлер айтты.

Ресей Думасының В.Никонов, Е.Федоров, В.Жириновский секілді депутаттарының «соғыс» тілеген бұл сөздеріне ҚР Сыртқы істер министрлігі мен бірлі-жарым саяси партия үн қатып, «олардікі – қысыр сиырдың қыңырлығы» деп сөйлегенімен, орыс Думасының депутаттары дегендерінен қайтқан жоқ. Дәл осындай жағдайда Ресей президенті Путин бәрінен хабарсыз отыр дегенге кім сенер? Оның бір ауыз сөзі «шешендер» мен «көсемдердің» «Екі елі ауыздарына төрт елі қақпақ» болуға жарап жатыр емес пе. Бірақ Путин үнсіз!

Сонымен РФ және РФ аумағынан тыс орналасқан орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары дүркін-дүркін сөйлеп жатыр. Әлі де… Әсіресе, Евгений Федоров дейтін адам. Осы Федоров деген адам «Ұлттық азат ету қозғалысы» саяси бірлестігінің лидері екен.

Дәл осы «Ұлттық азат ету қозғалысы» (народно освободительное движение, қысқаша – НОД) 2012 жылы Ресейде құрылған. Оның негізін қалаушы – Евгений Алексеевич Федоров. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан. Оңбаған Қазақстанға ең жау адам.

Сөйте тұра ең сорақысы осы – Федоровтың «Ұлттық азат ету қозғалысының» бір филиалы Қазақстанда да жұмыс істеп жатқандығы. «НОД АСТАНА» деп аталатын сайттары ашық тұр. Жай тұрған жоқ, «Біздің қатарымызға қосыл» деп, шақырып тұр.

Басқы бетінің өзінде-ақ: «1991 жылы Қазақстан 40 жылдық қырғиқабақ соғыстан АҚШ-қа жеңілді!» деп, жазылған.

Онан соң: «Қазақстан 1991 жылдан бері АҚШ-тың колониясы болып келеді. АҚШ-тың құлы болма! Құлдыққа – «жоқ» де! Астанадағы Ұлттық азат ету қозғалысына қосыл!» дейді. Әрі қарай тіпті сорақы: «Теңге доллардың туындысы. Қазақстанның Егемендігі жоқ. Біздің құқықтық кеңістікте Конституция басымдығы жолындағы Путиннің бағытын қолда» дейді. Онымен қоймай Ресей Конституциясын өзгертуге қатысты бірнеше мәлімдеме жасаған. Одан кейін: «Ояныңдар! Дұрыс іс-әреккет етуді бастаңдар! Заңды түрде! АСТАНА ҰАҚ-на қосыл!

Бланкіні толтырып, қолыңды қой да, КСРО ликвидациясы туралы заңсыз шешімнің күшін жоюды талап ет!» дейді.

Бұдан асқан басыну, бұдан асқан қорлық болмас.

Өздерінің айтуынша, «НОД» жақтастарының саны бүгінде 194 543 адамды құрайды екен. Осы уақытқа дейін Қазақстанда 28 049 акция өткізіпті.

Ел ішінде іріткі салып, Қазақстанның Тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын мойындамауға, Қазақстанды Ресейдің құрамына қосуға үгіттеп отырған Федоровтың ұйымы басқа-басқа емес, еліміздің дәл астанасында ашықтан-ашық жұмыс істеп отырғанын қалай түсінуге болады? Еліміз бен жерімізге көз алартқан арандатушылардың ашық үгіт жасауы – Тәуелсіздігімізге үлкен қатер екені анық! Бұл бассыздықтың жолы қашан кесіледі? Кім кеседі?

Орыс шовинистеріне жалғыз өзі қарсы тұрған Максим Шевченконың сөзін тыңдап отырсаң тұңғыш президентке деген ризашылығын сезінесің. Елбасының Ресейді бірде алдап, бірде арбап 30 жылға жуық ара-қатынасты сақтап келгеніне тәнті екенін ұғынасың.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме қазақ! Қаншама қателігі болса да Нұрсұлтан Назарбаевтың «астананы» Алматыдан Целиноградқа ауыстыруының стратегиялық тұрғыдан мықты шешім болғанын мойындаймын өз басым. Бұл тарихи оқиға болып тарихқа аты алтын әріппен жазыларына сенімдімін. Өйткені орыс – орманы тұнып тұрған аймақ болса Ресей шовиенистері көздерін алартып қарар еді. Ал бүгінде қазақтың үні мен күйі жарқын шыққан өлкеде ешкімнің әкесінің құны жоқ.

Әлі де болса кеш емес, жоғарыда да айттым, билік басындағы азаматтар Солтүстік өңірлерге қазақтың көшін көбейте түсуі – уақыт талабы. Біздің арамыздағы Ресейге арқа сүйейтін топтарды тілі мен діні алашұбар қазақтар қолдап кетуі әбден мүмкін. Бұл қазақ ұлтының құрдымға кетуіне төте жол! Сол үшін мемлекеттік тілдің қадірін көтеріп, жастарға патриоттық тәрбиені күшейтіп, кез келген Қазақстан тұрғыны боксшы Геннадий Головкин секілді «Мен қазақпын» деп кеудесін ұрып тұрмаса, жағдайымыз күн өткен сайын қиындай түсеріне күмән болмасын!

Осыдан біраз бұрын қазақтың намысты жігіттері Петропавлды «Қызылжар» атандыру турасында орынды мәселе көтергендігін отандық БАҚ жарыса жазды. Журналист Нұргелді Әбдіғаниұлының «Петропавл қашан Қызылжар болады?» атты мақаласы да жарық көрді.

Кейінірек осы мәселені фейке айналдырған ресейлік «Комсомольская Правда Казахстана» газетіндегі жарияланымды оқып шалқамыздан түсе жаздадық.

Анатолий Пактің авторлығымен жарық көрген мақаладағы «В акимате Петропавловска назвали фальшивыми фотографии с призывами о переименовании города в Кызылжар» деген жолдар көп нәрсені аңғартады. Әрі әкімшілік осы мәселеге қатысты қазақтың намысты жігіттерінің іс-әрекетін фейк атандыру үшін ресейшіл БАҚ алдында зыр жүгіріп, зор тер төгіп өз зерттемесін де жасапты. Бұл енді сатқындық емей не?

«Сонда бүтіндей бір қаланың әкімшілігі кімнің алдында ақталып отыр өзі?» деген заңды сұрақ туады. Әлде еліміздің солтүстігіндегі шенеуініктер Нұр-Сұлтаннан емес, Мәскеудің кәрінен қорқа ма? Әлде олар өздерінің қай мемлекеттің нанын жеп, суын ішіп отырғандарын білмейтін мәңгүрттер ме!? – деген дүдәмал ойға да қалады екенсің!?

Кейде жамандықтың да жақсылығы болады деген рас сияқты. Никонов, Федоров, Жириновский секілді шовинистер кейбір Ресейшіл қазақтардың намысын оятып жатқанын естіп бір қуандым.

⠀ФБ-да журналист Асхат Қасенғали: «Бүгін түсте бір таныс жігіттермен түскі ас іштік. Арасында Ресей десе ішкен асын жерге қоятын, «Ресей бізді батыстан да, Қытайдан да қорғайды» деп жүрген бір досымыз бар. Сол өзгеріп кетіпті. «Никонов айтқандай солтүстікті алып алса қайтеміз» дейді. «Ей, сен Ресей десе өліп-өшіп тұратын едің ғой» десек, сәл өзі ұялыңқырап қалды. Ойы өзгеріпті. Қанша кездесу, қанша басқосуда осы тақырыпта пікірталас жасадық, ойын мүлде өзгертпейтін. Енді соның ойын Никонов, Федоровтар өзгерткеніне қайран қалдым» деп жазды. Демек баладай аңғал, даладай кең жүрек біраз қазақтар «Ресей бізді қолдап, қорғайды» деген жалаң түсініктен арылып келеді. Бұл – жақсылық нышаны.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» көрші Ресей елінің үш бірдей депутатының жүйесіз айтып отырған қисынға келмейтін пікірлері еліміздің барлық тұрғындарының ашу-ызасын туғызғаны шындық. Сенатор Aқылбек Күрішбаев мырза үнсіз қалуды жөн көрмесе керек өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіпті. Ол кісі елімізге қарсы шыққан Ресей Мемлекеттік Думасы депутаттарының Қазақстанға келуіне, кіруіне мүлдем тыйым салуға шақырып отыр. Мұны билік қолдамаса да, халық қолдайтынына кәміл сенемін!

⠀Орыс шовинистері қазақта жер жоқ деп көкіп жүр. Олар мына тарихи жағдайды біле ме екен? Білсе де көздерін жұмып өте шығатын шығар?

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады.

Белгілі алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай бір мақаласында: «12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол исі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де Алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді.

Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды. Бұл – олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды. Ал осы айтулы дата бүгінде көптің назарынан тыс қалды. Ескерілмеді. Сондықтан мұны біз айтып, халықтың есіне түсіріп қою – парызымыз деп жазды.

Алашты дәріптеуге келгенде биліктің немқұрайдылығы келешек ұрпақтың да көп нәрседен хабарсыз қалуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан алаш еңбектерін көптеп жариялау да билікке сын болып тұр!

Бір әлеуметтік желі қолданушы: «Ресей «депутатымен» болған сұхбатты тыңдадым. Қазақтың рухын сездім. Сосын жүрегіме үңілдім. Ашаршылық кегі, қаралы көш кегі, Памирде мұз жастанған қазақтың кегі, Пәкістандағы сүзектен қырылған қазақтың кегі, Жалама тірідей тұлып қылып сойған қазақтың кегі, Оспан мен Бүркітбайдың кегі, 37-39 ж.ж. қуғынға ұшыраған, атылған боздақтардың кегі, Алаштың кегі, ең соңғысы Желтоқсан боздақтарының кегі сияқты кектермен қатып, сазарып соққан жүрек көрдім!» деп толғаныпты. Менің де күйім тап сондай қазір.

Намысы бар қарапайым халық әлеуметтік желіге ғана шамасы келіп ой-пікірлерін ашық айтуда. Оның бірін билік естісе, бірін өткізіп жіберіп жатыр. Қате болайын десе быламыққа да тіс сынады демекші, ашынған жұрт алаңға ашық шықса оның орны тола ма?

Бәлкім жоғары жақтағылар халық улап-шулап қояды, қайда барады дейсің десе қателеседі.

Халық – ұлы күш. Ол толқымасын, рухы сынбасын. Қазақ атқа бір мінбесін, егер атқа бір мінсе түсіру ешкімге де оңайға соқпас. Орыс көршілердің соңғы уақыттағы әпербақан саясатына билік нақты жауап беріп, халыққа да басу айтуы керек еді. Ол да жоқ. Осыдан барып ел іші дүрлігіп тұр… Арқа сүйер елі тұрғанда биліктің бұқпантайлап, жиі-жиі көршілердің ащы мысқылы мен адуынды сөздеріне төзе білуі – ерлік емес, ездік. Біз айтарымызды айттық, енді қалғаны билікке аманат!

Сөзімнің соңын ақын Арман Бердалин баламның мына жазбасымен аяқтағым келіп отыр. Ол «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Никонов, Федоров, Жириновскийлердің қолымен от көсеуге кіріскен Ресейге жауап ретінде «Петропавл», «Павлодар» деп көздерін қызартқызбай, Абылай, Тоқтамыс деп өзгертіп, елдің иесіз емес екендігін, жердің киесіз емес екендігін естеріне салып қою керек еді…» деп өрелі ой айтыпты. Ақыл жастан деген осы шығар… Қос қолымды көтеріп қолдаймын! Сіздер де үн қосыңыздар, ағайын!

Сәуле  Мешітбайқызы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: