Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орталық алаң – қала бейнесі

10.07.2024, 10:20 247

Сырда туған сырбаз ағайынның қуанышы еселенуде. Өткен жылы жөндеу жұмысына жабылған орталық алаң жаңарып, жасанып, шаһарымыздың көз қуанышына айналып шыға келді. Онда қазір субұрқақ та, балаларға арналған ойын алаңқайлары, жаңадан төселген брусчатка, ең қызығы жаңа жарықшамдар мен орындықтар қойылған. Бұған дейін орталық алаңда орындық сирек болғанымен, қазір олардың саны артып, тұрғындардың заманауи жағдайдағы аумақта емін-еркін демалуына жоғары жағдай жасалды. Мемлекеттің ел игілігі  үшін  жасап  жатқан жұмыстарын санасақ санап  біте алмауымыз мүмкін, осы орайда көзге көрік беретін, көңілге шаттық сыйлайтын орталық алаң осы жұмыстардың маңдайалдысына  айналып  тұр.

Зерттеулерге сүйенсек, шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасы елімізде бірінші орында көрінеді. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институты хабарлады. (ERI) 2023 жылдың қорытындысы  бойынша  Қазақстанның 26 қаласынан алынған мәліметтерді зерттеді. Қызыл­орда қаласы өмір сүру сапасы рейтин­гінде  көш  бастап  тұр.

Зерттеу барысында 110 көрсеткіш талданды, оның 70-і статистикалық, ал 40-ы сауалнамалық көрсеткіштерді құрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл нәтижелер қалалардың бірқатар статистикалық көрсеткіштерінің оң динамикасы және қала тұрғындарына жүргізіл­ген сауалнаманың қорытындыларына негізделген.

Әлеуметтік сауалнамалар еліміздің барлық қалаларында мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру сапасына қатысты мәселелердің бар екенін анықтады. Кейбір қалада медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру қажеттілігі де өзекті болып отыр. Халықтың моноқалалардан көшіп кетуіне жоғары сапалы базалық қызметтердің жетіспеушілігі себеп болып отыр. Экономикалық зерттеулер институты қалалардың өмір сүру сапасының рейтингін жасау арқылы қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кемшіліктері мен артық­шылықтарын анықтауға көмек болатынын атап өтті. Сонымен қатар, бұл рейтинг олардың болашақ даму стратегияларын анықтауда маңызды  құрал  ретінде  қызмет  етеді.

Жә, бұл – басылым беттерінде айтылып жүрген әңгіме. Енді орталық алаңның бүгінгі келбетіне қала тұрғындарының көңілі тола ма, пікірін  біліп  көрген  едік.

– Қызылорда қаласының орталық алаңы жаңартылып, пайдалануға берілгені – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл орын тек қала сәнін ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған тамаша мүмкіндік береді. Жаңа алаңның құрылыс жұмыстары жоғары деңгейде орындалғанын айта кеткен жөн. Әсіресе, алаңдағы балаларға арналған ойын алаңдарының болуы ата-аналарға үлкен қуаныш сыйлады.

Менің бала-шағам бұл жерде уақытын қызық­ты әрі қауіпсіз өткізіп жатыр. Жаңартылған жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс орындары барлығымыз үшін өте қолайлы болды. Сонымен қатар, алаңда орнатылған жаңа жарықшамдары мен отыра­тын орындықтар да тұрғындарға жайлы жағдай  жасады.

Алаңның   сәулеттік   шешімдері  көз  тартады  және  қалаға заманауи көрініс береді. Осындай жобалар қаламыздың даму деңгейін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады  деп  сенемін.  Қаламыздың әкім­дігіне осы жоба үшін алғыс айтамыз, болашақта да осындай игі бастамалардың жалғасын таба­тынына үміттенемін, – деді қала тұрғыны Гүлми­ра  Жақсыбай.

Ал енді бірі орталық алаңның танымастай болғанын,  таңданысын  жасырмады.

– Алғашында келгенде жөндеу жұмысынан кейін орталық алаңды танымай қалдық. Бұл алаң  тұрғындардың  сүйікті демалыс орнына айналды. Құрылыс жұмыстары өте сапалы жүргізіл­ген, жаңа алаңның барлық элементі біздің қажетімізге сай келеді. Атап айтқанда, балалар  алаңдары өте ыңғайлы және қауіпсіз болып  жасалған, бұл – менің балаларым үшін үлкен  қуаныш.

Сонымен қатар, алаңдағы көгалдандыру және гүлзарлар қалаға ерекше көрік беріп тұр. Жаңа жаяу жүргіншілер жолдары мен орындықтар күнделікті серуендеу үшін қолайлы болды. Қала тұрғындарының осындай жайлы жерде   демалуы­на  жағдай  жасаған  әкімдікке ризашылығымды  білдіремін.

Алаңдағы жарықтандыру жүйесі де кешкі уақытта өте тиімді, бұл тұрғындардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз етеді. Орталық алаңның жаңаруы Қызылорда  қаласының дамуындағы  маңызды  қадам  деп  ойлаймын. Бола­шақта осындай жобалардың жалғаса беруін тілеймін, -деді  Ғани  Смағұл.

Бұл – қала  тұрғындарының  пікірі. Жөн­деуден  өткен  алаң сырбойылықтардың сүйікті  орнына айналды және оған қатысты бірнеше  себеп  бар.

Бірінші себеп – тартымдылығы мен қолайлылығы. Жаңартылған алаң әсемдік пен заманауи архитектураны үйлестіре отырып, қала көркін ажарландырып тұр. Жаңа дизайнерлік шешімдер, кең  жолдар, демалыс орындары мен гүлзарлар тұрғындардың көзін қуантады. Бұл алаң кез келген маусымда өз тартымдылығын  жоғалтпайды, қыста қар жауған кезде де,  жаздың  аптап  ыстығында да серуендеуге  қолайлы.

Екінші себеп – демалыс мүмкіндіктерінің көптігі. Алаңда балаларға арналған ойын алаңдары, спортпен шұғылдануға арналған алаңқайлар, жасыл желекпен қоршалған тыныш орындар бар. Мұнда тұрғындар отбасы мүшелерімен бірге келіп, демалып, спортпен айналыса алады. Жастарға арналып салы­натын скейтпарктің де көпшіліктің көңілінен шығатыны­на сенімдіміз. Жобаның алғашқы ұсыным  дизайнында  скейдпаркті кездестір­дік. Көп өтпей ол да алаң төріне салынаты­нына  сенім  мол.

Үшінші себеп – мәдени іс-шаралардың өткізілуі. Жаңартылған алаң қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени іс-шаралар мен фестивальдердің орталығына айналды. Мұнда жиі концерттер, көрмелер, жәрмеңкелер өткізі­ліп тұрады. Алаңда өткізілетін іс-шаралар  қала  мәдениетінің дамуына, халықтың рухани  баюына  ықпал  етеді.

Төртінші себеп – экономикалық пайдасы. Жаңартылған алаң қала экономикасына да оң әсерін береріне сенім мол. Мұнда орналас­қан жаңа ғимараттар алдағы уақытта мейрам­ханалар  мен  дүкендерге айналып, жұмыс орын­дарын ашып, жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттыруға септігін тигізеді деген  пікірдеміз. Сонымен қатар, алаңға келе­тін турис­тер саны артып, қала бюджетіне де қосым­ша  кіріс  түсіреді.

Бесінші себеп – экологиялық жағдайдың жақсаруы. Алаңды жаңарту барысында жасыл желек аймақтары көбейтілді, бұл қала экологиясының жақсаруына ықпал етті. Тұрғындар таза ауада серуендеуге мүмкіндік алды, бұл олардың  денсаулығына  оң  әсерін  тигізуде.

Рас, орталық  алаң танымастай өзгерді. Күндіз шыжыған күннің жылуы жерге тарап, кешкісін қала тұрғындарын жылы құшақпен қарсы алатын орталық алаң, арбат бойы ең жоғары бағаға лайық. Қызылорда қаласының даму динамика­сынан хабар беретін бұл көрініс­тер  ел игілігі  үшін  қызмет  етуге  әзір.

Е.ҚАЛИ.

Суреттер  ашық  дереккөзден  алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: