Қызылорда қаласы аумағында жыл басынан бері 69 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда (106 өрт) төмендеген. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев баяндады.
– Орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесімен және құзырлы органдармен бірлескен мобилді топ құрылып, әр аптаның сәрсенбі, жұма күндерінде орман, дала алқаптарына рейд жұмыстарын жүргізуде. Рейд барысында орман, дала алқаптарында орналасқан 48 шаруа қожалығына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертпе парақшалары таратылуда. Оған қоса, саяжай аумақтарында дауыс зорайтқыш құрал арқылы орман мен дала өртінің қауіптілігі жөнінде құлақтандыру жұмыстары жүргізілді. 28 дана ескертпе тақтайшалары орнатылды. Сондықтан қала тұрғындарын қауіпсіздік ережелеріне басты мән беруге шақырамыз, – деді Ғабит Әбдінәбиұлы.
Сонымен қатар, ірі және созылмалы өрттер болған жағдайдағы өрт сөндіру техникаларының және қосымша күш құралдарының дайындығы мен іс-қимылдарын пысықтау мақсатында «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесі, жергілікті атқарушы органдар және жедел әрекет ету құрылымдары мен коммуналдық қызмет көрсету бөлімдерін қатыстыра отырып, 2 оқу-жаттығу өткізілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!