Бір жас жігіт ата-анасын ренжітіп, үйінен кетіп қалды. Өмір жолынан адасып, түрмеден бір-ақ шықты. Ол түрмеде отырып, өзінің өмірі, жасаған қателіктері жайлы ойланып, қатты өкінді. Оның ойына Қасиетті Құрандағы мына аят есіне түсті: «Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «үһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!» («Әл-Исра» сүресі, 23-аятта).
Ол жасаған ағат қылықтары үшін күні-түні Алладан кешірім сұрады. Түрмеден шыққан соң әкесінің үйіне оралуға шешім қабылдады.
Міне, сол күн де келді. Бірақ ол ата-анасына оралуға ұялды, себебі оларға көп қайғы келтірген еді. Бұрын өзі тұрған көшеге келді. Анадайда туып-өскен қызыл кірпішті үй тұр… Ол хат жазып, үйінің табалдырығына тастап кетті. Хат мазмұны қысқаша мынадай еді: «Әке, ана, мені кешіріңіздер. Егер кешірген болсаңыздар, бұрынғы менің жатын бөлмемнің терезесіне ақ бет орамал байлап қойыңыздар. Сонда мен үйге кіремін. Керісінше болса, сіздерді мазаламаймын». Белгіленген күні жігіт таңертең ерте өзінің балалық шағы өткен көшеге барды. Ол өз үйіне жақындады. Оның жатын бөлмесі терезесі көшеге қараған бөлме еді. Ол үйі орналасқан көшенің бұрылысына келгенде, қатты толқып, жүрегі қатты-қатты соқты. Көзін жұмып, ең соңғы қадамды басты. Ал көзін ашқан сәтте, оның көз алдында қызыл кірпішті үй тұрмады. Айналаның бәрі аппақ болды: үйдің барлық терезелеріне, есіктеріне ақ жаймалар, орамалдар, бет орамалдар ілініп тасталған еді… Ата-анасы балалары кішкентай бет орамалды байқамай қалады деп қорқып, айналаның бәрін аққа ораған еді. Олар ұлдарын жоғалтудан қорқып, оның толықтай кешірілгенін білдіру үшін барынша тырысқан болатын…
Ата-ананың жүрегі терең теңіз… Оның түбінде әрқашан перзентіне деген кешірім табылады…
Әлеуметтік желіден алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!