Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңайлық

29.05.2022, 16:00 508

HALYQLINE.KZ

Аздап ауа жұтайын деп асықпай аяңдап қаланың шетіне шықтым. Әне жер-мына жерде серуендеген адамдар жүр. Мен аяңдап тауға қарай өрлеп бара жатыр едім, таудың етегін өрлеп барып демалып отырған бір қарияға кезігіп қалдым. Үлкен кісіге амандасып ентігімді басу үшін жанына отырып, аз-кем әңгімелестім тыныш отырмай. Қария ананың-мынаның басын шалып, біраз дүние айтып тастады. Сөйтіп отырып маған:

– Балам қай жерде қандай қызмет атқарасың? – деп сұраған соң мен пенсияда екенімді айтып едім таң қалып бетіме қарады да:

– Ее балам-ай, қарттыққа ерте бас бұрған екенсің. Қартаю деген жама-а-а-ан, ешкімге қажетің болмай қалады. Мейілі теңдесі жоқ ақылгөй данышпан болсаң да адамдар саған жоламай кетеді, – деді. Мен:

– Айтыңызшы неге өйтеді? – деп едім, жымың етіп:

– Мен саған бір аңыз айтып берейін, – деді.

«Бір жезөкеше келіншек бір данышпанға келіп:

– Маған бір-ақ нәрсенің жөнін айтып беріңізші. Мына сізді ғылым-білімнің бәрін оқыған, оқығанын тоқыған данышпандығына салыстырсаң түпсіз терең дарияда таяздық етеді, ауырған-сырқаған адам біткен осы кісіден дәру табады… деген сықылды әңгімені ел аңыз қылып айтады. Бірақ сіздің үйге соңғы кезде адам келмепті. Өйткені сіздің үйге келген жолға шөп өсіп, әлдеқашан өшуге айналыпты.

Ал менде оқыған, тоқыған білім де жоқ, адамдарға тигізетін көмегім де жоқ, әрі күн сайын жасым да егделеп, сұлулығым да ескірген шүберектей оңып барады. Ал сөйте тұра біздікіне баратын жол сайрап жатыр. Адамдар да тоқтаусыз келеді. Осының себебі неде? – деп сұрайды. Сонда данышпан ешбір ойланбастан әйелге қарап:

– Оның несін сұрадың, түсінікті дүние ғой. АДАМДАР ҮШІН БИІККЕ ӨРМЕЛЕУДЕН КӨРІ ТӨМЕН ҚАРАЙ ҚҰЛДЫРАУ АНАҒҰРЛЫМ ОҢАЙ БОЛАДЫ, – деген екен».

Енді себебін түсіндің бе? – деді маған қарап.

Көпті көрген қариялардың ақылды болатынын білем ғой, десе де дәл осы жерде мынандай жауап күтпеген басым таңданып қалдым. Қалай-қалай сөйлейді, ә.

Қолымыздан келсе, бізге де осылар сықылды қария болу керек-ақ шіркін…

Байыт  ҚАБАНҰЛЫ,

«Қысқа  әңгімелер» кітабынан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: