Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

29.02.2024, 9:40 332

Аңғармаймыз

«Тас  түскен  жеріне  ауыр»   дейміз.  Тастың алынатын  жерде  де  жеңіл болмағанын  ескермейміз. Өйткені,  тастың  қашан, қайдан  алынғанын  және қайда,  қалай  түскенін көбіміз  аңғармаймыз.

Қорқу  керек!

Қисапсыз  байлықтың шашылуы  оңай.  Кілті табылса,  құлыптың ашылуы  да  оп-оңай. Көтеріңкі  көңілдің басылуы  да  қиын  емес.

Өзеннің тасуындай халықтың ашынуынан қорқу керек!

Шындық  пен  Жалған

Көріп жүрсің адамның ақ пен қара, аласын. Көріп жүрсің жалғанның жаласы мен наласын. Көз бен қастай дейді екен шындық пенен өтіріктің арасын. Ал шындықты іздесең сөздіктегі «Ш» деген әріптен басталатын сөзден ғана табасың…

Тауып  айтылған  сөз

Ерік Асқаров талантты ақын еді. Осыдан көп жыл бұрын Қазақ теледидары облыс ақындарының айтысын ұйымдастырды. Қостанай облысының атынан сахнаға шыққан Жібек Сыздықова деген жас қыз Солтүстік Қазақстан облысы атынан айтысқа шыққан Ерікпен айтысатын болды. Ол кезде ақындар айтысы алдында «ол былай десе, сен былай деп айт» деген сияқты алдын ала дайындық жасалып, тіпті кейбір шумақтар жазылып қоятын дағды бар еді. Жібектің айтқан шумақтарының арасында менің де қолтаңбам бар болатын. Өйткені, айтыс ақындарын басқарып барған едім. Айтыс үстінде сол жайды қапысыз аңғарған Ерік:

«Әрине, жаумайды ғой ақын көктен,

Өлеңді айту керек ақылды, еппен,

Зер салып әр сөзіңді тыңдап тұрсам,

Кем емес ақындығың  Ақылбектен» деген болатын.

Тыңдаушылардың барлығы бірдей сөз мәнісін түсінді ме, жоқ па, білмеймін, алайда, Еріктің сол тауып айтқаны есімнен кетпейді.

Қазақ  әйелі  әдемі

Ел аузындағы әндер мен жырларда айтылатын Біржан салдың Ләйлісі, Ақан серінің Балқадишасы, Естайдың Қорланы, Балуаншолақтың Ғалиясы, Абайдың Әйгерімі – шетінен бірінен-бірі өткен, ер жігітті ғашық еткен қазақ арулары.

Алайда,  маған  қатты  әсер  еткені – Мағжанның  мына  жырында  айтылатын  қазақ  әйелі.

Көзінде көк нұры жоқ,

Аузында жұмақ жыры жоқ,

Жалынсыз, усыз құшағы,

Иірілмейді жыландай,

Сөзі де жоқ Құрандай,

Білгені – қазан-ошағы.

Жабайы ғана жарым бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол жарымды сүйемін!

Ия, ошағында отынын жаққан, ерінің қас-қабағын баққан, қонақтың бабын тапқан қазақ әйелі әдемі.

Күмәнді

Біздің қазақ мал баққанды бақташы, аң атқанды аңшы, балық аулағанды балықшы дейді. Барлығы да орынды. Ал орыстар аңшыны охотник дейді екен.

Охота сөзінің мағынасы қалау дегенге саяды. Сонда орыстың қалауы не? Қалауы атып жығу ма бір аңды? Күмәнді!

Қазақ сөзінің төркіні белгілі. Орыс тіліндегі кейбір сөздер басқа ойға жетелейді.

Көппен  көрген  ұлы  той

Талай жаз бен күзді, қыс пен көктемді өткіздім. Жалаңаяқ балалық жылы киім киген қарттыққа жеткізді. Жастық қуат азайды, жүрекке түсер салмақ көбейді.

Бірақ, бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Көппен көрген ұлы той.

Ақ  пен  Қара

Ақ пен қараны сөз еткенде ақты ақтап, қараны қаралап жатамыз. Шындығында солай ма? Ақ қағазға жазуды қара сиямен жазамыз. Ақ мақтаны қара күйе былғайтынын да білеміз.

Көздің қарашығы, қара қас, қара шаңырақ деген тамаша ұғымдар бар. Ақ сақал жақсы ұғым болса, ақ кебін ажалды еске салады. Қара сақал жарасымды болғанмен, қара киім аза тұтушыны білдіреді.

Ақты қаралайтын, қараны ақтайтын жайлар да жиі жолығады. Мәселе түсте емес, жасаған істе екен.

Тастар

Тастан қаланған қорғандарды, тас төселген жолдарды, сай түбіндегі тастарды көргенде асыл қайраткерлер қамалған тас түрмелер мен сол азаматтарға лақтырған тастар ойыма түсе береді.

Неге?

Таңның атып келе жатқанын үй іші жарықтана бастағанда шамалаймыз. Күннің батып бара жатқанына  көбіне  қарамаймыз. Өткінші  өмірді  қас  пен  көздің арасындай  деп  бағалаймыз. Атқан таң  мен  батқан  күннің  арасын есептеуді  қаламаймыз.

Құмарлық

Шылымқұмар, араққұмар дегенді жиі естуші едік. Екеуі де оңып тұрған жоқ. Екеуі де денсаулыққа зиян. Бірақ, бұлардан өткен құмарлық та болады екен. Ол – атаққұмарлық. Атаққұмар қомағай әрі нәпсіқұмар да болады. Осы құмарлық абыройдан айырады.

Ересектер  санамағы

Бір дегенім – Адам. Белгілі ғой саған. Екі дегенім  – екі аяқ. Үш – екі  аяққа  сүйеу  болған  таяқ. Төрт – төрт тұяғы тұлпардың.  Бес – бес қаруы батырдың. Алты – асулары асатын, Жеті – жеті күн апталарға қосатын. Сегіз – сергу, серпілу. Тоғыз – тоңу, торығу. Он – он ойланып, орнығу.

Не  өзгерді?

Журналистік қызметімді Қостанай облысында Әулиекөлде «Жеңіс туы» деген аудандық газетте бастап едім. Кейін «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» аталған облыстық газетте қызмет істеуге тура келді. Бір сөзбен айтқанда, қызыл туды да көтердік, коммунизм жолымен де жүрдік, таңды да атырдық. Сонда не өзгерді?! «Сол жолмен әлі жүріп келеміз бе?» деген ой жиі мазалайды.

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

(Жалғасы  бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: