Ақылбек ШАЯХМЕТ
Қажеті жоқ ұйым
Ассамблеяның жеген асы адал ма? Осы ұйым құрылғалы елдегі тұрақтылық кепілі деген жапсырма пайда болды. Ассамблея мүшелері Жаңаөзен қырғынында жайбарақат отырмады ма? Қаңтар қырғынында қайда болды? Осы ұйымнан сайланған депутаттар не бітірді? Елдің қаржысы далаға шашылып жатқан жоқ па? Айта берсек сөз көп.
Әртүрлі ұлттың мәдени мұрасы, киген киімі, ән-күйі, тағамына келсек, оларды бұл ұйымның қатысуынсыз-ақ мәдениет ошақтарында көрсету қиын емес.
Ендеше осы ұйымды таратып жіберуге не кедергі?
Қай дәуір?
Нұрсұлтан қаласы Астана болып бұрынғы атауын қайтарғанға мәз болдық. Облыс орталықтарындағы Назарбаев көшелері өзгерген жоқ. Елбасы ескерткіштері орнынан қозғалған жоқ. Назарбаев мектебі, Назарбаев қоры сол қалпында қалды. Назарбаевтың бес жүзден астам кітабы кітап сөрелерінен алынған жоқ. Назарбаев әулетіне бюджеттен қаржы бөлу тыйылған жоқ.
Сондықтан біз әлі де Назарбаев дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды мойындау керек.
Руларын әспеттеген
Негізінен қыпшақ және арғын рулары қоныс қылған күре жолдың бойында орналасқан «Қыпшақ» деп аталған дәмхана бар болатын. Рудың атауын қойғаны несі деп таңғалып едім. Арада бірер жыл өткенде сол дәмхананың атауы «Арғын» болып өзгеріпті. Қожайыны өзгерсе, атау да өзгереді екен. Астананың Нұрсұлтан, одан кейін қайтадан Астана болғаны секілді. Сөйтсем, барлық елімізде ру атымен аталған мейрамхана да, дәмхана да, қонақүй де толып жатыр екен. Бұл ғимараттардың иелері капитализм дәуірінде өмір кешсе де, ақыл-ойлары феодализмнен аспай тұр екен. Не істейсің?!
Лайық бола ма?
Қазақтар ұлдарына Арыстан, Жолбарыс, Бүркіт, Батыр деп ат қояды. Қыздарына Сұлу, Көркем, Әсем, Мөлдір деп ат қояды. Сол есімге лайық бола ма, жоқ па? Лайым, лайық болсын!
Жарнама
Толып кеткен жарнама. Ішінде бір сауы жоқ. Түгел дерлік сарнама. Баяғыда үлкендер айтатын жын-шайтанның ойнағы. Әп-әдемі хабар көріп отырсаң, бір сағаттық хабардың өзінде үш-төрт рет он минуттан жарнама береді. Ұятсыз жарнама да аз емес. Ең дұрысы ақшасы тасып жатқан жарнама берушілер үшін арнайы телеарна ашып қою керек. Жарнама көргісі келетіндер сол арнадан көрсін.
Кімнің атында?
Мешіт салдырып, оған әкесінің немесе ата-бабасының есімін беру сәнге айналды. Мешіт салу, әрине, сауапты іс. Мешіттің қабырғасына ата-бабалары туралы ескерткіш тақта қойса да жеткілікті емес пе? Олардың кім болғанын елдің көбі білмейді. Мешітке белгілі дін ғұламаларының есімі берілуі керек. Облыс және аудан орталықтарындағы мешіттерге кісі есімі мүлдем берілмесе де жарасады. Онда орналасқан мешіттер сол жердің, мекеннің атымен аталғаны орынды деп ойлаймын.
Атың шықпаса…
Бір елді мекендегі гүлзарды сонда қоныс тепкен бір рудың атымен атапты. Руының атын жазған қалпақ кигенді де, көйлегінің арқасына да, көлігінің терезесіне де руын жазғанды көріп едік. Енді қала атауын руының атымен атаса да таңғалмайтын болдық.
Бір Алла біледі
Ғұмыр бойы өтірік айтып, Қағбаға кірген патшаның тілегі орындала ма, әлде Меккеге бармай-ақ қараша үйінде отырған қарияның тілегі қабыл бола ма? Оны бір Алла біледі.
Бұл қандай мемлекет?
Білімдіміз дейді. Бірақ, балаларын шетелге білім алуға жібереді. Жеріміз көркем дейді, бірақ, шетелге демалуға, саяхаттауға барады. Өнеркәсібіміз дамыған дейді, бірақ, көлікті де, басқа бұйымдарды да шетелден алады. Азық-түлікпен қамтамасыз етеміз дейді, бірақ, тауықтың сирағына дейін шетелден алады.
Бұл қандай мемлекет?
Әйел бейнесі
Оқырманмен өзімнің көзқарасымды бөліскім келеді. Әлем тарихында Нефертити патшайымның, Афродитаның мүсіндері, Леонардо да Винчидің Мона Лизасы өте керемет мүсін және картина болып есептеледі. Оған ешкім таласпайды.
Әдемі мүсіндер мен суреттер көп қой. Әсіресе әйел бейнеленген сәт. Ананың алақанындағы сәби, әженің арқасындағы немере немесе шөбере бейнеленген сурет болса, меніңше, осылардан артық ешбір өнер туындысы жоқ.
Табиғаттан үйренсек
Көкек деген құсты көрсем, шаранасын тастап кеткен әйелдер ойыма оралады. Тоқылдақты көрсем, өсек тасыған сусылдақтар көз алдыма келеді. Өлексеге қонған құзғынды көрсем, жебірлер мен обырлар ойымда тұрады. Табиғаттың өзі соларды көзімізге әдейі көрсетіп, жаманнан үлгі аламаңдар деп тұрғандай.
Қайықты кім еседі?
Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Қайықта» әнінің сөзін ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған екен. Сонда айтылатын: «Ескегіңді берші маған, мен есейін, сен еспе. Су күлкісі сылдырлаған сенің күлкің емес пе?» деген жолдардың мағынасын түсінбедім. Сөз төркініне қарағанда қайықты қыз есіп отыр, сылдырлаған су күлкісі де – қыздың күлкісі.
Шын мәнінде қайықты жігіт есуі керек қой. Ол неге қыз қолынан ескекті алмайды? Әнді қанша жақсы көрсем де, осы сауалға жауап таба алмадым.
Бас киім және аяқкиім
Қазір кімге және неге ескерткіш қойылмай жатыр. Адамға ғана емес, сиырға да, қойға да, есекке де ескерткіш бар.
Келешекте бас киімге де ескерткіш қоюға болады. Қымбат бас киімге, қалпақтарға емес, басты суықтан сақтайтын түлкі тымаққа.
Аяқкиімге де ескерткіш қоюға болады. Қымбат аяқкиімге емес, кәдімгі пимаға. Сонда оларды да ел еске алар.
Пара
Біреу ісін жөндейді пара беріп, біреу сұрағанын алады бастыққа бара беріп. Сонда бір досым айтты: «Көш бастаған түйеге жем бермесек, біз де онда көш соңында қалар едік!».
Параны берген жаман, алған жаман. Әрине, көш соңында қалған жаман.
Күмәнім бар…
Жасы ұлғайса да жар таңдаған қарияларды білеміз. Солардың жасына жеткенде қалтаңдаған, талтаңдаған шалдарды да көрдік. Ақшасы болса да басқасы кем. Ұяты болса қоя ма десек, әлі де дәмелі. Кешегі ата-бабасындай қуатты болып алсын әуелі. Күмәнім бар…
Не деген масқара?!
Револьвер ағылшынның айналу деген сөзінен шыққан екен. Барабандағы патрондар айналып тұратындықтан солай атаған. Зымырандарға «Сюрприз», «Буревестник» деген ат қойған. Мағынасы айтпасақ та түсінікті.
Оқсебердің (пулемет) атын орыстар «Максим» деп, ал зымыран ататын соғыс қаруын «Катюша» деп атапты. Ұл мен қыздың есімін кісі өлтіретін қаруға берген.
Не деген масқара?! Осының өзі олардың соғысқұмарлығын дәлелдейді.
Сіз білесіз бе?
Ресейде Қазақстан шекарасына таяу маңда Коркино деген қала бар. Бұл қалада темір қорытатын өндіріс орны жұмыс істейді. Ресейліктер қала атауын Коркин деген кісінің есімімен байланыстырады.
Шын мәнінде бұл мекеннің атауы – Қорытқы. Байырғы ата-бабаларымыз осы арада темірді балқытып, қорытқан. Қазақтар домна пешіне ұқсас темір қорытатын пешті де қорытқы пеш деп атаған.
Кім қадірлі?
Кім қадірлі деймісің?
Биікке шықса мастанбаған, төменде қалса, биікте тұрғанға қас қылмаған кісі қадірлі.
Алған білімін жақсылыққа жұмсаған, көрген тәлім-тәрбиесін ұмытпаған кісі қадірлі.
Сабыр сақтаған, елдің сенімін ақтаған кісі қадірлі.
Барға қанағат қылған, байлық пен мансапқа қызықпаған кісі қадірлі.
(Соңы. Басы өткен сандарда.)
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!