Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

27.11.2025, 9:20 86

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Күмәнді!

Кейбір  әкім  мен  басшылардың  ғылым докторы, ғылым кандидаты деген мәртебелі атақтары бар екен. Болсын! Алсын! Қызғанып отырған жоқпын. Алайда, олардың сол атақтары ғылым мен білімге қызмет ете ме? Әйтпесе ғылыми атақтан оларға қандай пайда келеді? Әлде өмірбаянына жазылатын дерек үшін керек пе? Кейбірі табан ақы, маңдай терімен алған шығар. Бірақ, біразы қызмет істеп жүріп қол жеткізген атақты адал жолмен алды ма? Күмәнді!

Ысырап

Тойда жайылған көл-көсір дастарқанға қойылған тағамдардың ысырап екені жиі айтылады. Оны мойындау керек. Ал үйлену тойындағы қалыңдықтың етегі еденді сүрткен көйлегі туралы не айтуға болады? Тобығына дейін жауып тұратын көйлек кисе, қаншама мата артылар еді?! «Әттең!» дейміз де қоямыз.

Көздің  жасы

Көздің жасын сүрткен жақсы. Жаныңдағы жақын адамыңның көзінің жасын шығармауға тырысу одан да жақсы.

Мұндайлар  да  бар

Итін күйеуінен артық көретін, мысығын баласынан артық көретін келіншектер бар. Отырған орнын үйінен артық көретін еркектер де бар.

Таза  ма?

Біреудің көзі әдемі. Біреудің сөзі әдемі. Біреудің өзі әдемі. Әдеміден адам да көп дәмелі. Таза ма іші олардың, үңіліп ал әуелі.

Кішіпейілдік  және  кемшілік

Төрде жап-жас шенеунік немесе депутат төсбелгісін таққан әлдекім отырса, жасы үлкендер босағада қалса, мұны қазақтың қонақжайлығы емес, жағымпаздығы деп қабылдау керек.

Қариядан бұрын басшы сөйлесе, ер жеткені емес, кер кеткені. Бастықтың қолына жасамыс қожайын су құйса – үй иесінің кішіпейілдігі, өзі барып қолын жумаған бастықтың кемшілігі.

Түс  көрдім

Кеше бір ғажап түс көрдім. Театрдың алды толған жұрт. Пысықтар екі мың теңге тұратын билетті жүз мың теңгеге сатып жатыр.

Кітап дүкені ішінде топырлаған оқырман. Сатушы: «Не имей сто друзей, не имей сто рублей, имей хотя бы одного экземпляра этой книги» деп менің кітабымды сатып тұр екен.

Жақсылыққа жорыдым.

365  күн

Бір жылдың ішіндегі 365 күн уысында болса егер жарыместің немесе кеңкелестің, жыл бойы ішіп-жер еді, жылды керемет өткіздім дер еді.

Сол 365 күн еншісінде болса егер кемеңгердің өсіп-өніп, өркендеп, еленермін, күнім қызық, түндерім жайлы болып, мен де шексіз бақытқа бөленермін.

Табылар  ма  екен?

Ертеде Һарун әр-Рашид патша секілді кейбір миллиардер кедейдің киімін киіп ел-жұртын аралап, олардың көңіл күйін байқайды екен. Қазіргі шенеуніктер мен депутаттар да солай жасаса, оларға жатып жастық, иіліп төсек болып қызмет қылғандар қандай күйде болар екен? Жағымпаздар арасынан да жағымды кісілер табылар ма екен?

Батпақ

Курортта шипа алып жатқан бір әйел: «Байымнан көрмеген рақатты лайдан көрдім» деген екен. Батпақтың да пайдасы бар. Ал таза адамға жағылған батпақтың жөні бөлек. Оны жуып тастауға болса да, біразға дейін сасық иісі кетпейді.

Не  дейміз?

Қостанай қаласының маңайындағы Ақсу деген ауылға келіп, қой сатып алғымыз келген. Көлікте Астанадан арнайы келген қаламгер Қойшығара ағамыз отырған. Сауда сақал сипағанша дегендей, қой алатын болдық. Қой сатып тұрған жігіттер Қойшығара ағамыздың ауылынан көшіп келген екен. Көлікте ағаларың отыр десек, олар ағаларын танымайды екен. Біздің ауылдағы Тайшығараны білеміз деді. Тайшығара Қойшығара ағамыздың қарапайым шопан болып жүрген туған інісі екен.

Қаламгерді танымай, қойшыны таныған жерлестерін көргенде не дерімізді білмедік.

Айтыс

Ақындар айтысы соңғы уақытта көбейіп кетті. Мерейтой болса, қайраткер ме, әнші ме, сазгер ме, әйтеуір барлығының құрметіне айтыс өтіп жатады. Одан айтыстың деңгейі биіктейді деп ойламаймын. Айтыс негізінде айтыскер ақындар құрметіне орайластырылса дұрыс секілді. Ғалымның құрметіне конференция, әншінің құрметіне ән кеші, қаламгердің құрметіне кездесу немесе еске алу кештері өткені жөн. Ауыл-аймақтың айтысын кез келген тойда жасай беруге болады. Алайда қомақты жүлде тігілмесе, демеушілер жомарттық көрсетпесе, айтыс та болмайтын секілді.

Түсіндім

Өз қолыммен ақ қағазға жазылған жазуларды мәшіңкеге түсірдім. Мәшіңкеге басылған жазуларды компьютерге түсірдім. Техника сырын ұқтым, ысылдым. Бұдан шыққан нәтиже: не жазсам да қаламмен жазу керек екендігін түсіндім.

(Басы өткен санда. Жалғасы бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: