Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

20.11.2025, 9:20 83

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Ірімін  деп  күпінбе!

Алып кеме үлкен мұхитта титтей қайық секілді. Биік таулар да зеңгір көктен қарасаң, шағын төбе секілді. Жердің өзі Құс жолы – Галак­тикада  титтей  жұлдыз  ғой. Ендеше ірімін  деп  күпінудің  керегі  не?!

Көп  елде  болдым

Түрік елінде болдым. Түрік туының желбіреп тұрғанын көрдім. Өзбек елінде болдым. Ағайындардың өзгеріп жатқанын көрдім. Қырғыз елінде болдым. Тіршіліктің қазанын қыздырып, қайнатып жатқанын көрдім. Әзербайжан елінде болдым. Еркін ел болып, дұшпанның бетін қайтарып жатқанын білдім. Еуро­пада да болдым. Еркінсіп жүргендерін көрдім. Араб елдерінде де болдым. Өсіп-өніп,  өркендегенін  көрдім.

Өзімнің еліме келдім. Ел қатарлы өмір сүрдім. «Не қылып жүрмін?» деген ой келді.

Ақша

Ақша адамды бұзады дейді. Мүмкін. Ақша бар адамға жақса… Ақшаны адал жолмен тапса дейміз. Ақша адамның кім екенін анықтайды десек дұрыс болар. Ақша­ны жақсы мақсатқа жұмсаса жақсы­лық емес пе?! Жамандыққа жұмсалса, оның  бары­нан  жоғы  жақсы.

Аспаннан  шұға  жауған  күн

Әлемдік тәжірибеде мемлекет басшылары бір-біріне өз елінің ең жоғарғы марапатын беріп жатқанда таңғаламын. Шеттен келген басшының келген елге қандай еңбегі бар? Дипломатияның ең жоғарғы көрсеткіші осы ма? Аспаннан шұға  жауған  күн  дейсің  де  қоясың.

Ақылдылар  мен  ақымақтар

Ақылдылар ақылдылар аз деп ойлайды, өйткені  өмірінің  көбі  ақы­мақ­тардың  арасында  өтеді.

Ақымақтар ақылдылар көп деп ойлайды, өйткені өздерін ақыл­дымыз  деп  есептейді.

Не  істер  екенбіз?

Жұдырықтасуда он медаль алдық деп бөскенді білеміз, елімізде пәлен зауыт, өндіріс орны ашылды дегенді қашан естиміз?

«Реал, Реал» деп шуылдап жүргенде «Қайрат Реалу проиграл» дегенді естігенде не істер екенбіз?

Ескерткіштер

Ескерткіштер бірі-біріне ұқсайды. Ат  үстінде отырған  батырлардың көбі найзасын шошайтып тұрады. Найзасын  жауға  кезегені  түсінікті.

Тұғырдағы көсемдер қолын шошайтып тұрады. Алайда қайда, қай жаққа  бар  дейтіні  түсініксіз.

Оп-оңай

Депутат болу оп-оңай. Биліктің сөзін сөйлейтін партияға мүше болсаң  болғаны.

Миллиардер болу оп-оңай. Ел­басыға  құда  болсаң  болғаны.

Көріп  тұр  ғой  көзің…

Шашын жалбыратып өсірген ұлдарды, шашын қиып тастаған қыз­дарды көрсем, төбе құйқам шымырлайды. Қонаққа барғанда тырнағын сояудай қылып өсірген келіншекті көрсем, берген асына тәбетім шаппайды. Төсін өсірген әйелді көрсем, желіні жерді сызған сиырлар ойыма келеді.

Әлімжеттік

Ірі ұлттардың шағын ұлттарға әлімжеттік жасағаны тарихи жер-су атауларын өзгертуден айқын көрінеді. Мәселен, Тәңір-тауды қытайлар Тян-Шянь деп атады. Орыстар Көкшетауды Синегорье, Абылайдың ақ алаңын Ясная поляна, Шортандыны Шучье, Жеке батырды Спящий рыцарь деп атай бастады. Жеркіндікті орыс тіліне аудармаса да Байқоңыр деп  өзгертті. Жайық өзені Урал, Еділ өзені  Волга болды. Мұндай мысалдар жүздеп  саналады.

Орыстар қазақтарды киргиз-кайсаки деп атап, қазақ атауын казактарға теліді. Қазақтардың ұрпағы мұны  ұмытпауы  керек.

Сену  қиын

Жаңалықтарды тыңдасаң, дикторлар екі сөздің бірін қате айтады. Жарнамаға қарасаң, сюжеті ұғымсыз, сөздері бұлыңғыр. Кино көрсең, аударма  тілі орашолақ. Көшеге шықсаң, кәсіпорынлар мен дүкендер атауы  шет  тілде. Сүйтіп отырып ана тілін көгертеміз  дегендерге  сену  қиын.

Ұят!

Израильдің премьер-министрі Нетаньяху БҰҰ-да мінбеден сөз сөйлегелі жатқанда оның басқыншылық әрекетіне наразылық білдірген жетпіс жеті елдің дипломаты залдан шығып кеткен. Олардың арасынды өзбек және қырғыз бауырларымыз да болған.

Жетпіс сегізінші ел біз болуымыз керек еді. Қаны бір, діні бір, тілі бір ағайындар қарсылық жасағанда қазақтар үнсіз қалыпты. Саясаттың салқыны ма? Қырғынды жақтағаны ма?

Ұят!

Іштің  кірі  кетпейді

Сабынданып қанша жуынса да тазармайтындар бар. Өйткені сырты жуылса да,  іштің кірі тез кетпейді. Сабын  ішке  жетпейді.

Тұздың  қасиеті

Мейрамхана дастарқанында тұз салынған сауыт тұрады. Келген кісі­лердің біразы тұзды асты жаратпаса, біразы тұзы кем деп ойлаған асқа тұз қосады.

Қазақтар жаңа туған сәбиді тұзды суға шомылдырады. Піскен етке де міндетті  түрде  тұздық  құяды.

Тұздың қасиетін осыдан-ақ аңғарасың.

Әділдік

Әділ  сот,  әділ қазы деген сөз тіркестері жиі қолданылады. Қазы мен соттың   алдында  тұратын  «әділ» деген  сөзді  мүлде  айтпаған  дұрыс секілді. Олардың әділ шешім шығарған, шығармағанын бір Алла ғана біледі. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан дейміз. Әділдік те Құдайға ғана  жарасқан  секілді.

(Жалғасы бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: