Депутат Ринат Заитовтың орыс әдебиетін мектеп бағдарламасынан алып тастау туралы айтқаны қоғамда қызу талқылануда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Сүлейменова депутаттың айтқаны қате пікір десе, педагогика ғалымдарының кандидаты Береке Жұмақаева әншінің аударма саласынан хабары жоқ екенін айтты.
Қарагөз Сүлейменова: Ринат Зайытов бауырымыз орыс әдебиетін алып тастау керек деген пікір айтқан екен. Өз ойымды білдіруді жөн көрдім.
Ең бірінші, орыс әдебиетінің сағат саны қазақ әдебиетінен көп болмау керек! Ол дұрыс. Бірақ оны Кеңестік кезеңде емеспіз деп алып тастауға келіспеймін. Бізде қазір шетел әдебиетін ағылшын тілінде екінің бірі оқи алмайды. Ал шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылып біткенше әлі жылдар керек… Бұл ұзақ үрдіс.
Екіншіден, қазақты Абайдан ұлы кем шығар. Абайдың өзі орыс әдебиетін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінің дамуына сол арқылы үлкен жаңалықтар әкелген. Пушкиннен реализм әдісін қазақшаласа, Крыловтың мысалдарындағы сатиралық жанрды қазақы болмыста бейімдеді. Сондай-ақ, Абайдың Лермонтовты ерекше сүйіп, өлеңдерін көп аударғанын бәріміз білеміз.
Қазақ әдебиетінің қалыптасуында мұндай мысалдар жетіп жатыр. Және біз орыс әдебиетінен өтіп барып, әлем әдебиетін танимыз.
Жалпы, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек. Дүниенің қай жерінде болса да өнер, әдебиет оқырманды ізгілікке шақырады. Санасын оятып, жаңа сатыға көтереді.
Ұлттық сана, ұлттық рух бір елдің әдебиетін жоғалтқанмен көтерілмейді. Бұл жерде ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ деген терең мәселе жатыр. Біздегі идеологиялық жұмыстардың әлсіздігі жатыр.
Және ең бастысы, халықтың экономикалық, әлеуметтік қауіпсіздігі шешілмеген. Мінберде отырған депутаттарға әдебиеттен де күрделі мәселелер жетеді деп ойлаймын. Халықтың экономикалық қауіпсіздігі шешілгенде, ол қоғамға кірігеді. Рухани сауатын ашады. Неліктен, Еуропа елдерінде волонтерлікпен, мәдениетпен көп айналысады. Адамның тұрмыстық қажеттіліктері өтелгенде, біздегідей кредитке тамақ ішпегенде кітап оқуға да ниеттері ауады.
Қазақтың тілі, ділі, дәстүрі отбасындағы тәрбиеден басталып, ары қарай қоғамда жалғасын табу керек. Мәселе сонда… Біз ұлттық тәрбие түсінігіне өкінішке қарай, әлі де терең қарай алмай жатырмыз!
Береке Жұмақаева: Қарагөз Сүлейменованың қазіргі аударма саласының өрісін білмейтіні анық көрініп тұр. Бүгінде небір жақсы аудармалар бар. Әлем әдебиетін енгізу туралы ұсыныс бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ, осыған дейін де талданған, қайнауы жеткен мәселе.
Бірер жыл бұрын мектеп бағдарламаларын жетілдіру жұмыстарымен А.Аймағамбетов ғалымдарды жинағанда біздер тарапымыздан ұсыныс жасалған. Осы бағытта алғашқы қадамдар да жоқ емес. Ринат ойдың генетаторы емес, катализаторы, себебі түскен кейінгі қозғалыс.
Екіншіден, білім саласындағы мәселені депутаттар шешпейді. Пияршылардың да ісі емес. Сала мамандары келісіп шешетін мәселе.
Қарагөз ханым Абайды айтса ұтармын деген болу керек, алайда мүлт кетіп отыр. Абай екі ғасыр бұрын үйрен десе, заманы айтқызды. Себебі жағдай басқа еді, расымен қазақ елінің мойнына отарлық қамыттың бекем түсіп келе жатқанын білген соң айтқанын аңғаруға болады.
Абай сөзін тәмсілдегеннің көбі сөз мәнін бағамдай бермейді. Абай «орысша оқу керек: зарарынан қашық болуы, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» тең сөйлес, арсыздана жалынба дегенді жеткізген.
Ал бүгінгі өркениет тілі ағылшынша. Сондықтан оқу керек, әлем әдебиетінің классикалық үлгілерін білу керек. Орыс әдебиеті де сол әлем әдебиетінің ауқымында меңгеріледі. Сырылып қалмайды.
Алдымен өзіңді таны, өз құндылығыңды түсін, бағала, сосын өзге көшке қара деген идея болуы маңызды.
Бізді толғандыратын мәселе жетерлік. Ол- қазақ тілінің жайы, ұлт тұлғаларын таныта алмауымыз. Жас буынның өзге қаңсықтан суарылуы.
Қазақстандық тұтастықты қалыптастыру үшін мемлекеттік құндылық ретінде Алаш арыстары идеялары білімнің өзегін құрауы аса маңызды. Абай, Әлихан, Міржақып, Ахмет, Мағжан, Шәкәрім қатарлы тұлғалардың идеяларын ұлтына қарамай қазақстандық әр шәкірт білуі, түсінуі, тұтыну керек.
Өкініштісі біз әлі ұлт ұстаздарының идеясын білім негізіне ендіре алмай келеміз. Біздің балабақшадан жоғары мектепке дейінгі оқу жүйеміз алдымен кеңестік идеялогияда болып келді. Енді тағы да өзімізге келе алмаған күйі батысқа ауысып отырмыз.
Қазақстандағы өзге ұлт мектептерінде Қазақ әдебиетінің оқытылмайтынын Ринат пен Қарагөз ханым біле ме екен?! Алдымен осы мәселені қозғаса кәне!!! Қазақстандық потриотизм жалаң ұран болсын демесе, Қарагөз ханым алдымен ұлттық идеялогияға жаны ашысын. Өзге әдебиеттің Қарагөз ханымсыз да жанашырлары жеткілікті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!