Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзбекстанмен өзара сауда-саттық нығаяды

24.04.2023, 11:00 227

HALYQLINE.KZ Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысы қарсаңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен ӨР Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев бірлескен Жол карталары бойынша жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Тараптар өзара тығыз іс-қимылдың арқасында жобалар белгіленген мерзімге сәйкес жүріп жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Өткен жылдың желтоқсан айында өткен Мемлекет басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша екі ел қол қойған құжаттың бір тармағы қазірдің өзінде жүзеге асырылды: UZKAZTRADE бірлескен кәсіпорны құрылды. Сыртқы сауда компаниясы алмастырылатын өнімдерді жүйелі жеткізуді ұйымдастыру мәселелерін жедел шеше алады. Қазірдің өзінде өзбек дихандарымен Қазақстанға жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін көтерме жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді, алдағы қыс-көктемгі кезеңге арналған жаңа егінді форвардтық сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев жол картасының ауқымды және стратегиялық маңызды тармағы – екі елдің шекарасында «Орталық Азия» (ХӨКО) халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру мәселесін талқылады. ХӨКО мамандануы шикізатты терең өңдеуді және жоғары қайта бөлумен қосылған құнды қалыптастыруды көздейді. Бұл бірінші кезекте астықты терең өңдеу және өсімдік майын өндіру жобалары. Түркістан облысының әкімдігі ХӨКО, тоқыма, тамақ, фармацевтика, машина жасау және өзге де салаларда орналастыру үшін 63 инвестициялық жобаның тізбесін жасады. Тараптар 2023 жылғы 5 мамырда өтетін алдағы Үкіметаралық комиссия барысында тиісті келісімге қол қою үшін жобаның координаттарын айқындауға келісті.

Жұмыс кездесуі барысында Серік Жұманғарин Өзбекстанға импортталатын қазақстандық жүктерді теміржол көлігімен тасымалдауға жеңілдіктер беру мәселесін көтерді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүргізген тарифтерді талдау екі елдің бірдей жүк түрлерін тасымалдау бағасының айтарлықтай теңгерімсіздігін көрсетіп отыр. Мысалы, Қазақстанның ағаш тасымалдауға арналған ішкі тарифі Өзбекстан темір жолына қарағанда 6 есе, бензин, дизель отыны – 3,5, шикі мұнай – 1,6, көмір – 6 есе төмен. Екінші тармақ – Ауғанстанға жүк тасымалдау үшін Өзбекстан арқылы транзиттік тарифте жеңілдіктер. Өз кезегінде өзбек тарапы бірқатар ұсыныстарын ортаға салып, қатысушылар келесі кездесуде талқылауға келісті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: