Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өз-өзіңмен күресу

09.12.2023, 16:00 261

Баяғының баяғысы Қартқожаның таяғы демекші шәкірт тәрбилеген бір дана қарт өмір кешіпті. Үнемі ымыртта жалғыз отырғанды әсте ұнатса керек.

Қарттың әр қылығын аңдып бағушы шәкірттері бұның сырын ашпақшы болады.

– Сіз кешкілік оңаша қалуды ұнатасыз. Әр әрекетіңізде мән барын білеміз. Жалғыз отырудың сыры бар ма?

– Мен жалғыз отырмаймын. Менің қасымда екі сұңқар, екі бүркіт, екі қоян, бір үлкен жыланмен есек және айбарлы арыстан жайғасқан.

Шәкірттері бір-біріне қараса иық қағып аң-таң.

– Нақтырақ тоқтала кетсеңіз?

– Ә, бұны өз-өзіңмен күресу дейді. Аталған жануарлар біздің ішкі дүниемізде орналасқан.

Екі сұңқар жақсы мен жаманды және пайда мен зиянды аңғармай ұша береді. Мен оларға соны ажырата білуді үйретуім керек. Олар менің екі – КӨЗІМ.

Екі бүркіт таянып кеткеннің бәріне үшкір тырнағымен зиян келтіруі мүмкін. Мен оларға залал келтірмей көмектесуді үйретемін. Олар менің екі – ҚОЛЫМ.

Екі қоян үнемі тынып таппай жанұшты жүгірумен болады. Оларға сабыр сақтап қиындықтан қашпауға үйретемін. Олар менің екі – АЯҒЫМ.

Бұл күресте ең қиыны – жыланды баптау. Ол қалың тордың ішінде отырған болса да әрдайым айналасында жүргендерді шағып улағысы келіп тұрады. Сондықтан үнемі оны қадағалап, тәртіпке салып тұруым керек. Ол менің – ТІЛІМ.

Өздеріңе мәлім есектен қырсық , одан өткен қиқар жоқ. Қашан көрсең жұмысқа зауқы болмай тұрады. Оған күніге жақсы уәждеме беріп тұру абзал. Ол менің – ДЕНЕМ.

Енді жаппай бәрін басқарғысы келетін арыстан өте тәккапар және паң. Сондықтан оны қолға үйретемін. Әйтпесе бүкіл әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келетіні бар. Ол менің – МЕНМЕНШІЛДІГІМ.

Дастан АБДЫРАХМАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: