Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өз ісінің маманы

28.02.2024, 9:10 338

HALYQLINE.KZ

Мұндай  да  болған

Жаңа ғасырдың басында, яғни 2000 жылдары ауданымызға тарайтын «Үмітті Арал» газетінің тізгінін ұстап, редактор болдым. Көмекшім – Айжарық Көптілеуов дейтін қалалық жас жігіт.

Осы жігіттің елден ерек мінезі бар болатын. Ол ел ішінен ерекшеленетін мінезді, әрі өз ісінің шебері адамдарды тауып, сұхбат алғыш, әрі сол адамдармен етене араласып кете беретін.

Бір күні редакцияға жас шамасы «орда бұзар» отыздағы жігітті ертіп келді. Бұл жігіт те құралақан емес екен. Совхоздар тарамай тұрғанда, мал дәрігері ме, әлде зоотехник пе, әйтеуір мал шаруашылығының ірі маманы болыпты.

Кеңес үкіметі тарап, ауыл шаруашылығы қиын жағдайға душар боп, мал-мүлкі талан-таражға түскенде, тамыр-танысы, сүйенері жоқ жетім жігіт далада қалыпты. Содан қаңғалақтап жүріп, Арал қаласынан бір-ақ шығыпты. Мұнда келгенімен, жағдайы түзелмепті. Өйткені, қалада бұған қайым жұмыс табылмапты. Сөйтіп жүргенде, сәті түсіп, қаладағы мал ұстайтын жекеменшік иелерінің малдарын қарайтын маман болыпты.

Жұмысы – ауру малдарды қарау, емдеу, тіпті, малдардың қашу-қашпауы, буаз малды ажырату да осының мойнында! Қысқасы, бәрі-бәрі осының міндетіне жүктеліпті.

Өзіне сөз өнері де қонған жігіт екен. Мал шаруашылығы маманы жас жігіт кей-кейде өз басынан өткен қилы-қилы оқиғаларды да майын тамызып, жан-тәнімен әңгімелеп беруге құмар болып шықты. Әсіресе, мал жөніндегі тақырыптарға келгенде арқаланып, екі көзі шоқтай жанады. Қысқасы, мал шаруашылығының дамуына бар ынтасымен беріле қызмет етуге қашанда дайын тұрған жігіт көрінді.

Бір күні әдеттегідей әңгіме барысы тағы да мал жөніне кеп тірелгенде, өзі үшін қарапайым күнделікті жағдай болғанымен, біздер үшін тосын әңгіменің ұштығын шығарды.

– Бірде кешкілік қаланың «жаңа ауыл» деп аталатын бөлігін аралап келе жатқанмын, – деді. – Бір үйдің жанынан өте бергенімде, қорасынан сиырдың мөңіреген аянышты дауысы сай-сүйегімді сырқыратып жіберді. Қатты аяп кеттім. Шыдай алмадым. Шарбағын қалай ашып, қораға қалай жетіп барғаным есімде жоқ. Бір сиыр байлаулы тұр екен. Алдында көк шөп дейсің бе, жем дейсің бе, үйіліп тұр. Бірақ, әлгі жануар оған назар салып та қарамайды. Көзі мөлиіп тұр. Маған жалбарына қарайтын секілді. Біз өз ісінің маманымыз ғой! Жағдайды бірден түсіндім. Бейшара күйлеп, әбден шыдамы таусылып, шарасыз жағдайға түскен.

Жануарды аяп кеткенім сонша, жанына қалай жетіп барғанымды да байқамадым. Ол бейшара да маған ыңғайлана береді. Енді болмағанда, қызық болатын еді. Тап сол сәтте өзімнің адам екенімді, адамдарға «жан-жануарларды «әурелегені» үшін жауапкершілік бар» екені есіме түсе кеткені мұндай жақсы болар ма?! Әйтпегенде, бар ғой!..

Ашумен үйдің есігін жұлқи аша, ішке ендім. Енсем, бәрі жайбарақат түріктің «Дениз» деген сериалын көріп отыр екен. Маған бұрылып та қарамады. Бәрінің есіл-дерті – сериалдағы аянышты көріністе. Ал, қорасында тұрған сиырларының мүшкіл халі ешкімді де қызықтырмайтын секілді. Тіпті, оны айтасың-ау! Үйлерін біреу үптеп кетсе де, шаруалары жоқтай!

Мына көрініс қанымды басыма шаптырды. Ашуға берілгенім сонша, не айтып, не қойғаным да есімде қалмапты. Тек көзімді бір ашқанымда, бәрі ұсталған ұрылардай қолдарын көтеріп тұрғандары ғана жадымда сақталып қалыпты.

Осы оқиғадан соң, дереу бұқа іздеп, әлгіндегі сиырдың сауабына қалғым келді. Сөйтсем, бұл төңіректе бір ғана бұқа бар екен. Оның да оңып тұрған ештеңесі көрінбейді. Өзі тым кәрі. Әрі бір мүйізі сынық. Әлдекім оңдырмай ұрған тәрізді. Ұлы дәретін шығаратын жерінен кірш-кірш қадалған айыр іздері байқалады. Еркекке тән «жанды жері» де оңбай зақымдалыпты. Анық «простатит» болса да менен көрме! Қысқасы, күтім көрмеген сорлы!

Бүгінгінің адамдары да шаруашылықтан қол үзіп, әбден қатыгезденіп алған ғой! Әйтпесе, бұқалық міндетін атқаруға келген жануарды мұншама ұрып-соғып, қорлауға бола ма?!

Сөйте тұра, бұл хайуандарда адамдарға қарағанда «үлкендерді сыйлау» үрдісі мықтап сақталған екен! Бұл келе жатқанда, жас бұқашықтар «жол сіздікі!» дегендей, күйлеген сиырлардан бас тартатынын қайтерсің! Неткен әдеп?!…

Бәрін айт та, бірін айт, әлгі бұқа бейне немере-шөбересімен жасты қыз-келіншектерге қырындайтын, ұяттан жұрдай, кәрі-құртаң «сәбетский» шалдар секілді. Мұндай «шаруасы біткен» кәрі бұқалар тұрғанда, төңіректе қысыр сиырдың да, күйлеген сиырдың да келелі мәселесі өмірі шешілмейтіні айдан анық-ты. Сондықтан, мұндай пәтшағарлардан тезірек құтылудан басқа амал жоқ! Соны білдім! – деп сөзін аяқтаған.

Мұны естігенде, редакциядағы жігіттер:

– Міне, азамат! Өз ісінің маманы! Нағыз патриот!- деп шуластық. Дегенмен, менің ойыма «Өнерді үйрен де, жирен» деген халық даналығы да орала берді. «Ол дегеніміз – өнерді үйренгенің жақсы-ау, айналаңа да бір қарап қойған, одан да жақсы-ау! Өнеріңнің әсері қандай екенін де бір салмақтап ал!»  дегені ме екен?!» деп те ойлап қойғам.

Қасымдағы көмекші жігіт Айжарық Көптілеуов осы оқиғадан соң, «Міне, нағыз патриот!» деген мақала дайындайын деп жүргенде, көрші-қолаң, ағайын-туыстарды шақырып, аруақтарға арнап «Құдай жолы» жасап, құран оқытты.

Мен біршама жұмыстарым боп, сәл кешігіп барғанмын. Барсам, әлгі «өз ісінің маманы» – жас жігіт те сәл кешігіпті. Екеуімізді орын болмаған соң, үлкендер жаққа кіргізбей, ортадан төмендеу жастар жағына жіберді. Екеуміз кіл жас келіншектер отырған бөлменің қақ төріне шықтық. Алдымызға сүті жоқ қызыл шай келді. «Өз ісінің маманы» – жас жігіт сүтсіз шайды көріп:

– Неге сүтсіз шай?! – деген сұрақты төтесінен қойды.

Үй егасы апамыз:

– Бұл маңдағы сиырлардың бәрі қысыр қалды биыл, – деді ойында дәнеңе жоқ.

«Өз ісінің маманы» бұны естіп, ашу шақырайын деді. Бейне өз ісіне салғырт қарап жүрген кейбір шенеунікті, не депутатты қылмыстық жауапкершілікке тарттыратын заң органдарының, не әлдебір қоғам белсендісі іспетті:

– Бұқа қайда?! – деді зілді үнмен.

– Қандай бұқа?!..

– Осы төңіректегі сиырларды қашырып жүрген!.. Түрі қандай найсаптың?!..

Мына сөзді естігенде, жас келіншектер беттерін шымшып, ұялып төмен қарады. Ал, апамыз әлі де түкке түсінер емес.

– Бұқа болғанда… бір мүйізі сынық кәрі бұқа…

Апамыз сөзін аяқтап үлгірмеді. «Өз ісінің маманы» сөзін бөліп жіберді.

– Қара ала ма?!

– Иә…

– Оң аяғын сылтып баса ма?

Апамыз «өз ісінің маманына» таңдана қарады.

– Иә, солай…

– Ах, оңбаған!… Алдымды орай берді-ау!

Мынаны естігенде, апамыз еріксіз «Көтек!» деп бұрылып жүре берді. Жас келіншектер бұқаның «бәсекелесінен» сескеніп, ығыса бастады. Дауыс қаттырақ шығып, көрші бөлмедегілерге де естіліп тұрған. Олар да тосын дауыстан сілтідей тынды. Мұндай табан асты қалыптасқан ахуалдан түк хабары жоқ «өз ісінің маманы» – жас жігіт сөзін одан әрі салмақтай түсті.

– Мен бұл кәрі қақапасты бес саусағымдай білемін! – деді «ескі танысының» хал-ахуалынан мол хабары бар адамдай.

Мұны естігенде, жұрт табан асты дүрлігіп кетті. Қыран-топан болған жұрт естерінен адаса жаздады. «Ас қайтарылып, Құран оқылмай қала ма?!» деген аяқасты қауіп те төнді. Абырой болғанда, естерін әрең жиған жұрт, ақыры сабасына түсті-ау!..

Неге екені белгісіз, осы оқиғадан кейін, «өз ісінің маманы» – жас жігіт көзден таса болды. Білетін жұрт онысын сан-саққа жүгіртті. Бірі: «Қызметі өсіп, облыс орталығына, не тура Астанаға кеткен шығар?!» десе, енді бірі «Басқа жаққа көшіп кеткен шығар?!» – деп жорамалдады.

Тағдыр дегенің қызық қой! Уақыт та ұшқыр!.. «Міне, нағыз патриот!» деген мақаланы жазбақшы болған көмекшім де отбасы жағдайымен көп ұзамай Алматы облысына көшіп кетті. Мақала жазылмай қалды. «Өз ісінің маманы» да жұрт жадынан өшті.

Содан бері арада қаншама жылдар өтті. Дүние өзгерді. Кешегі дос, бүгін жау! Күні кешеге шейін «бауырласпыз» деп келген орыс пен украин халқының арасына ши жүгірді. Орыс украинның егемендігіне, тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, қанқұйлы соғыс ашты. Қаншама адам мерт болды. Із-түссіз кетті. Мүгедек боп қалды. Соғыс екі жаққа да ауыр зардаптар әкелді. Шаруашылық күйреді. Бәрінен де жанға батқаны – орыс билеушілерінің аса қатыгездігі! Украин даласында шашылып қалған сарбаздарының өліктерін жинауға да құлықсыздық танытқаны – тіпті шектен шыққандық болды!

Осы агрессияны қолдаған орыс халқы қазір соғыстың зардабын бәрінен де қатты шегуде! Ресей мемлекетіндегі ұсақ халықтардың тағдырын былай қойғанда, орыс халқының, әсіресе, орыс әйелдерінің зары ерекше!

Әсіресе, «Баланы, солдатты тағы туып аласыңдар!» деген орыс билеушілерінің немқұрайдығы әлем халқының жағасын ұстатты.

Орыс әйелдерінің: «Күйеулеріміз, үйленетін азаматтарымыз соғыста қайтыс болды! Енді кімнен екіқабат болып, дүниеге бала әкелеміз?!» деп зарлағандарын естігенде, сай-сүйегің сырқырайды екен!

Бұл жайт бір кездері Арал топырағында дүниеге келіп, мал шаруашылығы саласында қызмет еткен «өз ісінің маманы» – жас жігітті еріксіз еске түсірді.

«Ол қазір қайда жүр екен?! Адамдар түгілі, хайуандардың күйлеп, қиналғандарына да жаны ашып, «Ах!» ұратын байғұс бүгінде жанын шүберекке түйіп, Ресейде орыс әйелдерінің сауабына қалып жүр ме екен?!».

Сұрақ көп, жауап жоқ. Тек менің бар білетінім – «Сиыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмейді» дегендей, жаманға айналған адамдар хайуаннан бетер болатыны! Ендеше, «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген халық даналығына құлақ ассақ, күндердің күні орыстың қазақтан туған жиендері өзімізге қауіп төндіріп жүрмесін!

Қанша жерден «өз ісінің маманы» болғанымен, анасы орыстың қызы болып келетін қазақтардың жаны, рухы орыс боп кететінін де естен шығармайық!

«Сақтықта қорлық жоқ» деген…

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: