Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстары күшейтілді

15.01.2026, 21:34 20

Қызылорда облысында мал мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бағытындағы ветеринариялық шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Былтыр бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген 6 миллионнан астам доза ветеринариялық препарат өңірге уақытылы жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары толық орындалған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау – басты басымдықтардың бірі.

Мамандардың дерегінше, өткен жылы жұқпалы емес энзоотиялық аурулардың алдын алу үшін 6 түрлі дертке қарсы 799 мыңнан астам доза препарат қолданылған. Сонымен қатар, бруцеллез ауруын анықтау мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларынан 1,6 миллионнан аса қан үлгісі алынып, зертханалық тексеруден өткен.

Малдарды бірдейлендіру бағытындағы жұмыс та жоспардан асыра орындалған. Жоспарланған 379 мың бастың орнына 428 мыңнан астам мал тіркеліп, көрсеткіш 112 пайызға жеткен. Қазіргі таңда ақпараттық жүйеде өңір бойынша 1,3 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары есепке алынған.

Саладағы материалдық-техникалық база да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Соңғы үш жылда ветеринариялық ұйымдарға арнайы техника мен жабдықтар сатып алынған. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыруға бағытталған жол картасы аясында блоктық-модульдік ветеринариялық ғимараттар пайдалануға берілуде.

Мал сою инфрақұрылымын дамыту мақсатында былтыр өңірде 14 мал сою пункті іске қосылған. Ал аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу үшін 2026–2027 жылдары типтік жобадағы 145 мал қорымын салуға 3,5 млрд теңге қаржы бөлінген.

Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар өңірдегі эпизоотиялық қауіпсіздікті күшейтіп, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына оң әсерін тигізбек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: