Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде 140-тан астам нысан мемлекеттік бақылаудан өтті

15.01.2026, 21:38 20

Қызылорда облысында өткен жылы өнім қауіпсіздігі мен өлшем дәлдігін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік бақылау күшейтілді. Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаменті 2025 жылы түрлі форматта 141 мемлекеттік тексеру жүргізген.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысы Бауыржан Қарсақбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тексерулер жоспардан тыс, құқық қорғау органдарының тапсырмасы бойынша және профилактикалық бақылау аясында ұйымдастырылған.

Бақылау нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы нұсқамалар берілген. Үш әкімшілік іс қозғалып, жауапты субъектілерге шара қолданылған. Сонымен қатар, ақпараттық жүйелер арқылы жүргізілген мониторинг барысында 272 өлшем құралының салыстырып тексеру сертификаттары талапқа сай келмейтіні белгілі болып, олардың күші жойылған.

Медициналық қызмет көрсету саласы да назардан тыс қалмаған. Жеке меншік медициналық орталықтар мен зертханаларға қатысты бармай профилактикалық бақылау жүргізіліп, өлшем бірлігін қамтамасыз ету талаптарын бұзған 39 субъектіге ресми ұсыным жолданған.

Зергерлік бұйым саудасымен айналысатын кәсіпкерлерге де профилактикалық бақылау жасалған. Бұл бағытта 42 субъект тексеріліп, талап бұзғандары алдағы уақытта бару арқылы бақылау жүргізілетін тізімге енгізілген.

Бұдан бөлек, бақылау сатып алу бағдарламасы аясында тұрмыстық электр тауарлары мен жанармай өнімдері сынақтан өткізілген. Сынақ нәтижесінде кейбір электр тауарларының техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталып, оларды нарықтан алып тастау туралы шешім қабылданған.

Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар тұтынушылардың қауіпсіздігін қорғауға және өңірде сапа стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: