Көлбеңдеп шыққан көп цифрды қарамасқа болмады. Жыл басындағы ақпарат негізінде БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 10679,2 млрд теңгені құрап отыр. Соңғы жылдары дүркін-дүркін өзгеріске ұшыраған зейнетақы қорына байланысты түйткілді мәселелер жұрттың мазасын әлі де кетіруде. Қайбір жылдары Әзірбайжан халықаралық банкіне салынған зейнетақы қаржысының «із-түссіз» жоғалып кету оқиғасы да болды. Ол кезде де резонанс тудырған БЖЗҚ-ның «былығы» жабулы қазан күйінде қалды. Десек те қордағы активтерінің 71,3 миллиард теңгесі қайтарылады деген соң ғана тыпыршыған ел тыныш отыра қалды. Әйтпесе… бұл жүйедегі тұрақсыздық да әсер етіп тұрғаны анық.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНЕ РЕФОРМА КЕРЕК ПЕ?
Мәселен, Арменияның зейнетақы жүйесінде қарттық бойынша әлеуметтік зейнетақы еңбек және әскери зейнетақы алуға құқығы жоқ адамдар үшін 65 жасқа толған кезде тағайындалады. Ал жасы бойынша зейнетақы 63 жасқа толғанда және 10 жыл еңбек өтілі бар болған кезде ғана төленеді. Швециядағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда зейнеткерлікке шығудың икемді жасы бар, бірақ заңнамамен зейнет жасы 61 жастан бастап және шартты-жинақтаушы құрамдауыштан қалыптастырылатын зейнетақы тіркелген. Бүгінгі таңда осы жасты көтеру керек пе, яғни зейнетақы жүйесін одан әрі қалай реформалау керек деген саяси пікірталастар жүруде. Экономикалық ынталандыру, егер азамат кейінірек зейнетке шығатын болса, онда ол зейнетке ерте шыққанға қарағанда жоғары зейнетақы алады. Кепілдік берілген зейнетақы үшін зейнетке шығу жасы – 65. Жүйе өте икемді, адам зейнетке шыққанда, ол зейнетақының қандай үлесін алғысы келетінін (25%, 50%, 75%) таңдай алады. Байқап қарасаңыз, біздің елдегі жүйе де осыған саяды. Бұл аз десеңіз, тағы бір мысал келтірейін, дәл осы Швецияда қалыптасқан кепілді зейнетақы деген бар. Онда жұмыс беруші 11 пайыз, қызметкер 7,5 пайыз аударып отырады. Дәл осы тақылеттес зейнетақы жүйесі Қазақстанға 2020 жылы енгізіледі деп айтылған.
ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады. Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышында зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты тарату қағидаттары да бар. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5% міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушы болып табылады. Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі. Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды. …Міндетті зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктерді төлеу тәртібін азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана оны алу құқығын иелену жолымен оңтайландыру ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік кепілдіктер бойынша айырманы төлеу сомалары жеке зейнетақы шоттарына есепке жатқызылуға тиіс» делінген. Бірақ…
10+5=15%: КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ
Іле-шала бұл саладағы мамандар ақпаратты тағы да өзгеріске ұшыратты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сол кездегі тізгіншісі Т.Дүйсенова әртараптандырылатын көпдеңгейлі жүйені қалыптастыруға бағытталған зейнетақы жүйесін біртіндеп жаңғырту қолға алынғанын жеткізді.
– 1998 жылдан бері мемлекет1998 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс өтілі бар азаматтарға ынтымақты зейнетақы төлеуді жалғастырып келе жатса, 2005 жылдан бастап базалық зейнетақы төленуде. Бұл төлемдер базалық деңгейді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 1998 жылдан барлық қазақстандықтар жалақысының 10%-ын жинақтаушы зейнетақы қорына аударуда. Үшінші деңгей 2020 жылдан бастап жұмыс берушілер әр қызметкерге міндетті 5% жарна аударады. Осылайша, жүйемізде қаржыландырудың 3 көзі болады және ол неғұрлым әртараптандырылады. Әлемдік тәжірибеден байқағанымыздай, бірнеше деңгейлі жүйе орнықты болып келеді және көңілге қонымды зейнетақы алуға мүмкіндік береді, – деген еді.
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін БЖЗҚ-ның Қызылорда облыстық филиалына хабарластық.
– Зейнетақы жүйесін әртараптандыру бағытында жасалатын өзгеріс 2020 жылдан бастап іске қосылмайды. Яғни, жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5% міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушы болып табылатын жүйе 2023 жылдан басталады, – деп жауап берді аймақтық филиал мамандары.
Есесіне Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында әрбір мемлекет еңбек мигранттарына зейнетақыны өз заңнамасына сәйкес төлейтіндігі туралы келісім жасалды.
МИГРАНТТАР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ
Айта кетейік, бұған дейін ЕЭО мемлекеттерінің зейнетақы жүйелеріндегі өзгешіліктерге байланысты еңбек мигранттарының зейнетақы алу құқығы осы Одаққа мүше елдерінің барлығында бірдей орындалмайтын. Ал Белоруссия мен Ресейде жұмыс берушілер еңбек мигранттары үшін жергілікті зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударғанымен, мигранттар туған жеріне қайтқан соң, осы екі елде қалыптасқан зейнетақы құқықтарын жүзеге асыра алмайтын. Өйткені бұл елдердегі зейнетақы жинақтары басқа елге экспортталмайтын. Келісім күшіне енген соң, Ресей Федерациясы, Армения, Қырғызстан және Белоруссия азаматы Қазақстанда еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін болса, онда ол Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасының тәртібі мен шартына сәйкес БЖЗҚ-ға ай сайын зейнетақы жарналарын аудару арқылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысады.
10-12 МИЛЛИОН ТЕҢГЕҢІЗ БОЛСА…
Халықаралық тәжірибені зерттеп-зерделеп шыққан ғалымдар мен сарапшылар зейнетақы жинағын пайдалану бойынша бірнеше ұсыныс енгізді.
Бірінші ұсыныс – зейнетақы жинағын баспана алу үшін пайдалану, екіншісі – салымның белгілі бір бөлігін ем-домға жұмсау. Оған тегін медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейтін емдеу шаралары жатады. Жұрт қуанбады десем сенбейсіздер. Бірақ солай болды. Неге? Өйткені…
– Ел азаматтары тиісті зейнетақысын алуы қажет. Сондықтан зейнетақы жинағын пайдалану жағы есепшоттағы ақшаның көлеміне байланысты жүзеге асады. Адам зейнеткерлікке шыққанда қажетті ақшамен қамтылуы шарт. Қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Сондықтан біз әрбір адамның есепшотындағы қаржы зейнет жасына жете ме, жоқ па, осыны ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 миллион теңгеге жетпейді. Ал қажетті сома 10-12 миллион теңге болуы тиіс. Ондай азаматтардың саны – 102 мың адам, – деді ҚР премьер-министрдің орынбасары Б.Сапарбаев.
Осыны естіген ел-жұрт езуін керіп, қайтадан жиып алуға мәжбүр болды. Қайтейік…
Жасы келген зейнеткерлердің зейнетақысы жыл сайын үстемеленіп тұрғанмен, оған ерік беретін нарық жоқ. Не керек, әйелдердің зейнетке шығу жасы да ұлғайтылды. Не десек те, елдегі өңі өзгермелі жүйе деп қабылдауға тура келеді. Бұл ретте біз егемен ел ретінде өз жүйемізді емес, сыртқы елдердің тәжірибесіне сүйенетініміз көбірек байқалады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!