Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір, неткен, күрделі…

17.04.2023, 8:45 262

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Бұл әңгіменің кейіпкерлері – бүгінгі таңда келін түсіріп, немере сүйген ата-әже атанған салиқалы жандар. Жастықтың буымен қателікке де бой алдырған сәттері де аз болмады. «Тентекті тентек десең, бөркі қазандай болады» демекші кезінде топ-топқа бөлініп, жанжалдасты да. Балаң көңілдің желігімен мұндай әрекетті олар батылдыққа балаушы еді. Ал, сондайда өзінің оғаш қылығымен әлпештеген әке-анасын, жақын-жуығын ұятқа қалдырып, көңілдеріне кірбің түсіргенін сезіне де бермеді.

Алайда, кең пейілді ел ағалары жастардың кемшін ісін кешіре білді. Қаншама ашуланғанымен қатал шешімге барған жоқ. Мұндай қадамның дұрыс екендігін уақыттың өзі дәлелдеді…

…Ол тұстағы ауыл жастарының бірден-бір бас қосатын жері ауылдағы ескі клуб болатын. О, мұндай думанға толы орынды әлемді шыр айналып, қолыңызға шам алып жүріп іздесең де таппайсың… Қабырғасы фашень, шатыры шиферсыз, шағын екі-үш бөлмелі клуб үйі ауыл жастарына хан сарайындай көрінетін. Әр аптаның сенбі күні би кеші ұйымдастырылады. Мұндайда клуб іші би алаңынан көрі, көше тентектерінің күш сынасатын жеріне айналады. Сол тұста жастардың топқа, көшеге бөлініп жанжалдасуы қатты етек алып тұрған-ды. Бірі-біріне құда-жекжат, ағайын-туыс саналатын аядай ауылдың бозбастары екіге жарылып, қызыл шеке болатын. Не жетпесін, балалық ақымақшылық қой.

Бір би кешінде екі аймақ (край) бозбалары жанжалдасып қалды. Төбелеске бір бойжеткеннің қарсы жақтың жігітімен биге түсуі себепші болған еді. Арманның достары қарсыластарын клубтан қуып шығып, мәз болған… Бекер қуаныпты. Ертеңіне бастары дауға шатылды. Арман мен бірнеше досының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Аудан орталығынан келген тергеуші ауылда бірнеше күн жатып, тергеу жұмыстарын жүргізді. Ақыры тергеу де аяқталып, бұларды аудан орталығына шақырды.

Жолға шығар алдында Арманға әкесі ренішін жасырмады. Оқты жанарын ұлына қадап тұрып:

– Марқұм әжеңе сені ренжітпеймін деп сертімді берген едім. Әттең, сөзімді жұта алмай тұрмын… «Қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер» деуге анамның аруағынан қорқамын. Әйтпесе, обалың жоқ дер едім… – деп тамағын кенеді.

Ал анасы болса… жаулығының ұшымен көзін сүртіп, үнсіз егіліп тұр еді.

Әкесінің ұлына өкпелейтін де реті бар. Арман – көше тентектерінің белсендісінің бірі. Өзгенің жанжалын ақысын төлеп сұрап алатын қызба мінезді бозбала сол әдетінен талай бармағын шайнады. Төбелестің салдарынан әлденеше мәрте талқыға да түсті. Сотқар ұлдың кесірінен әке-анасына топ алдында қызаруға да тура келген-ді. Осындайда анасы «Айналайын-ай, есің қашан кірер екен?!» деп күйіп-піседі.

Сонымен… Арман мен достары аудандық ішкі істер бөліміне де келді… Полиция ғимараты дәл орталықта орналасқан екен. Көрікті салынып, ауласында тал-терегі, алуан гүлдер жайқала өсіп тұрғанымен кеудені зіл басып жатқандай әсер қалдырады.

Түс ауа тергеуші Арман мен достарын милиция бөлімшесі бастығының кабинетіне айдап апарды. Атшаптырым кабинетте екі адам отыр. Бірі – аудандық полиция бөлімшесінің бастығы. Ал екіншісі… Арман өзінің көзіне өзі сенбеді. Полиция бөлімінің бастығына қарама-қарсы жайғасқан әкесі екен. Ұлы Отан соғысының ардагері әкесі бейне мерекелік шараға қатысуға келгендей сұрапыл жылдарда алған орден-медальдарын кеудесіне жарқыратып тағып алыпты. Екеуі біршама әңгімелескен сыңайлы. Бөлмедегі мүлгіген тыныштықты полиция бастығының сұрағы бұзды:

– Арман деген қайсысың боласың?!

Қанша дегенмен әскери әрі бағыныштыларына әмірін жүргізіп үйренген адам ғой, дауыс көтермесе де үні салмақты естілді. Арман басы салбыраған қалпы, ортаға шықты.

– Сен, не бүлдіргеніңді білесің бе?!

Арман не десін?! Көзімен жер шұқылап, төмен қарап мөлиіп тұр.

– Сен өзіңнің теріс қылығыңмен кешегі офицер, батыр майдангер, асқар таудай айбарлы әкені мен сияқты баласымен жасты адамға жалынуға мәжбүр қылдың… Сен үшін ешкімге, ешқашан намысын таптатпаған адам өзгелердің кесірінен кешірім сұрап жүр… Ұятың қайда?!

Арманның көзі қарауытып, құлағы шыңылдады. Полиция бастығының нық үні тәнін де, жанын да дырау қамшымен тілгілегендей күй кешті. Тұла бойын жуған тер тырс-тырс жерге тамшылап жатыр… Арман мен достарына отты көзімен қадала қараған полиция бастығы тергеушіні шақырып:

– Мына бұзақылардың ісін өндірістен қысқартып жібер! Барыңдар, көзіме көрінбеңдер! Ақсақал, балаларды алып ауылыңызға қайта беріңіз. Аман болыңыз, аға! – деп Арманның әкесіне қолын ұсынды.

Арада жылжып жылдар өтті. Сол көше тентектерінің арасынан кейін елге танымал азаматтар, үлгілі отбасы иелері, мектеп директоры, заң қызметкері, журналист, мекеме басшысы, электрик өзге де сан түрлі мамандық иелері шықты.

«Ел іші – алтын бесік» деп текке айтылмаған ғой. Егер сол кезде біздің теріс қылығымызға кешірім бермей түрмеге тоғытқанда өміріміздің қандай соқпаққа түсерін кім білсін? Тағдырымыз бүлініп, кәнігі қылмыскерлерге айналар ма едік? Албырт жастықпен жасаған ісімізге кешіріммен қараған ел азаматтары қандай дарқан?» деді Арман іштей күбірлеп.

Өмір, неткен, күрделі!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: