Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нумерология: 2026 жылы не болады?

11.12.2025, 11:20 84

Санаулы  күндерден  кейін  жаңа  жылды  қарсы алып, ескі  жылмен  қоштасамыз.  Яғни,  жылан жылы  аяқталып,  жылқы  жылымен  қауышамыз.  Иә, жаңа  жылдың  табалдырығы  жақындаған  сайын әрқайсысымыз  өткенге  есеп  беріп,  келер жылдан  не күтетінімізді ой елегінен өткізе бастаймыз. Күнтізбедегі жылдың ауысуы – тек уақыттың өзгеруі ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктердің, жаңа энергияның басталуы. Сондықтан жылда жаңа жылдан күтер үмітіміз көп болады. Ал 2026 жыл қандай жаңалығымен келеді екен? Кімді қуантып, кімді мұңайтады? Осы сәтте нумерология мен шығыс күнтізбесі секілді ежелгі ілімдерге деген қызығушылық артып,  алдағы  жыл  қандай  бағыт  пен  күш  әкелетінін білгіміз  келеді.

Алдағы 2026 жыл – жылқы жылы. Шығыс күнтізбесінде жылқы ептілік пен еркіндіктің, батылдық пен серпілістің символы саналады.  Бұл жыл эмоциялар мен оқиғалардың екпінділігімен, тосын өзгерістермен, жаңа бағыттарды ашумен есте қалуы мүмкін. Әсіресе, өзіне сенім артып, тәуекелге бара білетіндер үшін 2026  жыл  нақты  табыстардың  жылы  болмақ.

Нумерологтардың пайымынша, 2026 саны­ның өзі ерекше энергетикаға ие. 2+0+2+6 қосындысы 10-ды, ал 1+0 = 1 санын береді. Бір саны – жаңалықтың, бастаманың, көшбасшылықтың символы. Демек, бұл жыл көпшілікке өмірдің әр саласында «жаңа парақ ашуға» мүмкіндік сыйлайды. Үйреншікті шеңберден шығып, тың идеяларды жүзеге асыруға қолайлы  кезең  туады.

Осы тұрғыда нумеролог және астролог маман Нұргүл Лепес 2025 жылды 9 санымен байланыстырып, бұл санның аяқталуы деп есептесе, 2026 жылды серпінді өзгерістермен басталатын 1 санымен ұштасып тұр деп бағалайды.

– 2026 – бір цифрасының ықпалындағы жыл. Бұл – жаңару, бағытты қайта айқындау, батыл қадам жасау кезеңі. Жылқы жылының энергиясы да тыныш жатуды емес, қозғалыс пен өсуге ынталан­дырады. Бірақ дәл осы екпінділік көп адамды асығыстыққа итермелеп, орынсыз тәуе­келге баруға себеп болуы мүмкін. Сондықтан, 2026 жылы басты кеңес – әр шешімді ой елегінен өткізу. 2025 – аяқтау жылы болса, 2026 – бастау жылы. Бұл жылы жасалған жоспарларыңыздың барлығы 8 жылға әсер етеді, — деді  ол.

Оның айтуынша, 6 санының энергиясы отба­сылық байланыстарды күшейтіп, адам­дардың ішкі әлеміне назар аударуына себеп болады.

– Бұл жылда рухани өсу үшін мүмкіндік көп. Қарым-қатынастарда қиындықтар кездесуі мүмкін, бірақ олар адамның өз-өзімен үйлесуіне жол ашады. Ал кәсібилік пен білім саласында жаңа идеялар оңай туады. Тек эмоцияға еріп кетпей, жерге берік тұра білсеңіз – 2026 жыл үлкен жетістіктерді сыйлайды, — деп  толық­тырады  маман.

Жылқы жылының табиғаты да тура осыны меңзейді. Бұл – тоқтаусыз қозғалыстың, шабыт­тың, қарқынның жылы. Әсіресе, шығармашылықпен айналысатындар, өз ісін бастауды  ойлап  жүргендер немесе мүлде басқа жолға  түсуге  бел буғандар үшін кең өріс ашылады. Дегенмен,  жылқы – мінезі  алмағайып, еркіндікті сүйетін  жануар.  Сондықтан  2026 жылы асығыстық пен орынсыз тәуекел де салдарын көрсетпей  қоймайды. Нумеролог маман да бұл жылда сезімге емес, парасатқа көбірек жүгіну  қажеттігін  ескертеді.

Бұл жылы зерттеу жобаларына сұраныс артып, жас ғалымдар үшін гранттық мүмкіндіктер көбеюі ықтимал. Себебі нумерологтар «1 саны – жаңалық, 6 саны – білім» деп түсіндіреді. Сондықтан интеллектуалдық салаларға оң  әсер  етеді  деп  есептеледі.

Ал экономикалық және әлеуметтік тұрғыда да 2026 жыл құбылмалы болуы ықтимал. Бұл кезеңде әлемнің түрлі аймағында жаңа бастамалар, реформалар, ғылым мен технологияда серпілістер байқалатын көрінеді. Жылқы жылының  энергиясы жаңашылдыққа жетелейді, сондықтан кәсіп пен білім саласында бәсекелестік арта түсуі мүмкін. Ал жеке өмірінде тұйықтықты бұзып, жаңа қарым-қаты­настарға жол ашқысы келетіндер үшін де 2026  жыл  сәттілік  әкеледі.

Жалпы алғанда, нумерология мен шығыс жорамалдары 2026 жылды батыл қадамдар мен жаңа мүмкіндіктердің жылы деп сипаттайды. Қазақта «жылқы жылы – жүлде жылы» деген сенім бар. Шаруасы ширығып, еңбегі еленетін уақыт ретінде бағаланған. Ежелгі жылнама­ларда да жылқы жылы ауа райының құбылмалы, бірақ берекелі келетінін жазған. Бірақ жылқының құйрығына жармасып қалу үшін әр адам ең алдымен өз ниетін айқындап, мақсаттарын  нақтылап  алғаны  жөн.

Нумерологиядан бөлек, 2026 жылдың астрологиялық көрінісі де ерекше. Астролог­тар бұл жылды трансформацияның, батыл қадамда­рдың  және  жүйелі өзгерістердің жылы деп есепке алады. Астрология бойынша Сатурн мен Юпитер планетасының жылы. Келер жылы Сатурн балық белгісінде болады. Бұл адамдардың сезімтал болуына, рухани дамуға, шығармашылыққа бет бұруына ықпал етеді. Рухани ізденіс, өнер, психология және медицина  саласында  алға  жылжу байқалуы мүмкін.

Юпитер  жыл  бойы  екі  белгіде  болады. Әуе­лі егізде, кейін шаянда. Егіздегі Юпитер білім алуға, ақпаратпен жұмыс істеуге, жаңа технологиялар мен ғылыми жобалардың дамуы­на ықпал етеді. Ал шаян белгісіне өткен  кезде  қаржы,  инвестиция және ресурс­тар тақырыбына  ерекше  назар  аударылады.  Осылай­ша, нумерологиядағы «1 саны – жаңалық, 6 саны – білім» деген сипаттама астрологиямен  де  сәйкес  келеді.

Сатурн балық белгісінде тұрғандықтан, адамдар қарым-қатынаста сезімтал, нәзік, ашық бола бастайды. Махаббатта түсіністік пен тереңдік күшейеді. Бірақ тым сезімталдықтың әсерінен реніштер мен көңіл қалушылықтар да болуы мүмкін. Жылқы жылының эмоционалдық  қарқыны  бұл жағдайды одан әрі күшейтіп,  сезім  мәселелерін  жиі  қозғайды.

Сонымен, 2026 жыл еліміз үшін тосын жаңалықтар мен табысқа толы жыл болмақ. Алдағы уақыттары күн райының өзгерістеріне қарамастан, жылдың алғашқы аптасынан-ақ айқын жаңалықтар болары сөзсіз. Ол әркімнің тұрмысына немесе жұмысына да байланысты болуы мүмкін. Сол үшін жаңа жылды барынша жаңа эмоциямен, жаңа көңіл күймен қарсы алғанымыз дұрыс. Жаңа жылды жай ғана дата­ның ауысуы деп қабылдайтындар үшін болашақ өзі елестеткен шеңберден аспайды, сол үшін  жақсы  ойлауға  кеңес береміз.

Қорыта келе, биылғы жылдың болжамы – осы. Ал  жеке өміріңізде қандай өзгерістер болатыны қызықтырса, қолыңыздағы «Халық» газеті апта сайын соңғы бетінде арнайы апталық  болжам  ұсынып, сіздің жұлдыз-жорамалыңыз қандай болжам жасайтынын жариялайды. Ол үшін «Халық» газетіне алдағы жылға жазылып,  басылымның әр санын жібермей қарап, бақылап отырсаңыз, жеткілікті. Ал, қалғанын  уақыт  еншісіне  қалдырайық.

Оразкүл  БАҚЫТЖАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: