Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыздағы қазақы ырымдар (2-бөлім)

22.03.2022, 15:00 445

11. Қазақ наурыз күні алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Онысы жолаушы аман келсін, мереке дәмі береке, осы берекелі астан ауыз тисін дегені.

12. Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген күйеу жігіт пен қызға ерекше құрмет білдіреді. Күйеу баласына шапан жауып қайтарады. Онысы қызымызға жақсы қарасын, қызымыз бақытты болсын дегені.

13. Қазақ наурыз күні малы төлдесе, оның төлін басқа біреуге сыйламайды. Себебі, жыл басындағы құтымыз басқаға ауып кетпесін дегені.

14. Қазақ наурыз күні босанған әйелді құт деп ырымдайды. Оны Қызыр босандырды деп сенеді. Ол туылған бала елге құт болып қонады деп сенеді. Сондықтан ол баланың атын ұл болса, Ұлысбек, Наурызбек қыз болса, Наурызгүл, Ұлысжан деп қоятыны содан.

15. Қазақ наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса жақсы ырымға балайды. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді.

16. Қазақ наурыз күні ошағының астында от қаулап, лапылдап жанса биыл бақ жұлдызымыз көтеріледі, баиймыз деп ырым етеді.

17. Қазақ наурыз күні төріне қос шырақ жағып қояды. Онысы Отағасы мен Отанасы аман болсын, ошақтағы отымыз сөнбесін деген ырым.

«Қазақы наурызнама» кітабынан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: