Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыз мейрамы ауылдарда да тойланды

22.03.2025, 15:20 129

Жаңақорған ауданына қарасты Ақүйік, Жаманбай батыр және М.Нәлібаев елді мекенінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды.

Бүгін Ақүйік, Жаманбай батыр және М.Нәлібаев ауылдық округінде көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы ерекше көңіл-күймен аталып өтті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар бұл күнді асыға күтіп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға белсенді түрде атсалысты.

Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Мажит Самитов, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, Серхожа Ыдырысов, Даулет Қалыбаев қатысып, жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде «Баршаңызды береке мен бірліктің бастауы болған Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміздің бастамасымен өткен жылдан бері Наурыз мейрамы «Наурызнама» онкүндігі аясында тойлануда. Бұл көктем мерекесінің мазмұнын байытып, көпшілікті ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіре түсті.
Ұлыстың Ұлы күні Сыр еліне толайым жаңалықтарымен келді!
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда.
Өткен жылы облысымыздың бюджетін 750 млрд. теңгеден асырды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен облысымызда көптеген ірі жобалар мен жаңа бастамамалар жүзеге асырылып, бүгінде ел игілігі үшін пайдалануға берілді.
Жергілікті кәсіпкерлер, осы елден шыққан меценаттар, туған жерді түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерін салып, демеушілік көрсетіп, белсенділік танытты.
Өздеріңізге белгілі, жуырда ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Бұл облыс әкімінің Қызылорда облысына жасаған үлкен еңбегінің жемісі деп білемін.
Құрметті ауыл тұрғындары!
Әз Наурыз тәуелсіз елімізге, туған жерімізге молшылығымен, игілігімен келсін!
Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! Әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын!», – деді аудан әкімі.

Шара барысында бірқатар ауыл тұрғындары ауданның әлеуметтік дамуына қосқан үлесі мен рухани – мәдени шараларға белсене қатысқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік бағдарлама ұлттық дәстүрге сай түрлі шаралармен жалғасын тапты. Сахна төрінде әсем әндер шырқалып, қазақтың мың бұралған билері орындалды. Жергілікті өнерпаздар халық әндері мен күйлерін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, ауыл жастары мен қонақтар белсенді түрде қатысты. Ойындарда қатысушылар өз шеберліктерін сынап, жеңімпаздар марапатталды.

Бұл күн – ауыл тұрғындары үшін ерекше мереке болып, көпшілікке шаттық пен қуаныш сыйлады. Ұлыстың ұлы күні берекемізді арттырып, ырысымызды еселей берсін!

Жаңақорған

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: