Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Наубай» қайнаға

28.01.2025, 9:50 113

HALYQLINE.KZ

Шешемнің «Наубай» қайнағасы Қамбаш жұмысшылар тұтыну одағының, яғни рабкооптың нан пісіретін наубайханасында наубайшы боп қызмет атқарған Жиенәлі баласы Бозғұл деген әкеміз еді

Ол 1912 жылы осы Қамбаш ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы да, жастық шағы да Кеңес заманының кесапатқа толы уақытында өтті. Соғыстың да, сталиндік зұлматтың да қанқұйлы саясатының құрбаны болды. Алайда, рухы сынбаған ол барлық қиындыққа төзе білді. Әскери тұтқын ретінде немістің қолына да түсті. Кеңес үкіметінің айдауында да болды. Қиындықтың бәрін жеңіп те шықты.

Кеңес Одағының ең суық жері Воркуттада айдауда жүріп, өзі сынды мұңлық татар жігітінің 16 жастағы қызымен отау құрды. Жеңгеміздің аты-жөні Хисматуллина Гүлзейнеп Хисматқызы болатын. Жас айырмашылығы – 25 жыл! Махаббат деген жасқа қаратпайды-ау!

1958 жылы тұңғышы Ерали дүниеге келгеннен кейін, көп ұзамай айдаудан босанып, елге қайтты. Көп қиындықпен осы Қамбаштағы жұмысшылар тұтыну одағының (рабкооптың) наубайханасына нан пісіруші-наубайханашы боп қызметке орналасты. Айдауда жүріп, аспаз болғанының себі көп тиді. Осылайша, Бозғұл әкеміздің қалыпты өмірі басталды. Қалыпты дейміз-ау, сырт көзге солай көрінгенімен, ол кез халық үшін аса ауыр кезеңнің бірі еді. Халықтың дені аш болатын. Нан жоқтың қасы. Бар нанның өзі қатаң бақылауда. Елдің дені – жетім-жесір, мүгедек Ер-азаматтар, жұмысқа жарамдылар азаннан қара кешке дейін ауыр еңбектің мехнатын көрудей-ақ көруде! Осындай жағдайда Бозғұл әкемізді сағалайтын адамның көп болатыны айдан анық еді. Ұлтын сүйер азамат, небір тозақтың отынан өткен жанкешті әкеміз, соған қарамастан, шолақ белсенділердің, жандайшаптардың, тексерушілердің сұрқиялықтарынан айласын асырып, жоқ-жұқа адамдарға жақсылығын аямады. Бір көсек нанды бөліп беруде асқан азаматтық жасады.

Ол-ол ма?! Тіпті, мұғалімдер, дәрігерлер сынды ауыл зиялыларының да бір сәт наннан ауыз тиюіне де керемет жағдай жасап, шеберлік танытатын. Кеңес үкіметінің қазақ халқын араққа үйретудегі қитұрқы саясатының нәтижесінде, дүкен сөрелерінде сықап тұрған арақ-шарапты алып ішкенге ешкім үндей қоймайтын. Соны себеп қылып наубайханаға келген қызметкерлерге «закусканы» сылтау етіп, ыстық нанға маргарин майын тығып ерітіп, қарындарын тойғызып жіберуді Бозғұл әкеміз шебер ұйымдастыратын.

Ол кез үшін арақ-шарап ішу еш әбес емес еді. Тексерушілер үшін де арақ-шарап ішу қылмыс боп есептелінбейтін. Сол себепті, нан жеу арақтың тасасында қалатын.

Осы сәтте біздің үйде де арақтың қызу саудасы жүріп жататын. Жәшік-жәшік арақтар лезде көзден ғайып болатын. Үйдің маңы топ-топ боп арақ ішкендердің гу-гу әңгімелері араның ұясындай гуілдейтін.

Біз, інілерім Әжәп пен Нұртай, қарындасым Ғалия, шешемнің «Наубай» қайнағасының тапсырмасымен, яғни жұрттың іше алмай қалдырып кеткен арағын жинап қоюға қызу кірісіп жататынбыз. Балалық қой! Ақ арақты бір бөлек, қызыл шарапты бір бөлек жинап қоятынбыз. Бөтелке толса, бір үлкен істі тындырғандай Бозғұл әкемізді тағатсыздана күтетінбіз. Үйдегі нанға да тыным жоқ. Үздіксіз алмасып отырады. Кейде аш отыратын кезіміз де болатын. Өйткені, үйдегі азын-аулақ нанды арақ-шарап ішкендер «закуска» деп жеп қоятын. Есесіне, шешемнің «Наубай» қайнағасы арақ ішуге келгенде, қойнына нан қыстырып әкеп, толтырып қоятын.

Арақ ішіліп жатқанда, қызу әңгіме, пікірталас, ақындар айтысы, қағытпа әзілдер шарықтау шегіне жететін. Сондай қағытпаның бір сәтінде Бозғұл әкеміз:

– Бүгін Гүлзейнепті ренжітіп алдым, – деп, бір әңгіменің ұштығын шығаратын.

Мұны естігенде, құрдастары, інілері:

– Неге?!.. Неге?! – деп сұрақты төпей жөнеледі.

Сондай сәтте Бозғұл әкеміз өзіне тән сабырлылықпен жан-жағына асықпай көз жүгіртіп, ұзын-сонар әңгіме бастайтындай кейіпте:

– Әуелі анадан құйып жіберіңдер! – деп арақты мегзейтін.

Бозғұл әкеміздің айтқанын орындамаса, «Қызық әңгіме айтылмай қалады-ау!» деген қауіппен інілері жалма-жан арақты құюға ұмтылатын.

Қырлы стақан толы арақты бір-ақ қылғытатын шешемнің зор денелі «Наубай» қайнағасы стақанды төңкеріп тастап, көп күттірмей әңгімесін бастап кетеді.

– Қатыныңның жас болғаны да бір жағынан жақсы! Бір жағынан – проблема!

Пікірдің бұлай өрбуі, әңгіменің жас қатын туралы болғаны, жан-жағындағылардың тағатын тауысып, әсіресе, жас жігіттердің делебесін қоздыратын.

– Содан?!..

– Содан?!..

Мұндайда Бозғұл әкеміз асықпай рақаттана кеңкілдеп күліп алады.

– Қатыныңның жас болғаны өзіңе ұнамды болғанымен, кей-кейде жағдайың бола бермейді ғой! Оны жас қатын қайдан түсінсін!…

– А-а ?!…

Сондайда Гүлзейнеп: «Киләсіз дә, китәсиз! Рыс-трайват итәсиз!» деп қатты реніш білдіреді.

– Не дейт?!..

Жан-жағын қаумалаған жұрт қыран-топан болады. Арақ-шараптың буы мен шынайы күлкі жұрттың көңілін көкке көтеріп тастайды. Бәрі мәз-мейрам!

Енді бірде Бозғұл әкеміз:

– Бүгін Гүлзейнеп: «Бозғұл әкәміз бүгін құрметләді! деді» деп, мәз болып, жұртты тағы күлкіге қарқ қылады.

Осылайша, махаббат қызық мол жылдар да зуылдап өте шықты. Балалары ер жетті. Қыздары бой жетті.

Бір күні Бозғұл әкеміз қабағында кірбің бар, қатты ренжіп келді.

– Гүлзейнеп бүгін мені ренжітті! – деді көңілсіз.

– Уа, не болды?! – десті жан-жағындағылар әр түрлі көңілде.

– Ауылда балаларыма жұмыс жоқ. Проблема көбейе бастады. Ми да қатып кетті. Осынымды байқаған Гүлзейнеп: «Ала сиыр сатарға керек! Қазанға көшерге керек!» деп қа-рап тұр.

Шуылдақ жұрт:

– Сен не дедің?! – деп сұрақты қойып та үлгерді.

Сол кезде Бозғұл әкеміз басын әнтек көтеріп алды да, табан асты жадырап сала беріп:

– Мен не дейін?!.. «Мә, саған ала сиыр! Мә, саған Қазан!» деп құлақ шекеден бір қойдым.

– Апыр-ай, мына тоқпақтай қолыңмен бір жерін майып қылмасаң болар еді, – десті былайғы жұрт Бозғұл әкеміздің бұл әрекетіне күлерін де, жыларын да білмей дағдыра.

– Жастық шағымды алыста айдауда өткізген маған қашанда туған жерім ыстық қой! – деді мұңая.

Бозғұл әкеміздің бұл сезімін ол кезде әркім әрқалай түсінді. Оны тек қасында егіз қозыдай тел өскен, соғыста қан кешіп, тұтқында болып, одан қашып шығып, қан майданда ауыр жараланып, украин қызына үйленген Жалғас Мәмбетәлиев әкеміз ғана жан дүниесімен сезінсе керек. Ауыр бір күрсініп, үнсіз қалды.

«Жақсыға сөз ереді, жаманға шөп ереді» дейді ғой атам қазақ. Бозғұл әкеміздің артында жақсы сөзі мен жақсы ісі қалды. Әсіресе, Гүлзейнеп жеңешеміз екеуінің арасындағы риясыз махаббат, өшпес диалогтары жұрт жадында мәңгілікке сақталып қалып, сағыныштарын өлместей етті.

Әкімқаралар, депутаттар ауылымызға келіп, халыққа уәделерін үйіп-төгіп, артынша ат ізін суытып, көзден ғайып боп, ештеңе орындамаса, әлгілерге Гүлзейнеп жеңешеміздің: «Киләсіз дә, китәсиз, растрайват итәсиз!» деген сөзін іздерінен ертіп жібереді. Немесе, қызынып кетіп уәдені төгіп жатқан шендіні жұрттың арасынан шыққан кейбір батылдаулары сөзін бөліп жіберіп: «Гүлзейнеп жеңешеміз айтқандай, уәденің арты «Киләсіз дә, китәсиз, растрайват итәсиз» боп жүрмей ме, әйтеуір!» деп жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылатын мәтелге де айналдырып алған-ды.

Кейде уәдені орындаған шенеуніктерге: «Гүлзейнеп жеңешеміз айтқандай, «Бүгін уәдеде тұрып, елді құрмәтләдіңіздер!» деп тағы күлкіге ұшыратады. Бұл биліктегілердің ел арасында сенімнен айырылып қалғанының белгісі-ау, сірә!

Міне, менің шешем Зибаның «Наубай» қайнағасынан қалған, сағыныш сағымына айналған бір естелік.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Қамыстыбас  ауылы

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: