Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Музей – қонақтарды күтіп алып, шығарып салатын жер емес

05.02.2026, 6:40 40

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал қатпарлы тарих бетінде таңбаланған ғасырлар қойнауы – ғажайыпқа толы кешегі күннің куәсі. Халқымыздың асыл мұраларын көздің қарашығындай қастерлеп, келешек ұрпаққа аманаттау жолында тарихи-өлкетану мұражайының орны ерекше. Мұражайға келген әрбір адамның көкірегін түрлі сауал тербеп тұрады. Сонау ғасырлар қойнауынан «инемен құдық қазғандай» әрбір экспонатты көз майын тауысып зерттеп-зерделеп, мұражай төріне табыстау үлкен еңбекті қажет  етері  анық.

Осы орайда, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Асхат Қожакелдіұлымен сұхбатымызды оқырман назарына  ұсынамыз.

– Асхат Қожакелдіұлы, әңгімемізді еліміздегі музей ісінің басты мәселелерінен бастасақ…

– Жалпы, музей ісі – енді дамып келе жатқан сала. Мемлекет басшысы Қызыл­ордада өткен Ұлттық құрылтайда біздің өңірдің музейін  жоғары бағалап, бәрі үлгі алсын деп атап өтті. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Былтыр 2025-26 жылдарға арналған Қазақстан музей ісінің тұжырымдамасы жасалды. Осы уақытқа дейін көңіл бөлінбеген сала соңғы жылдары жақсы серпін алуда. Оның бер жағында жалақыға келетін болсақ, соңғы уақыттары екі есе өсті. Музей қызметкерлері үш тілді меңгеруі керек деген талап қойды. Өзіңіз ойлап қараңыз, үш тілді еркін меңгерген маман аз жалақыға жұмыс істемейтіні екібастан белгілі дүние ғой. Міне, осындай жағдаяттар жан-жақты ескеріліп, қыз­меткерлердің дәрежесі көтеріліп отыр. Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттің дұрыс көңіл бөлуінің нәтижесінде қабылданған оң шешім деп айтар едім. Еліміздегі музейлердің жалпы жағдайы Еуропа немесе көрші Ресей елінің музейімен салыстыруға келмейді. Ол музейлер Қазақстандағы музейлерден көш ілгері дамып кеткен.

Музей – қонақтарды күтіп алып, шығарып салатын жер емес. Ол үлкен ғылыми-педагогикалық орталыққа айналуы керек. Мәселен, шетелдегі Лувр музейінде жұмыс істеу – кез келген адам үшін үлкен абырой. Онда қызмет ету Оксфорд университетінде қызмет етуден де жоғары деңгейде. Ал, бізде кеңестік дәуірдің өзінде де музейге зейнетке шығуға жақындап қалған мамандарды жіберетін. Кейінгі уақыттары ойы, мақсаты бар жастар жұмысқа тұрып, музей ісі әлдеқайда жасарды. Содан бері алға жылжу ісі байқалды. Атқарылған істер аз емес, бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Тарихи-өлкетану  тұрғысында  әлі талай  тарих  ашылады.  Қызылорда облыстық  тарихи-өлкетану  музейі – заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, ең озық үлгіде салынған нысан. Алға дамудың үлкен көрінісінің бірі – осы. Енді жалпы кеңестік экспедиция жасаудың музейлердегі кеңестік әдістемесінен құтылуымыз керек. Заманға бейімделу қажет. Ел арасында «Музейде заттан басқа ештеңе көрмейміз» деген пікір айтылады. Түсінген адамға әрбір экспонаттың, фотоқұжаттың да шығу тарихы бар. Оның бер жағында біз лед экрандармен  толыққанды  жабдықталдық.

– Сіз үшін  мәдениет саласы несімен маңызды немесе  жаныңызға  несімен  жақын?

– Бұл менің өмірімде тосынсый болды деп айтсам болады. Негізінде мәдениет саласында жұмыс істеймін деген мақсатым болған емес. Жасыратыны жоқ, университет қабыр­ғасында жүргенде білім, ғылым саласы бо­йынша  еңбек етсем деген ой болды. Мәде­ниет – бұл идеологияның ұшар басы. Ал, идеология болма­йынша, мемлекет алға қарай дамымайды. Әрбір елдің идеологиясын жетілдіретін – мәдениеті. Еуропа елдерінде идеология, яғни мәде­ниет жақсы жолға қойылған. Бізде керісінше мәдениетті соңғы сала ретінде қарастыру көзқарасы әлі бар. Өкініштісі сол, мәден­иет саласы көңіл көтеру, жеңіл-желпі орта деген қасаң ой қалыптасып қалған. Жалпы, білім, медицина – мықты саланың бірі. Оған ешқандай таласым жоқ. Бірақ, осылардың алдың­ғы қатарын­да мәден­иет саласы да тұруы  керек  деп  есептей­мін. Тарихта Ұлы­британияның Премьер-­министрі  Уинстон Черчилльдің екінші дүниежүзілік соғысы кезінде айт­қан «Біз мәдениетімізді сақтау үшін соғысып жаты­рмыз» деген сөзі қалған. Міне, осындай салада  еңбек  еткенімді  мақтан  тұтамын.

– Туған  топырағымыздың  мәдени  мұраға бай  өлке  екені көпке мәлім. Осы ретте облыс­тық тарихи­-өлкетану музейінің әлемдік деңгейдегі  орнын  қалай  бағамдайсыз?

– Осы   облыстық  тарихи-өлкетану музейі­не алғаш рет  2008  жылы  жұмысқа  орналас­тым. Алғашында музей қонақүйде, одан ке­йін шіркеу ғимаратында отырды. Сол кезде кеңестік идеологияның сұрқия сая­сатын қараңыз,  шіркеулерді бұзбай музей қылып сақтап қалды. Қазақстан музейлерінің 70-80  пайызы  30-жылдары шіркеуде  ашылды.  Тиісінше  мешіттер   қараусыз   қалды. Атеизм дәуірінің өзінде кеңестің діни бағытына жақын болды. Өзіңіз ойлап көріңіз, бұрынғы шіркеуде жүріп музей қызметкері болып еңбек ету үлкен батырлық деп айтар едім. Сол уақыттардағы аға-апаларыма ерекше  ризашыл­ығымды  жеткізгім  келеді.

Міне, араға 85 жыл салып, осындай жаңа кейіптегі жобада ғимарат салынып отыр. Әлемдік деңгеймен салыстыруға әлі ерте. Респуб­лика бойынша аймақ музейі алдыңғы қатарда тұр. Кешегі өткен құрылтайдағы президент бағасымен бағамдасақ, облыстардың ішіндегі  озық  музей саналамыз. 2023  жылдары ұлттық музейде өткен әлемдік көрмеге қатыс­тық. Одан бөлек өткен жылы да халық­аралық көрмеге қатысу құрметіне ие болдық. Онда Оғыз мәдениетінің жәдігерлерін алып бардық. Бұл көрме Түркия мен Қазақстанның арасында өтті. Алдағы уақытта да Түркия мемлекетінде  көрме өткізу ісі, осы іс-шараға облыс­тық музей  қатыс­тырылуы  жоспарланып  отыр.  Бұл – ауыз толтырып айтарлық жетістік. Тәжірибе алмасу дамудың жаңа кезеңіне бастайды.  Өйткені  екі  мемлекет  ежелден  тарихи  тамырлас  ел  ретінде  белгілі.

– Музей экспонаттарына тоқталып өтсеңіз. Музейдегі ең бағалы қандай топ бес затты атар едіңіз?

– Музейдегі  әрбір  жәдігердің өзіндік тари­хы терең. Мұндағы көпшілік назарына ұсынылған экспонаттар еліміздің тарихынан тін тарқататын құнды мұралар тізбегі саналады. Дейтұрғанмен,  осылардың   ішінде өзіндік құны жоғары жәдігерлерді  атап өтуге болады. Бұлар – ежелгі  Шірік-Рабат қаласынан  табыл­ған Сақ жауынгерінің,  Жетіасар  ақ­сүйек әйелі­нің, Сығанақ ханшайымының және Түгіс­кен көсемінің реконструкциялары. Сосын  біздегі ең құнды жәдігердің бірі – Жоңғар дулығасы. Осылар ең құнды мұралар қатарына жатқызылады. Жоғарыда атап өткенімдей, дегенмен әрбір экспонаттың өзіне тән тарихы, дәстүрі  барын  біле  жүргеніміз  абзал.

– Туристерді не қызықтырады деп ойлайсыз? Облыста туризмді дамытудың тиімді жолы  қандай?

– Дамыған елдерде экономиканың 11 па­йы­зы инвестиция мен туризм арқылы түседі. Негізі туризм – кенжелеп қалған сала. Ал, біздің өңірге келетін болсақ, Қорқыт кешені, Байқоңыр ғарыш айлағы үлкен деңгейде насихатталып жатыр. Одан бөлек, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарының орнын кең  көлемде насихаттауымыз керек. Жанкентті насихаттап дамыта алсақ, оғыз­дан тара­ған түркі тармағының халқын туризм бағытына тартуға зор мүмкіндік болады. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Әзірет Сұлтан кесенесіне келетін қаншама турист бар. Неге біз сонда келетін түрік аға­йындарға айтпаймыз, «Сіздердің бабаларыңыз – Оғыздар. Он ғасыр бұрын өмір сүрген мемлекеті бар – Дешті Оғыз» деп. Жаңа Гузия деп аталатын қала болған. Осы Жанкент, Женттің атақты қалалары бар. Ортағасырда түркі халқының саяси орталығы болған жер. Жарнама жақсы болса, туристер  көптеп  келген  болар  еді.  Сосын жол инфрақұрылымын да дамыту қажет. Қазіргі уақытта ең потенциялы күшті қала – Сығанақ, Жанкент. Туристік орындарға  әлеуеті  мықты.

2019 жылы Қытай еліне барғанымда туристер жүзден аса шақырым жол жүріп, «Цинхай» деген көлін тамашалауға келетінін көрдім. Ұйымдастырушылар көлді осындағы тіршіліктің анасы деп таныстырады. Енді мына қызықты қараңыз, сол көлде екі жарым мың жыл бұрын Ғұндардың патшасы Мөде ғұндардың тайпаларын біріктірген екен. Мөденің ең бірінші ордасын тіккен жері. Тарих қайда жатыр?! Неге біз тіршілік анасы деп Сырдарияны көрсете алмаймыз? Қамбаш көліне апарып, Қамбар батыр мен Назымның эпосын неге таныстырмаймыз? Бұқарбай батырдың жары Шынаркөлдің атымен аталатын орынға неге туристерді апармасқа? Ғалымдардың айтуынша, Сырдарияның пайда болғанына он жеті мың жыл болған. Сырдарияның ескі атаулары Сейхун, Яксарт деп аталғаны тарихтан мәлім. Сейхун жұмақтағы жеті өзеннің бірі деген де дерек айтылады. Ал, Яксарт маржан деген ұғымды білдіреді. Міне, қаншама өркениеттің ортасы болған Сырдарияны туризм ретінде әлемге көрсетуге әбден болады. Қолымызда тарихи дерек болмаса, миф жасап көрсетуіміз керек. Аралдағы Қамбаш көлін неге туристік ортаға айналдырмасқа?! Сол дәуірде онда кімдер өмір сүрді? Айналасында қандай мемлекеттер болды? Сыр өңірінде тарихи, мәдени-әдеби жер, су атаулары да, басқа да орындар көптеп саналады. Осыларды тиісті деңгейде жарнамалап, туристік аумаққа айналдыруға сұранып-ақ тұр.

– Әлі де зерттеліп немесе жарыққа шықпаған тың дүниелер бар ма? Бүгінгі күнге дейін аймақта қандай археологиялық қазба жұмыстары  жүргізілді?

– Этнограф ғалымдардың айтуынша, Сыр өңірі этнографиясы тың күйінде жатыр. Соған зерттеу жүргізу керек деп мәлімдейді. Бізде ежелгі ортағасырлық қалалар бар. Қызылорда қаласына жақын Айдарлы ауылының іргесінде «Асанас» деген қалашық бар. Осындай жерлерге кешенді жұмыстар істелуі керек. 2019-2020 жылдары «Асанас» қалашығына қазба жұмыс­тары жүргізілгенде, медициналық құралдар табылды. XIV-XV ғасырларға тән жәдігерлер. Халық арасында да көптеген құнды жәдігерлер бар. Мәселен, Қорқыт мұрасын ЮНЕСКО-ға кіргіздік, сол мәдени мұраны насихаттау бары­сында байқағанымыз, ел арасында қаншама бақсының қобызын таптық. Ала алмағанымызға көшірме жасаттық. Жақында Кенесары ханның кенже қызы Мамила анамыздың сандығын алдық. Кенесары әулетінен келген сандық музейдің құнды мұралар тізбегіне енгізіліп отыр. Ел аузында отбасымыздың киесі кетеді деген түсінік бар. Сөйтіп, көпшілігі музейге тапсырудан бас тартады. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта «Шірік-Рабат», «Сығанақ», «Жанкент» археологиялық экспедициясы жүргізілуде. Ортағасырлық «Асанас-3» қала­шығы деген қала бар, Алтын орда дәуірінде өмір сүрген. Музейдің өзі былтырдан бастап соған барлау, археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргіздік. Биыл жалғасы ретінде кешенді  жұмыс­тарын  жүргізу  жоспарлануда.

– Қазба жұмыстарының нәтижесінде қандай құнды  мұралар  табылды?

– Өте көптеген дүниені тауып, мұрағатымызға қостық. Бүгінге дейін жүздеген, тіпті мыңдаған  материал  табылды. Бір ерекше экспонат, өткен  жылы  тышқан  қақпан  тауып  алдық. Сол көне замандарда оның өзін дәулетті адамдар ұстайтын болған. Механизмі түсінікті. VII-XI ғасырларда тұтынған жәдігер. Одан бөлек оғыздар заманындағы қоладан құйылған өсімдік тәрізді жапсырма қоңыр ыдыстар, Сақ дәуірінде сүйектен  жасалған бұйымдарды атау­ға болады. Осылардың қайсыбірі болмасын, өте шеберлік пен дәлдікпен жасалған. Бұлардың  тарихи  құндылығы  жоғары.

– Сыр өңірін  мекен еткен байырғы халық­тарды қай нәсілге жатқызамыз? Сол дәуірдегі адамдарда діни-ғұрыптық жерлеу рәсімі қалай  болды?

– Сақ дәуірінде діни-ғұрыптық жерлеу рәсімі дүние-мүлкімен, қару-жарағымен жерлене­тін болған. 2004 жылы «Шірік-Рабат­тағы» жерлеу құрылысынан отбасымен жерленгендер табылды. Әр кезеңде әртүрлі болған. Шаманизм, Ислам дәуірлерінде жерлеу рәсімдері өзгеріп отырған. Ортағасырлық Сығанақ кесенесінде шыққан сүйек­терде адамның басы құбылаға қаратылып жатқызылған. Бұл ислам дінімен сабақтасады. Сақтардан бұрынғы ерте қола дәуірі ортасында отқа өртеу белең алған. Археологтардың айтуынша, Ұйқарақ, Түгіскен ескерткіштері тұсында адамдар мың градус ыстықты игерген деген де пікір бар. Бұл тарих 2600-2700 жылдар бұрын болған. Сол дәуірлерде біздің аймақта моңғолоидтық нәсіл, европеоидтік нәсіл – жер жүзінде көп таралған көне нәсілдердің бірі өмір сүрген. Қазақ даласы әлем картасының орталық нүктесі іспетті. Еліміздің екі беткейіндегі халықтың ізінің табы қалғанын осыдан  байқауға  болады.

– Қару-жарақ дайындау әдісі қай кезеңде басталды?

– Біздің  заманымыздың  бірінші мың  жылдығында алғаш қылыш дайындау ісі Сарматтар­да қолға алынған. Бұл – ежелгі дәуірде Қазақстан алқабын мекендеген үлкен топ. Түрік  қағанатының  негізін  қалаушы  Бумын қаған да қару-жарақ соққан. Одан кейін Оқшы ата әулие де қару соққан шебер ұста болған. Тарихқа көзі жібертсек, ұстаханада адамдар емделген, халық ұсталарды әулие биігіне көтерген. Осыны зерттегім келіп жүр. Бұл – алдағы күндердің еншісіндегі олжа. Бізде табылған құнды жәдігердің бірі – біздің заманымызға дейінгі VI-VII ғасырларға келетін Түгіскен көсемінің қаруы. Аңдық стильде жасалған алтын бұйымнан соғылған. Түпнұсқасы Ресейдің Шығыс тарихи мемлекеттік музейінде сақталған. Көшірмесі облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Бұл алғашқы жасалған қару-жарақтың бірі болған. Одан «Шірік-Рабат» жауынгерінің қылышы табылды. Ол да – ерте замандарда табылған өте құнды жәдігер. Мұның түпнұсқасы Алматыдағы  орталық  музейде  тұр.

– Францияның Лувр мұражайы тоналып, қымбат картиналар қолды болғаны айтылады. Түптеп келгенде құнды мұраға деген қызығу­шылықтан болған деген де дерек бар. Жалпы, біздегі музейлердің қауіпсіздігі қандай? Мұражайға  келушілер  қатары  қай  деңгейде?

– Бізде қауіпсіздік өте жоғары деңгейде. Жоғарыда атап өткенімдей, шетелдің музейі мен біздің музейлерде айырмашылық жер мен көктей. Әрбір жәдігер арнайы сейфтерде, қорларда сақталған. Музей қорына басшының арнайы рұқсатынсыз ешкімді кіргізбейді. Жалпы, қызметкерлердің барлығы қымбат тұратын құнды жәдігерлердің орнын біле бермейді. Оны қор сақтаушылар ғана білуі мүмкін. Басқа да дүниелер құпия күйінде қалсын. Облыс бо­йынша жүз елу мыңнан астам жәдігеріміз бар. Келіп көрушілер қатары қалың. Аймаққа келген әрбір зиялы қауым музейге соғады. Президен­тіміздің жоғары баға беруінің өзі үлкен  дәреже  деп  айтар  едім.

– «Жер астындағы ашылмаған қала – дұрыс сақталған тарих» деген сөз бар. Аспан астындағы музей құру жобасы үнемі айтылып келеді. Бұл  жайында  не  айтар едіңіз?

– Археологиялық қазба жұмысы негізі ескерткіштерді бұзады. Бұл жайында археолог мамандар да айтады. Сығанақтың XII-XIV ғасырда өмір сүрген кезеңі бар. Ғалымдар жер астындағы мәдени қаланы зерттеу үшін үстіңгі қабатын сырып тастайды. Алайда оған дейін толыққанды зерттеп, суретке түсіріп, ғылыми есебін қағазға түсіріп алады. Бұл бағыт Отырар­да жақсы қолға алынғанын білеміз. Көне дүниелер қайта қалпына келтіріліп жатыр. Осындай жұмыстар Сығанақ пен Жанкентте енді қолға алынып жатыр. Туризмді дамытудың бірден-бірі жолы аспан астындағы музейді құру деп атар едім. Біздің өңірде «Қыш қала», «Асанас» қалалары – осы бағытқа сұранып  тұрған  дүниелер.

– Соңғы сауал болсын, Президент архивінен Сыр еліне қатысты мәліметтер алғаныңыз­ды білеміз. Осы  жөнінде  кеңінен  айтып  берсеңіз.

– Қызылорда Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы  болғанына  орай  музей  басшысы  Сапар Әлиасқарұлының  арнайы  тапсырмасы негізін­де көптеген құнды дүниелер алынды. Атап айтар болсақ, төрт жүзге жуық электронды парақ материал әкелінді. Орталық мемлекеттік архивтің басшысының келісімі аясында өте мәнді ақпараттармен толықтырылдық. 1926-27 жылдары түсірілген бейнефильм,  45 фото­құжат бар. Оның ішінде ең кереметі – Алаш қайраткері Ахмет Бірімжанов туралы құнды дерек. Ол – Әлихан Бөкейханов­пен жақын жолдас болған, екінші мемлекеттік Дума­ға депутат болып сайланған бірегей тұлға. Соның отбасымен түскен суреті табылды. Қызыл­ордада халық ағарту институтында жұмыс істеген адамдардың сол кездері Қызыл­ордада тұрған мекенжайы. Олардың қатарында Смағұл Сәдуа­қасов, Біләл Сүлеев, Нығмет Нұрмақовтар бар. Қызылордада өткен бесінші съезге бес жүз адам қатыстырылған. Соларды қалай жайғастырғаны жайында да қызықты мәліметтер ала алдық. Міржақып Дулат­овқа қалай үй алып бергені, Серікбай Ақаев, Мұхаммеджан Тынышбаев қаланың бас жоспарын  жасайтыны  жайында да өте керемет мағлұматтар  қорға  енгізілді.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: