Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мүгедектігі бар жандардың мәселесі бейжай қалмайды

23.01.2024, 17:42 272

Аймақтағы мүмкіндігі шектеулі ағайынның да жағдайы ескерусіз қалмады. Қала әкімі Серік Қожаниязов «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне барып, олардың жай-күйін біліп, мәселелерін тыңдады.

  • Біз біраз жылдан бері қолөнермен айналысамыз. Арасында тапсырыстар қабылдаймыз. Өзіміздің жасаған бұйымдарымызды әлеуметтік желіге шығарып отырамыз. Тігін машиналарымыз ескі, ыңғайсыз. Ғимаратымыз суық, жағдай жасалмаған әжетхана далада, – деді Сафура Антазиева.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуеттендіруді жүзеге асыратын мекемеде мәселе жетерлік. Әлеуеттендіруден бұрын, бірлестік ғимаратының әлеуметтік жағдайы сын көтермей тұр. Мұнда келген әрбір мүмкіндігі шектеулі азамат өзіне қажет көмек алуы керек. Бірақ жағдай оған жеткізбейді. Әжетханының сыртта орналасуының өзі арбаға таңылған ағайынның қажеттілігін өтеуіне жетпей тұр. Демек, мәселе біреу де, екеу де емес. Оны түгел талқыға салып, қажет шешімдерді қабылдау қажет. Мүгедектерді қоғамнан бөліп қарастыруға болмайды. Оларды өзімізге жасаған жағдаймен тең деңгейде қуантуымыз керек. Аймақта түрлі әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Соның бірінде жұмыс істеуі тиіс бірден бір мекеме болса, олар – мүгедектігі бар адамдар.

Қоғамдық бірлестік мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғап, мүдделерін білдіреді. Әлеуметтік әріптестік қатынастар негізінде мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық өмірге тарту, әлеуметтік оңалту шараларын жүзеге асырады. Ол үшін жоғарыдан қолдау керек. Сонда қолбайлау шешілер ме еді? Жә, мұндағы жұртшылық мынадай мәселелерімен бөлісті.

  • Біздің басты мәселеміздің бірі – қоғамдық көлік. Мысалы, қала ішінде жүрудің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеңілдігін алып тастады. Қала бойынша жеңілдік жоқ. Қаланың шеткі аймағында аялдама жоқ. Арбада тұрған адамдарға автобустар тоқтамай кетеді. Одан қалды көшеден тоқтатқан арбадағы адамдарға жүргізушілер түсіп, панусты ашып беруге оқытылмаған. Одан бөлек, инвотакси  де қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қоғамдық көлікпен қатынау көбінде қиындық туындатады. Сол үшін инвотакси жағын да шешіп берсеңіз. Қаладағы шеткі аймақтағы мөлтек аудандарда жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Көлік жүретін жолмен жүруге тура келеді. Мүгедектігі бар адамдар үшін тротуардың болуы өте маңызды, – деді Гүлжанат Искендирова.

Қала әкімі айтылған мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма беріп, шешуге атсалысатынын жеткізді. Әрі осы мүгедектігі бар азаматтарға арналған ғимарат нысаны бойынша ойда жүрген жоспарымен бөлісіп, қажеттіліктерді барынша өтеуге тырысатынын айтты.  

Аймақта атқарылатын жұмыстар мен жүзеге асқалы отырған ілкімді істер жетерлік. Тұрғындармен кездесу кезінде шаһар басшысы осыны мәлім етті. Серік Салауатұлы аймақтың бас қаласының тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатының жағдайы жақсаруы үшін барын салатынын айтып, ол үшін ұсыныстар мен мәселелерді тұрғындардан есту керектігін жеткізді. Айтылған дүниелер сол жерде қалмаса, алда біраз іс тынғалы тұр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: