Жан баурайтын тіл зерттеушісі
Ең жан баурайтын тіл – жағымпаздардың тілі. Зерделі зерттеуші табылса, небір көркем, бейнелі, әсерлі, суретті сөздердің айшықтарын содан табар еді.
Жүрек пен сезім
Тебірене алмайтындар бар. Емірене алмайтындар бар. Егіле алмайтындар бар. Еміне алмайтындар бар…
Қайтесің, әркімде әртүрлі сезім, әртүрлі жүрек бар…
Ақындар
Таптаурын жолға түсіп алған ақындар таңғалдыра да алмайды, тамсандыра да алмайды.
Өзгермес
Бір дәуірлер кетіп, бір дәуірлер келіп жатыр. Бір қоғамдар бордай тозып, бір қоғамдар жаңа кезеңге аяқ басып бара жатыр. Ал біздің ақсақал, қарасақал, көксақалдарымыз ас пен тойдың бітіп болмас сүргелеңдерінде шаршап-шалдығып болдырып жүр…
Қорқақ
Көп адамдар заңғар биіктерден, түн жортқан бұзақылардан, ала көзімен атқан бастықтарынан, бажылдақ әйелдерінен қорқады. Ал мына біреу қаралай үркіп, көлеңкесінен қорқып зәресі ұшып жүнжіп жүр…
Жұмсағыш
«Құп» десең, құйрығыңнан теуіп жұмсайды. «Жоқ» десең, жон арқаңнан таспа тіліп жұмсайды. «Мақұл» десең, маңдайыңнан шертіп отырып жұмсайды.
Жарнама
Көрермені аз, ортақол театрдың жарнамасы: «Тезірек билет алуға асығыңыздар. Орын аз қалды» болып келеді.
Адамдардың ұқсастығы
Адамдар бір-біріне өте қатты ұқсайды: бәрі де шындықты жақсы көреді, бірақ жалған сөйлеуге дайын тұрады; бәрі де білімге құштар, бірақ көп оқуға келгенде енжар; бәрі де бай болғысы келеді, бірақ желкесі жібермейтін жалқау.
Кім улайды?
Адамның санасын дін уламайды. Діншілмін деп дәудіреп жүрген дүмшелер улайды…
Ұяты бар сияқты
Өсек айтатындардың көбі сыбырлап сөйлейді, сыбыры бара-бара күбірге ұласады. Соған қарағанда өсекшілердің де аз-маз ұяты бар сияқты…
Антқа абай бол
Ант бергендердің бір бөлегін кейін ант атып жатады…
Сұмның сөзі
Параны өз қолыңмен емес, басқа біреудің қолы арқылы алу – ақиреттегі күнәңді жеңілдете ме екен?!
Ескерусіз ер
Атаулы жылдың өзінде оның есімі атаусыз қалды. Мерейлі жылдың өзінде ешкім оның мерейін бір де көтерген емес…
Тойдағы ұран
Сөйле, сөйле, сөйлей бер, биле, биле, билей бер…
Жұрдай болған тірлік
Көненің көзі деп көрсететін бірде-бір көнеміз қалған жоқ…
Сөзі жоқ сөйлегіш
Көп сөйлегенімен де, ел-халыққа дұрыстап айтар бір сөзі де жоқ…
Бұл да бір зауал
Басқара алмайтын адамдардан батпан құйрық басшылар көп тағайындалып жатыр…
Тығырық
Әңгіме көп, әрекет жоқ.
МАИ мен май
Қалада жан-жақтан көлік көбейген сайын, МАИ-лар майға отыра бастады…
Көкенің құдіреті
Көкесі бардың көлігін де тоқтата алмайсың…
Жаңа қауым
Жұмыс істеу дегеніміз – жиналыс жасау деп білетін жас шенеуніктер қауымы қалыптасып қалыпты…
Қым-қуыт тіршілік
Жиналыстан соң жиналыс… Кеңестен соң кеңес… Іс-шарадан соң іс-шара… Парадан соң пара…
Бір дорба медаль
Тағы да бір дорба медаль келіпті. Бір мықты мереке жақындап қалған жоқ па?
Ерғали АБДУЛЛА.
Арал қаласы
(Соңы. Басы өткен санда.)
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!