Ұқсау мен ұқсамау
Біреулер біреуге ұқсайтындығын мақтаныш тұтады. Біреулер өзінің ешкімге ұқсамайтындығын мақтаныш қылады.
Бақытты күй
Түбі бір келетінін білген жақсылықтарыңның кешіккені жақсы. Кешіккен сайын үмітің үзілмей күтіп, арман-қиялың жаныңды тербеп, балбыраған бақытты күй кешіп жүресің.
Тоқтам
Жер бетінде жұмақ жасаймыз деп ұрынып-соғынып қайтеміз. Ыстықта терлеп, суықта дірдектеп, ащыны ащылап, тұщыға тұшынып – бәріне көніп жүре берейік. Ал сөйтсек жұмақ дегеніңіз алдымызда дайын тұр емес пе?!
Тірлік заңы
Туғанында бәрі тең болады. Тірлікте біреу артық, біреу кем болады. Ажал келгенде баяғы теңдік қайта оралады.
Мақтау мен боқтау
Бір әкесі жақсы белгілі әулеттің балаларын жас кезінде жұрт мақтаудай-ақ мақтайтын. Кейін олар үлкен-кіші қызметке араласқан кезінде жұрт енді боқтаудай-ақ боқтайтын болды…
Кеш емес пе?
Ер жетсе де, есі кірмей жүр…
Бұзақыдан сақтан
Қызықтырып арбап көзіңді бұзса да, қасып сөйлеп шақ-шақ сөзіңді бұзса да, алдыңды тосып дорбақ жолыңды бұзса да, патша көңіліңдегі зор бақ – көрікті ойыңды бұзбасын.
Мықты жауап
Сұралмаған сұрақтарға берілген жауап – ең мықты жауап.
Айтпаса да түсінікті
Бұрынғы ботпанбайлардан бұл жолы да ешкім медаль, грамотасыз қалмаған екен. Ал ауылдағы боқ-тезек терген қитабандардан ешкім алмаған екен.
Тұғырға көтерген талғам
Жәудір көзі мөлдіреген сұлу арулардың қызмет бабында сондай биіктерге лезде көтеріле қалғанын көргенде, іс басындағы істік мойын жігіттердің жоғары талғамына әсте шек келтіре алмайтының рас.
Үйренгенбіз
Тойдың соңын жиналыс қылып үйрендік. Жиналыстың соңын тойға ұластыруды үйрендік.
Әділқазысыз
Түбінде әкімқаралардың бір ауыз «ұсынысы» бәрін шешетін болғандықтан байрақты байқауларға, айбынды айтыстарға кәделеп әділқазылар бекітудің керегі болмай қалған сияқты…
Тау қопарар талпыныс
Құрметсіздерге ең бірінші керегі құрмет екен. Сондықтан да құрметті атақтарды алуға деген талпынысы тау қопарады.
Болғаны не керек?
Талантты, бірақ білгені тайыз білімсіз. Ғалым, бірақ тағылым алмаған ілімсіз. Сұлу, бірақ сөйлеген сөзі сүйкімсіз.
Жеделдігі жоқ «жеделдер»
«Жедел жәрдем», «Жедел іздестіру бөлімі», «Жедел көмек» деген қызметтер «жедел» сөзінің қадірін әбден кетіріп отыр.
Сондай күн болса…
«Дауыс ұрлаушылар күні» де белгіленсе екен. Отыз жылдан бергі біраз «еңбек сіңірген» қалың беттерді мерекесімен құттықтап тұрар едік.
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!