Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

19.12.2024, 9:20 46

Тағдыр  қатал

Тасжүрек тағдыр кейде бейкүнә адамдарды да тасша лақтырады.

Ақындар

Бір ақындар биліктің шылауында жүр. Бір ақындар арақтың шырмауында жүр. Бір ақындар ордаңдаған  қалталылардың  шұлғауында  жүр.

Тасада  қалма!

Тасада бұқпантайлап жүрген тартыншақтардан тарпаң тұлғалар шықпақ емес…

Тойхана  ма,  малқора  ма?

Салтанаты сайлаулы сәнді де әйбат тойханаларға тарпаңдатып түйені, алшаңдатып атты, күдірейтіп қойды кіргізу сән болып бара жатыр. Содан да мәнжубас «малдар» қайда болса да малсыз отыра алмайтынын көресің…

Бір  апамыз  айтқан  екен

«Гала концерт дегенің – дала концерт екен ғой…».

Ізсіз  із

Өзі өз саласында жол салған ізашар болғанымен де, сол ізімен жүретін бірде-бір ізбасары жоқ екен.

Жамандар

Жаман ит қалай қарай  үрерін  білмейді. Жаман  кісі  кіммен  қалай  жүрерін  білмейді.

Өмірде

Томпаңдаған  қорқақ  көп,  томпақ кеуде батыр  аз…

Бар  болғаны  сол  дерсің…

Өмір – сұрақ. Өмір – сынақ. Өмір – жауап.

«Менсіз»  қасқаның  қылығы

Шұқымдай медаль үшін шұғылалы «менін» сатуға  бар.

Өзгерген  кейіп

Біздің жас шенеуніктердің жүріс-тұрысы, болмыс бітімі соңғы кезде сызылған, ызылған эстрада жұлдыздарына ұқсап қалған екен.

Отаршылдар  қаққан  сына

Қазақты қазақтан бездіру арқылы әбден құртып болды…

Қызғаншақ

Біреуге алда-жалда айта қалған бір-екі ауыз жылы сөзіңді, ыстық лепесіңді де көре алмай: «Осыны маған неге айтпайды?» деп іштей дықтанып отыратын қыл тұмсықтар да бар…

Ие  іздеген

Жұрттың көбі өзіне бір ие іздегендей, тірек іздегендей сабылады да жүреді. Ғайыптан та­йып ие табыла кетсе, табанын жалап табынады да қалады. Соған қарап көп жұрт құл көңілденіп бара жатқан жоқ па екен деп қалам…

Бір  парақорды  көргенде…

Заман өзгерсе, қоғам өзгерсе, заң өзгерсе, талап өзгерсе, шылымқорға темекіні қойдыру­ға, маскүнемге арақты қойдыруға, жалақорға домалақ арыз жазуды қойдыруға, жағымпазға жағынуды қойдыруға болады екен. Ал бір рет алып дәніккен парақорға қанша жерден өзгерістер боп жатса да, пара алуын қойдыра алмайды  екен-ақ…

Шайтан  өлер

Пенделердің көптің көзінен таса кезде, жасырын кезде істейтін қылуасын көрсе, ақ көз шайтандардың өздерінің жүректері табанда жарылып  өлер  еді…

Қоралы  жынды

Ел арасында қоралы жынды деген әулеттер болады. Ұлы әкесінен өтеді. Қызы шешесінен өтеді. Келіні енесінен өтеді… «Қой» дегенді қай тілде айтсаң да, құлағына ілмейді, құйрығына қыстырмайды. Бір «қырылып» алып алмай екпіндері басылмайды, қызулары түспейді, ауыздары  жабылмайды…

Ылаңшыл

Құрметті деген атақ-марапаттардың бәрін көзінен тізіп алып, енді «Мені неге құрмет­темейсіңдер?» деп, жоғары-төменге ылаңды салып-ақ  жүр.

Шыр

Дүниені там-тұмдап жинау бар да, дүниені қомпаңдап шашу бар. Осы екеуінің ортасындағы шек-шекараны ұстай білген адамның ғана  қалтасынан  пұл,  тірлігінен  шыр  үзілмейді.

Мимырт  тірлік

Қандай жап-жайлы болса да, бірсыдырғы, мимырт тірлік адамды кейде өлердей шаршатады.

Орта  таппаған

Тұлғалардың жанында емес, тобырлардың ортасында өмір сүру көп адамның кәнігі тірлігіне айналып кеткен…

Блогердің  сатым-саудасының  басы

«Сіздің бір ауыз сөзіңіз үшін постымды алып  тастадым. Әйтпесе…».

«Иә»  мен  «жоқ»

«Иә» дейтін жеріңді біл, «Жоқ» дейтін жеріңді біл. Осы екі сөзді ретімен айта білсең, өмірің  қалыпты  өтіп  жатады.

Не  жетсін!

Кейде сондай бір кез болады. Қатты-қатты айқайлағың келеді. Бірақ айналаңнан қысылып айқайлай алмайсың. Сол іші-бауырыңды солқылдатардай боп шықпаған ащы айқай ішіңде бұғып қалып, кеуіліңді пәс етіп, иініңді түсіріп жібереді. Шіркін, айқайлағың келген кезде жан-жағыңа қарамай дауысың жер жарып айқайлап-айқайлап алып, «Ай-хой!» дегенге не жетсін!

Есіткім  келеді

Депутаттыққа үміткерлердің «Халқым менің, қазағым менің» деген сөздерін есіткім келеді. Ал олар есіктен есікке кіріп, босағаларға қағаз жапсырудан артылмай жүр.

Аяқталмай  қалған  өлең

Кермек су бал татиды таңдайымда,

Пешенем жазылып тұр маңдайымда.

Алпыстың даңғылына түскенімше,

Адамның көріп өстім қандайын да…

Адамдар туралы, өмір туралы өлеңдер неге осылайша аяқталмай қалады екен? Әлде өмір туралы өлеңнің аяқталмағаны дұрыс па екен?!

(Жалғасы бар.)

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: