Бұл да – тарих!
Кейбіреулер Кеңес үкіметін ерекше жақсы көріп, әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Бұл заңды да! Өйткені, бүгінгі қоғамымызда болып жатқан, қанадан асып кеткен заңсыздық халықтың болашаққа деген үмітін үзіп барады. Бірақ, осы үмітсіздіктің бастауы сол келмеске кеткен кеңестік қоғамда болғанын екінің бірі біле бермейді. Кеңес үкіметінің қазақ халқының рухын сындырып, қолдан аштық-геноцид ұйымдастырып, зиялыларымызды түгелге жуығын қырып-жойып, генофонымызға үлкен нұсқан келтіргенін айтсақ, сол зұлым жүйенің мақтауға тұрарлық еш нәрсесі жоқ екендігін білеміз. Оның үстіне, қазақ мектептерін жаппай жаптырып, екі мәрте әліпбиімізді өзгертіп, жадымыздан айыру, тың игеруді желеу етіп, славян тектілерді тоғыту арқылы жергілікті ұлттың үлес салмағын азайтып, славян тектілердің үстемдігін орнатып, тілімізді түпкілікті жоюды мықтап қолға алғанын да естен шығармағанымыз жөн!
Ол ол ма?!.. Кеңес заманында арақпен сананы улағандар мен уланғандар туралы талай қасіретті оқиғаларды қалай тез ұмытамыз?!..
Айтпақшы, Кеңес заманында жұмысқа тұру, әділдік, пара алмау, жемқорлықсыз қоғам, заңдылық салтанат құрған сықылды көрінгенімен, ол қылмыстық жүйеде де билік білдіртпей, өз дегендеріне тоқтаусыз жұмыс істеп жатты. Тек бүгінгідей ашықтан-ашық, арсыздықпен жүзеге асып жатқан жоқ! Бар шындығы – осы!..
Мен бұл шындықтың құпиясын бүкпесіз білетінім, өз басымнан өткен мына бір оқиға санамнан кетпей-ақ қойды.
1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасынан бұрын Ақтөбе қаласындағы жатақханадағы орыс шовинистері арасындағы кикілжіңнен кейін, орыстар үстімнен арызданып, жағдайым күрт нашарлап, ауылға кеттім.
Содан бері жұмыссыз едім. Мінезім тік болған соң, күдіктілер қатарындамын. Күдіктіні ешкім жұмысқа алар емес. Оның үстіне ол кездің атқамінерлерінің түсінігі бойынша (қазірде де солай – Н.Ж.) мінезділер «бұзық» болып есептелінеді де, жолдарына бөгет жасап, билікке, лайықты жұмысқа жолатпайды. Сөйтіп екіұдай сенделіп жүргенімде, ауылға теміржол салатын әскерилер келді. Олар мені не істесін?! Содан бір жыл бос жүрдім. Келесі жылы, яғни 1988 жылдың көктемінде Еркін Нұржанұлының табандылығымен Арал қаласындағы «Приарал» совхозының орталығы Қамбашқа көшіріле бастады. Бірақ, мені құрылыс жұмысына қабылдамады. Есесіне, кіл «сен тұр, мен атайын», яғни мінездері «теріс» деп саналатын жігіттерді біріктіріп, тас шабатын бригада құрып, мені соған бригадир етіп бекітті.
Ақирек тауының жанынан шақыр тас қазып, оны шауып, көліктерге тиейтін болдық. Жұмыс қызып сала берді. Күнде таңертеңнен кара кешке дейін тас шабамыз. Небір темірден жасалған үлкен балға-куалдар тасқа шыдай алмай, морт-морт сынады. Осындайда қатындардың: «Құдайдан тауып құм арқала!», «Құдай бар болса, азаннан қара кешке дейін қара тас шап!» деген қарғыстарының қаншалықты шындық екеніне енді көзіміз жетті. Бірінен соң бірі жетіп кеп тұрған көліктер! Оларды тоқтатпау үшін қара тасты тоқпақтаймыз кеп!.. Жан шыдар емес! Бірақ, жігіттер жарады! Шыдады!.. Жан-жақтағы достарым: «Ау, Нұреке, не тірлік істеп жатырсың?» — деп сұраса, «Тас шауып жатырмын!» — деп жауап беремін. Жауабымды естіген достарым бұл хабарды әрқалай қабылдайды. Біреулері: «Әзілің қалмайды екен!» — деп кейістік білдірсе, енді біреулері: «Ха-ха-ха! Әзіл деп осыны айт!» — дейді, «әзіліме» қатты риза боп. Бірақ бәрін қабыстырып тұрған «тас шабуға» деген сенбестік пікір!
Тағы қайталаймын, Кеңес үкіметі тұсында да, қазірде де тамыр-танысың, ақшаң болмаса, өзіңе лайық жұмыс табыла бермесі анық-ты. Оны мен өмірлік тәжірибемнен білемін.
Ол кезде мен сырттай Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтының қазақ тілі факультетінде оқитынмын. Сол кездегі нұсқаулар бойынша үшінші курстан соң, мамандығыңа сай жұмыс істеуің керек. Әйтпесе, оқудан шығарыласың! Талап қатал!..
Содан сандалыс басталды. Оның алдында, «Желтоқсан» оқиғасына байланысты Қызылорда педагогикалық институтының мәжіліс залында сол кездегі облыс басшысы Е.Н.Әуелбековпен кездесу өтіп, сол жиында ауылымыздағы жұмыссыздық мәселесін қозғағанмын.
«Үмітсіз – шайтан!» деген, содан да үміттімін. Бірақ, бәрібір өзіме лайық жұмыс таптырар емес. Биліктегілер бір-біріне хабарласып қойған-ау! Қанша тырыссам да, еш нәтиже болар емес! Көріп-біліп жүрмін, дипломы жоқтар да лып етіп жұмысқа тұрып үлгеріп жатыр! Маған келгенде, дүние теріс айналып кеткендей!…
Қазақ атқамінерлерінен күдерімді әбден үздім. Ешқандай үміт қалмады. Енді қайда барамын?!…
Әбден тағатым таусылып, барар жер, басар тауым қалмаған соң, ақыры жағдайымды жақсылап баяндап, жоғарыға Мәскеуге, (ол кезде Кеңестер Одағының орталығы Мәскеу болатын. — Н.Ж.) «Правда» газетіне хат жолдағанмын. Хат, әрине, өте қатқыл жазылды!
Жылжып күндер, айлар өтіп жатты. Бір күні, жаздың ми қайнатар ыстық күнінде, түс мезгілінде тас шауып келіп, дем алып жатқанымда, үйге ауылдық кеңесте хатшы болып істейтін Орай ініміздің қарындасы келіп тұр! Енді көзім ілініп бара жатыр екен.
— Сізді Амангелді ағай шақырып жатыр!… «Тез келсін, өте тығыз шаруа болып тұр!» деп жатыр. Ағай, тездетіңіз!… — дейді аптығып.
Бұл бұйрықты естігенде, қаным басыма шапты. Дереу қырсықтым да қалдым.
— Мен жұмыстағы адаммын. Тас шауып келіп, дем алып жатырмын. Олар сынды көлеңкеде ерігіп жүргенім жоқ! Шаруасы болса, өзі келсін!… Бар, солай айт! — деп сәлемімді айтып жібердім.
Тағы да көзім ілініп кеткен екен. Біреу ыңырсығандай болды. Шошып ояндым. Көзімді ашып алсам, баяғы хатшы қыз:
— Аға, мені тағы жіберді. Ең болмаса, мен үшін барыңызшы! — деп жалынып тұр. «Қой, қыздан ұятты!» деп бардым. Барсам, ауылнайда өң жоқ, түр жоқ! Қалтырап-дірілдеп:
— Сен Москваға жұмыс сұрап хат жаздың ба?!… Биыл институттың үшінші курсын бітіріп пе едің?! — деп бетіме бажырая қарайды. Мұны естігенде, «Осы ауылнай ауырып тұр ма, әлде мазақ қып тұр ма?!» деп бетіне бажайлай қарадым. Жоқ, әзілдеп тұрмаған секілді. Сөйтсем, «Москва!» дегенде, зәре-құты қашып тұр екен-ау! Орыс дегенде бұтына жіберетін сорлылар, қазақ десе, қасқырланып шыға келетін біздің биліктің екіжүзділерінің жағдайы белгілі боп қалды.
— Сен оны неге қайта-қайта сұрай бересің?!… Күні кеше ғана конторыңа келіп, жағдайымды айтып кеттім ғой! Әлде мені мазақ қып тұрсың ба?!
Ол маған жауап қатпастан, жалма-жан телефонды алып, Аралға хабарласа бастады.
Жаман орысшасымен ар жақтан біреумен сөйлесіп жатты. Шамасы, ар жағындағысы орыс-ау! Екі көзі алақандай болған ауылнай сөйлесіп болды да, маған бұрылып:
— Ертең Аралға әкімшілікке бар. Сені аудан басшысының орынбасары Г.Гордеева күтіп отыр. Жұмыс жайында… — дегені.
Көкірегімде үміт оты жарқ етіп жана бастады. «Иә, Құдай! Жыртық үйдің де Құдайы бар!» деген рас екен-ау!…
Ертеңіне Аралға, әкімшілікке жетіп бардым. Аудан басшысының орынбасары өте салқын қабылдады. Біраз уақыт есіктің алдына күттіріп қойды. Бір кезде аудандық білім бөлімінің бастығы Алматбай Жалмаханов келіп, ішке кірді. Шамалыдан соң, мен де шақырылдым.
Ішке кірсем, Гордеева төрде отыр. Алматбай ағамыз оң жақта, мен сол жаққа келіп жайғастым. Алматбай ағамызды сырттай білгенім болмаса, бетпе-бет кездеспеген адамым, яғни танымаймын.
Мен кіргеннен Алматбай ағамыз жаман орысшасымен дүрсе қоя берді. Гордеева үнсіз тыңдап отыр. Бір кезде Алматбай ағамыз шабалаңдай бастады. Қояр емес! Қыза келе: «Бұл нағыз баскесер! Бандит!…» деп айқайға басты.
Жағдайдың бұлайша қалыптасуы, бұрын-соңды танымайтын адамның маған аяқ асты теріс баға беріп тастауы, менің де қан қысымымды көтеріп жіберді. Мен де жаман орысшаммен:
— Мені бұрын-соңды танымайсыз! Тіпті көрген де жоқсыз! Көрмей-білмей қалай баға беріп тұрсыз?! Әлде маңдайыма «Бандит!» деп жазып қойып па?! — деп ашуға иек бердім. Шамасы, бұлай айтуына «Правда» газетіне жолдаған хаттағы қатқыл сөздер немесе ауылдағы жалбақай шалдардың өсек әңгімелерінің әсері болса керек. Өйткені, «Правда» газетіне жолдаған мақалам Гордееваның алдында жатыр екен. Сондықтан, ол мақаланы оқымауы мүмкін емес. Ал, шалдардың өсектеуі ауылға концерт қоюға келген орыстардың жүгенсіздігі мен теміржол салуға келген әскерилердің озбырлықтарына қарсы шыққанымды «бұзақылыққа» балаған намыссыздардың ісі-ау!…
Екеумізді мұқият тыңдап отырған Гордеева орнынан ұшып тұрып, басу айта бастады.
— Өзіңіз болашақ ұстазсыз, сабырлы болыңыз!..
— Мені бұрын көрмей-білмей, танымай, қалай «Бандит!» деп атайды. Түсініксіз!… Ашуланбас едім, талай дипломсыз, ешқандай құжатсыз мектепке жұмысқа тұрып жатқандарды білемін, — дедім.
Айтқаныма мысал келтіруімді сұрады. Бұл менің көптен зерттеп жүрген тақырыбым ғой! Сол бойда тізбектеп тұрып айтып бердім. Гордеева Алматбай ағама қарады. Алматбай ағам сөз таба алмай төмен қарап кетті. Сол кезде Гордеева Алматбай ағама қарап:
— Мына жігітке жұмыс тауып бер! — деп бұйырды. Алматбай ағам да көп ойланған жоқ: «Атаншиге барасың!» — деді. Мен қуанып кетіп: «Атаншидің» ар жағында ел болса, мені соған жіберіңіз! Соған да барамын», — дедім. («Атанши» — Арал ауданының шығыс жақ бетіндегі ең шалғай елді мекені. —Н.Ж.) Біз осылайша ымыраға келістік. Гордеева маған: «Тоқтай тұр!»-деп кідірітті де, Алматбай ағам шығып кеткен соң: «Сіз қазақсыз ба?» — деп сұрақты төтесінен қойды. Мен таңдана: «Иә!» деп жауап бердім.
— Мен бұл қызметте бірталай уақыттан бері жүрмін. Талай қазақты көрдім. Қызмет сұрап келеді, басқадай шаруамен келеді. Бірақ сіздей мінез көрсетіп келгені жоқ! Өмірімде сіздей қазақты бірінші көруім!
Гордеева осыны айтты да, басын шайқады. Мен де басымды шайқадым.
— Бұл мүмкін! Өйткені, нағыз қазақ жағымпазданып келмейді. Көрмей жүрген себебіңіз де осыдан шығар! Мен де келмейін деп едім. Барар жерім, басар тауым қалмады. Қазір тас шауып, күн көріп жүрмін. Қалса, бөтелке жинап, нанпұл табамын. Оқудан да шығып қалатын түрім бар. Егер менің орнымда қыз бала болса, мына бюрократтар не істер еді?! — дегенімде, Гордеева қобалжып кетті-ау, орнынан тұрып, сенделе бастады. Сосын маған қарап: «29 тамыз күні, тура маған кел!» — деді.
Мен қоштасып шығып кеттім. Ауылға келсем, «Правда» газетінен жауап хат келіп тұр екен. Хатта былай деп жазылыпты: «Редакция газеты «Правда» 125867. ГСП. Москва. А-137. Ул. «Правда» 24. Телефон 250-52-29
Тов. Жусупов!
Ваше письмо направлено в Кзыл-Ординский обком КП Казахстана. О результатах рассмотрения просили сообщить Вам.
Отдел писем Н.Полянская
14 март. 1988 год.
57037-121» деп қол қойыпты.
14 наурыз 1988 жылы жазылған жауап хаттың екі ортада қаңғып, шілденің ортасына дейін жүруіне қарағанда, бюрократтар мені жұмысқа алуға өте құлықсыз болған-ау! Әйтеуір, Мәскеудің тілдей қағазының құдіреті мен орыс қатынның қаһарынан қаймыққан бюрократтардың ісі екені айдан анық еді.
Уақыт шіркін жүйрік қой!…
Жылжып өте берді… Гордеева шақырған межелі уақыт та келіп жетті. Жұмысқа тұрарыма бек сенімдімін. Әкімшіліктің екінші қабатына ептеп көтеріліп келемін. Іштей аздап қобалжу бар. Гордееваның кабинетінен шәңкілдеген орысша дауыстар шығады. Дауыс тым ащы!… Ал, Гордееваның дауысы мүлде естілмейді. «Тірі ме өзі?!» Сыртта күтіп тұрмын. Жуық арада естілмейтіндей!… Шыдай алмадым. Дереу төменге, бірінші қабатқа түсіп, Алматбай ағамның кабинетінің алдында кезегімді күтіп тұрмын. Кезегім келді. Іштей «Бісмілләмді» айтып, кабинетіне кіріп бардым. Мені көрді де, сәлемімді алған жоқ. Бірден: «Кет!» деп ақырды. Мен түкке түсінбей қалдым да, дереу сыртқа шығып кеттім. Шамалы тұрған соң, есім жиналып, қаным бұрқ етіп басыма шауып, кабинетке қайта кірдім.
— Аға, не дедіңіз?! Түсінбей қалдым! — дедім ашудан дауысым дірілдеп. Бір қарасам, қолым Алматбай ағамның алдында тұрған темекінің ауыр күл салғышын ұстап тұр екенмін. Ойым бұзылып кетті. Алматбай ағам да бірдеңені сезді-ау!… Дереу дауысын өзгеріп: «Ертең кел! Қосжарға барасың!» — деді. Мұны естігенде, ашудан өзіме-өзім әрең келіп: «Жарайды!» — деп шығып кеттім. Бірақ көңілде күдік қалды. Сенер-сенбесімді білмеймін. Ертеңіне барсам, рас екен. Сөйтіп, Атаншиге барам ба деп жүргенде, табан асты ауыл іргесіндегі Қосжар елді мекеніне мұғалім боп баратын болдым.
«Мені қолдаған Гордеева деген орыс қатын қайда?!» деп іздеп барсам, ол әскеридің қатыны екен, әлдеқашан қызметін ауыстырып, Ресейге көшіп кетіпті. Орнына келген Марченко деген шаңқылдаған бір қатын келіпті. Әлгінде шәңкілдеп шығып жатқан ащы дауыс та соныкі болып шықты. Алматбай ағамыздың аяқ асты күш алып жүргені де, сол менің қолдаушым басқа жаққа ауысып кеткеннен екен.
Не де болса, Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, «Менің «жындылығымның» арқасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі боп кетті», демекші, менің «жындылығымның» арқасында, мектепке осылайша мұғалім боп кеттім.
Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы,
Қамбаш ауылы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!