Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің өзегі

09.02.2026, 17:00 70

Мемлекеттік тіл – кез келген тәуелсіз елдің рухани тірегі, ұлттық болмысының айнасы. Қазақстан үшін қазақ тілі қатынас құралы ретінде ғана есептелмейді, мемлекеттіліктің, тарихи сабақтастықтың және қоғамдық тұтастықтың басты кепілі іспетті. Осы тұрғыда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру әрбір мемлекеттік қызметкердің кәсіби әрі азаматтық борышы деуге болады.

Бүгінде қазақ тілі Конституциямен бекітілген мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Бұл – заңдық норма және ел дамуының стратегиялық бағыты. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтатыны анық.

Мемлекеттік қызмет саласында тіл мәселесі айрықша маңызға ие. Себебі, халықпен тікелей жұмыс істейтін, шешім қабылдайтын, ресми құжат айналымын жүргізетін негізгі институт – мемлекеттік аппарат. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі – кәсіби біліктіліктің ажырамас бөлігі. Құжаттың сауатты жазылуы, азаматтың өтінішіне нақты әрі түсінікті жауап берілуі, ресми кездесулердегі тіл мәдениеті – барлығы да мемлекеттік тілдің беделін қалыптастырады.

Соңғы жылдары қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік мекемелерде ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу біртіндеп қалыпты тәжірибеге айналды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыретін арттыруға арналған оқыту курстары, семинарлар мен әдістемелік қолдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Мемлекеттік тілдің дамуы – тек заңмен немесе міндеттеумен шешілетін мәселе емес. Ол – ішкі жауапкершілік пен саналы таңдауға байланысты. Мемлекеттік қызметкер қазақ тілінде сөйлеп, жазып, ойлай алғанда ғана тілдің шынайы өміршеңдігі артады. Тілге деген құрмет қызметтік міндеттен басталып, жеке ұстанымға айналуы тиіс.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің дамуы қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулыққа да қызмет етеді. Қазақ тілі – Қазақстанды мекендейтін барлық этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылық. Мемлекеттік тілді меңгеру – бір ұлтқа емес, бір елге қызмет ету деген сөз. Бұл ұстаным азаматтық бірегейлікті нығайтып, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық тілдің бәсекеге қабілетті болуы да аса маңызды. Қазақ тілі ғылымда, білімде, цифрлық технологияда, медиа кеңістікте толыққанды қолданылуы қажет. Мемлекеттік қызметкерлер бұл үдерістің алдыңғы шебінде болуы тиіс. Себебі, тілдің күнделікті қолданысы нақты әрекеттен басталады.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Бас маман-сот отырысының хатшысы А.Ә.Жанұзақов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: