Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік рәміздердің авторлары кімдер?

04.06.2023, 18:03 3455

HALYQLINE.KZ

4 маусым – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңның қабылданған күні. Яғни, 2007 жылдың 4 маусым күні Мемлекеттік ту, Елтаңба және Әнұранымыз бекітілді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Мемлекеттік рәміздеріміздің ішінде әнұранымыздың тарихы өте қызық (бұрынғысы да солай болатын – авт). Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің авторларына үшінші автор қосылып кетті. Оған үшінші автордың мәтінді өзгеріске ұшыратуы себеп болған.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламенті Мемлекеттік гимннің бұрынғы нұсқасын алып тастап, жаңасын бекітті. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Құрамында Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы, Тоқтар Әубәкіров, Серік Қонақбаев сынды беделді депутаттарымыз (үшінші шақырылымдағы – авт.) өзгерткен 2006 жылға дейінгі әнұран мәтіні төмендегідей.

Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.

Қайырмасы:
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты – халықта,
Халықтың қуаты – бірлікте!

Ардақтап анасын, құрметтеп данасын,
Бауырға басқанбыз баршаның баласын.
Татулық, достықтың киелі бесігі
Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!

Қайырмасы          

Талайды өткердік, өткенге салауат,
Келешек ғажайып, келешек ғаламат!
Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз,
Ерлікте, елдікте ұрпаққа аманат!

Әні: Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди (Тәуелсіздікке дейін болған музыка өзгеріссіз қалды – авт.)

Сөзі: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева

Төмендегі видеода «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы бар. Онда терістіктегі 5 облысты «Целинйи край» қылып, елімізден бөліп алу қаупінен туғандығы баяндалады.

Бұл күндері қазақ қоғамында әнұранның үшінші авторы мен өзгеріске ұшыраған сөзіне қарсы түрлі пікір алуандығы бар. Десе де оны қайтадан өзгерту немесе орнында қалдыру тек заң тәртібімен ғана жүзеге асады.

Жасұлан Наурызәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: