Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп түлектерінің тағылымға толы 40 жылдық кездесуі

30.05.2025, 11:15 889

HALYQLINE.KZ

Соңғы қоңырау бұл мектеп бітіруші түлектер үшін ғана қуанышты күн емес, 20-30-40-50 жыл бұрын мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып» шыққан түлектер үшін де бас қосатын күнге айналды. Басқосу 1-2 күн болса да, алаңсыз балалық шақты және ұстаздарын еске түсіретін тәлім-тәрбиеге толы іс-шараға айналды. Осындай ғибратқа толы басқосуды Сырдария ауданы Айдарлы ауылындағы Аманкелді Иманов атындағы №139 мектептің 1985 жылы бітірген түлектері үйымдастырған болатын. Сол 1985 жылы мектепті екі сынып 63 оқушы бітірген болатын, сынып жетекшілері Сейсенәлиева Нағима, Нұров Бақыт, Тәженова Жәмила, Бодықова Бибайша, пән мұғалімдері Қожанов Төлеген, Құлымбетов Тынымқұл, Сейдахметов Сұлтанбай, Башенова Жолдыбике болды.

1984 жылы 9-сыныпты бітіргенде бәрінің арманы келесі жылы, сол кезде салынып болған, тек ішкі ағымдағы жұмыстары баяу жүріп жатқан жаңа мектептен бітіргісі келген болатын. «Комсомолдар жас қайраты елімнің» деген әніндей жалындаған жастар, өздерінің келесі жылы жаңа мектептен бітіргісі келетінін сол кездегі мектеп директоры Ыдырысхан Торғаевқа айтты. Директор 9-сыныпты бітірген соң бір ай еңбек практикасынан артық оқушыларды жұмсауды заң көтермейтінін білсе де, тәуекелге барып оқушыларға рұқсат берді, бірақ оқу үлгерімі төмендеп кетпесін деп шарт қойды. Содан түске дейін сабақта оқып, түстен кейін екі сынып оқушылары жаңа мектеп ғимаратының ішкі әктеу, сырлау, парталар мен шкафтарды, құрал жабдықтарды тасу, т.б. жұмыстарын істеп, 1985 жылы қаңтар айында үшінші тоқсанды жаңа мектеп ғимаратында бастады.

2025 жылдың 23 мамырындағы Айдарлы ауылындағы мектептің соңғы қоңырауына:

«Сыныптастар, сыныптас, атың қандай,

Күндеріміз қайда қалды шекер-балдай?

Сыныптас достарымыз келді міне,

40 жылдық кездесуге күлім қағып»деп қатысып, жас түлектерге сәт-сапар тіледі.

Одан әрі 1985 жылы мектеп бітірген кездегі директоры болған әрі математика пән мұғалімі Ыдырысхан Торғаев атындағы математика кабинетін көруден бастады. Кабинет меңгерушісі, жас маман, математика пәні мұғалімі Ерсұлтан Шайхсаламов бұл кабинет 2024 жылы Ыдырысхан ағайдың ұрпақтарының демеушілігімен ашылып, интерактивті тақта, жаңа парталар мен оқу құрал-жабдықтарын, терезеге жалюз тағы басқа заттарға демеушілік жасағанын айтып өтті. Осы кабинетте «Алтын ұя білімі – кемел шақтың негізі» атты кездесуге жалғасып, ортаға сынып жетекшісі Бодықова Бибайша апайларын алып, мектеп түлектері өздерінің қол жеткізген жетістіктерін, ұстаздарына алғыс айтып, ұстаз атындағы кабинетке түрлі-түсті принтерді сыйға тартты. Осы принтерден алғашқы өнімі мектеп бітірушілердің 40 жылдығына арналған күнтізбек шығарып таратылды. Ы.Торғаев атындағы математика кабинетіндегі кездесуді «Армандастар» әнімен аяқтады.

Осыдан соң Айдарлы ауылындағы балабақшасына ойыншықтар, 1999 жылғы науқасқа шалдыққан ауыл тұрғынына емделуі үшін 100 мың теңге тапсырды. Ауылдағы мешітте осы күнге жете алмаған сыныптастары Ақпейілов Нұрмантай, Оспанов Қайрат, Каренеев Кенжебай және марқұм болған ұстаздарына құран аяттарын бағыштап, мешіттің сыртқы жөндеу жұмыстарына демеушілік жасады. Алғашқы ұстазы марқұм Нағима Сейсеналиваның балалары 40 жылдыққа келген мектеп түлектерін отбасына қонақ болуға шақырып,  аналарына құран аяттарын бағыштады.

Кешкілік Айдарлы ауылындағы Сүлейбеков Жалғасбек пен Фатиманың шаңырағында бас қосты. Отырыста сырттан келген сыныптастар ауыл тіршілігінен хабардар болып, өткен қызықты балалық шағы туралы әңгіме-дүкен құрды.

Келесі күні кездесудің жалғасы Қызылорда қаласындағы «Бақ-Сарай» тойханасында ақ дастарқанда жалғасты, бұл кездесу де ұлттық нақышта өтті. Арқан тартысып, ләңгі теуіп, асық атып жарысты. Сыныптағы күйеулері қайтыс болған қыздарға да құрмет көрсетілді.

Кездесуге алыс елді мекендерде тұрса да, келген қыздарымызды ерекше айтқым келеді. Олар: Астана қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Гүлжанат Әбдраманова, облыстық медициналық орталықтың терапия бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Искакова, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы университетінің профессоры, дінтанушы Досай Кенжетаев, зерттеуші педагог, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Нәйла Торғаева, мектеп директорының орынбасары Шара Рахменова, ЖЭО-тың жетекші инженері Чапай Шамахов, осылай жалғастыра беруге болады.

1968 жылы дүниеге келген қыздар мен жігіттер 1985 жылы мектеп бітіргеннен кейін, қиын-қыстау кез күтіп тұрғанын білген жоқ. Жоспарлы экономикаға негізделген кеңес одағы ыдырап, колхоз, совхоз таратылып, мекемелер жабылып, «әйел еріне қарағанда, ері жерге қараған заман» болды. Осы кезде «қолы қимылдағанның ауызы қимылдайды» деген сөздің босқа айтылмағаны дұрыс екен, жерге егін егіп, мал бағумен айналысқан Сулейбеков Жалғасбек, Мырзанов Нартай, Молдыраймов Дәулет – қазір белгілі кәсіпкерлер. Ерлерден қалыспаған қыздар да болды Қалдан Абнасирова жарты жылдап жалақы бермегесін, балабақшасындағы жұмысын тастап, саудаға ден қойып, кейінен дүкен ашып алды.

Қанша қиын-қыстау кезең болса да, көп бала туған қыздары да баршылық болып шықты. Сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде арқадағы қазақтар жаудан қашып оңтүстікке ауып бара жатқанда, арқасына бесігін таңып алған аяғы ауыр бір жас келіншекті көргенде Төле бидің қасындағы жас жігіт күліп жіберіп: «Бесік орнына жейтін тамағын арқаламай ма?» дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген екен. Сондай қиын-қыстау кезінде де дүниеге көп баланы әкеліп, «Күміс алқа» иегері атанған Қалдан Абнасированы, Гүлмира Тайғараева, Гүлсім Оржанова, Бақыткүл Қауғанбаеваны атап көрсетіп, оларды «көпбалалы ана» номинациясымен марапаттады. Сондай-ақ сыныптың ең білімді қызы, ең сұлу қызы, ең ақылды қызы, ең биші қызы, т.б. номинациялар өз иесін тауып жатты.

Күннің атуы мен батуы болатындай тойханадағы кеш те аяқталар сәтте бір-бірін қимай қоштасып, осы кездесуді ұйымдастырған Нәйла Торғаеваға, Гүлбану Искаковаға, Чапай Шамаховқа, Шолпан Бековаға, Дүйсенәлі Ақылтаевқа, Сұлтан Әнепияевқа рақмет айтып, алдағы уақытта да осындай кездесуді ұйымдастыруды тапсырып жатты.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

ҚР Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: