Әр жыл сайын Құрбан айт мерекесі қарсаңында қой бағасының қымбаттап кететіні әдетке айналған. Саудагерлер жылына бір келетін мерекеде біраз пайда табуды көздесе, алушылар бағаның тұрақты еместігін, тіпті қасапшылардың ақылы қызметінің де өсіп кететіні туралы айтып келеді. Мұны қадағалаушы органдар ретке келтіре алмайды. Айтуларынша, олар сойылған етке ғана бақылау жасай алады.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпенов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында құрбандыққа шалатын мал мен оны сатушы адамның ынсабы туралы сөз қозғады.
– Құрбан айт күні малды сатушы адам алушыға қиындық жасамай, барынша қолдау білдірсе, оның берекесі болады. Сондықтан құрбандық кезінде мал саудасында жүрген адамдарға барынша сауап алып қалуға тырысыңыздар деп айтар едім. Сатушы адам да шалынған құрбандықтың сауабына серік бола алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылды Ислам және ізгі қоғам жылы деп жариялады. Сондықтан бәріміз өзімізді ізгілікке тәрбиелесек дер едім. Мал сатушы адам, малды сатып алушы адам, құрбан шалушы адам, құрбандыққа етін беретін адам, тіпті етті құрбандықтан алатын адамдар да ізгілікті ұстанса жөн, – деді мүфти.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!